Кітаппен өрілген келешек

Выпуск - №22(718)   :   05.06.2026
555

1

Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың дүниетанымын кеңейтуде кітаптың орны ерекше. Осы орайда «Адал азамат» бағдарламасы аясында қолға алынған «Балалар кітапханасы» жобасының маңызы зор.

Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұрасы, білім мен тәрбиенің сарқылмас қайнар көзі. Сондықтан жас ұрпақты кітаппен дос болуға баулу – бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатты көздеген бастама мектебімізде кең қанат жайып, әдемі дәстүрге айналып үлгерді. Мәселен, жоба аясында әр аптаның сәрсенбісі «Кітап оқитын күн» болып жарияланды. Бұл ерекше күн оқушылардың кітапқа деген құштарлығын арттырып қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етуде.
Жоба шеңберінде білім алушылар жас ерекшеліктеріне сай көркем әдебиеттермен, ғылыми-танымдық еңбектермен, тарихи шығармалармен және тәрбиелік мәні зор кітаптармен толықтай қамтылды. Бастауыш сыныптың бүлдіршіндері сиқырлы ертегілер әлемі мен балалар әдебиетін қызыға парақтаса, жоғары сыныптың білім алушылары әлем және қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларына ерекше ықылас танытып жүр. Әсіресе, оқушылардың отаншылдық сезімін ояту мақсатында төл қаламгерлеріміздің шығармаларын оқуға басымдық берілді.
Апта сайын кітап оқу сағаттарында оқушылар өзара ой бөлісіп, кейіпкерлердің іс-әрекетіне талдау жасайды, оқыған кітабынан алған әсерлерін ортаға салады. Мұндай тұрақты талқылаулар балалардың сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, еркін пікір айтуына, ой-пікірін жүйелі жеткізе білуіне жол ашты. Ал әдеби кейіпкерлердің болмысын саралау арқылы балалардың бойында адамгершілік, мейірімділік, адалдық пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттер орныға бастады. Расында, әрбір кітап – тұнып тұрған тағылым. Оқушылар шығармалар арқылы жақсылық пен жамандықты ажыратып, өмірді тануға қадам басады.
Бүгінгі цифрлық технология дамыған заманда баланың кітапқа деген қызығушылығын сақтап қалу – оңай шаруа емес. Смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелділік артқан кезеңде кітаптың құндылығын түсіндіру – ұстаздар мен ата-аналардың ортақ міндеті. Осы бағытта мектеп ұжымы жүйелі жұмыстар жүргізіп, сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері жастарды ынталандырудың ең тиімді әдіс-тәсілдерін қолданып келеді. Ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – деп бекер айтпаса керек.
Жобаның ең үлкен жемісі – оқушылардың ішкі ынтасының оянуы. Бұрын тек бағдарламалық оқулықтармен шектелетін балалар бұл күнде қосымша әдебиеттерге мойын бұрып, өз еркімен кітапхана есігін айқара ашатын болды. Оқыған шығармасы бойынша пікір алмасып, бір-біріне кітап ұсыну мәдениетін қалыптастырды. Сондай-ақ кітап оқу оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға тікелей ықпал етуде. Мәтінді терең түсіну, негізгі ойды дөп басу, ақпаратты саралау мен талдау дағдылары дәл осы кітап арқылы жетіледі. Ал бұл дағдылар баланың барлық пән бойынша білім сапасының артуына әсер ететіні сөзсіз.
«Балалар кітапханасы» жобасы – жас ұрпақтың рухани өсуіне бағытталған маңызды бастама. Кітап оқуды өмір салтына айналдырған саналы ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі. Ендеше, жас өрендерді кітаппен достастыру жолындағы жүйелі жұмыстар ешқашан толастамақ емес.

Қаламқас ДУЛЫБАЕВА,
Мемлекеттік тілде оқытатын А.Байтұрсынұлы атындағы
жалпы білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі,
Қостанай ауданы

Реклама

Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.