Үстіміздегі оқу жылы қостанайлық өрендер үшін қос қуанышпен басталды. Қаламызда жобалық қуаты 900 орынды құрайтын екі мектеп ашылды. Бірі Аэропорт шағын ауданындағы №29 аралас мектеп, ендігісі күні кеше қолданысқа берілген қазақ тілінде оқытатын №28 мектеп-гимназия.
Қысқа мерзім ішінде – небәрі үш айда құрылыс жұмыстары аяқталған (құрылыс жұмыстары шілде айының 17-сінде басталды) жаңа мектеп-гимназия білім нәрімен сусындауға деген құлшынысы жоғары оқушылар және педагогтер қауымына есігін айқара ашты. Аталмыш білім ордасының жабдықтау және жөндеу жұмыстарына бас-аяғы 250 миллион теңге жұмсалған. Оның 90 миллионы демеушілер есебінен қаржыландырылса, қалғаны мемлекет тарапынан бөлінген. Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының мамандары арнайы қатысты.
– Бүгінде қаламызда мемлекеттік тілде оқытатын 6 мектеп бар. Оның ішінде өзінің жетістіктерімен, жоғары білім деңгейімен танымал Сырбай Мәуленов атындағы гимназияны мақтанышпен айта аламыз. Қостанай қаласында балаларды бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін қазақ тілінде оқытатын тағы бір мектеп ашу қажеттілігі туындағанына біраз болды. Сондықтан, жаз айларында қыруар жұмыс атқарылды. №28 мектеп-гимназияның жөндеу жұмыстары толық аяқталып, химия, физика, биология және робототехника кабинеттерін жарақтандыруға қаржы бөлінді. Сондай-ақ сыныптарда жаңа жиһаз, асханалық, музыкалық, спорт жабдықтары орнатылды. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды, әлі де ауланы абаттандыру, көлік тұрағын ашу сынды шаруалар бар, – деді Қайрат Ахметов.
Артынша сөзін жалғап, Қостанай қаласының 140 жылдық мерейтойы шеңберінде, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен философ Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу қарсаңында жұмысын бастап жатқан қазақ мектеп-гимназиясының бағыты айқын, ұстаздары еңбекқор, шәкірттері қабілетті болатынына сенім білдірді. Жиында сөз алған елімізге белгілі ақын, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхмет оқушыларға батасын беріп, қазақ тілінің мәртебесін арттыра берулеріне тілектестік білдірді. Ал, ата-аналар тарапынан сөз алған Қыдырбек Қиысхан оқушылар мен ұстаздар қауымын қазақ тілінде білім беретін жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, №28 мектеп-гимназияға қоғам қайраткері Елдес Омаровтың есімін беру жайлы ұсыныс жасады.
Мектептің жобалық қуаты 900 оқушыны құрағанмен, бүгінде қабылданған оқушылардың саны – 477. Оның ішінде: мектепалды даярлық сыныбында – 38, 1 мен 4-сынып аралығында – 149, 5 пен 9-сынып аралығында – 241, ал 10-11 сыныптарда – 49 оқушы білім алуда. Жаңа мектепке қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы №5 орта мектеп пен №5 А мектеп-гимназиясының қазақ сыныптарының оқушылары көшірілген. Өз сөзінде қала әкімі жаңа білім ордасы «мектеп-гимназия» мәртебесіне ие болғандықтан, оның білім деңгейі мен ұстаздарының кәсіби шеберлігі де соған сай болуы керектігін атап өтті. Бүгінде балалардың сапалы білім алып, дүниеде «бір кірпіш болып қалануларына» бағыт беруге әзір 41 педагог қызметтеріне «білек сыбана» кірісіп те кеткен. Олардың алтауы білім саласында қызмет жолын енді бастап жатқан жас мамандар. Бұл туралы бізбен әңгімесінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбастары Тұрар Қайырбек атап өтті.
Жалпы, аталмыш ғимараттың тарихы әріден бастау алады. Сонау 1980 жылы бой көтерген онда соңғы рет кәсіптік лицей болған. Құрылыс жұмыстары аясында мектеп-гимназия ретінде ашылған білім ордасының жылу, ыстық пен суық су беру жүйесі толықтай алмастырылған. Салтанатты ашылу рәсімінен соң, қала әкімі мен бір топ зиялы қауым өкілдері білім ордасының ішін аралап өтті. Қажетті құралдармен жабдықталған робот техникасы және екі информатика кабинетіне барып, ондағы арнайы техникалық жабдықтармен, оқушыларға жасалған мүмкіндіктермен танысты.
Мектептегі робот техникасы үйірмесіне әзірге 8-9 сыныпта оқитын 15 бала қатысуда. Олар заман талабына сай пайда болған бұл салаға қызығушылық танытып, өздерінің алғашқы роботтарын да жасап шығарған.
– Бүгінде робот техникасы кабинетінде 3 робот бар. Шәкірттерім оларды арнайы бөлшектерден өздері құрастырып шығарды. Артынша әрқайсысына арнайы бағдарламаларды орнатты. Түс датчигінің көмегімен олар бекітілген тапсырмаларды орындайды. Бұл саламен айналысуға енді ғана кіріскендіктен, жетіспейтін құралдарды айта алмаймын. Әзірге робот техникасымен айналысуға қажетті барлық нәрселер бар. Бұл саламен айналысу оқушыларға өте ұнайды. Өзімнің де қызығушылығым жоғары. Алдағы уақытта облыс көлемінде өткізілетін арнайы робожарыстарға қатысып, бақ сынайтын боламыз, – дейді информатика пәнінің мұғалімі Жанар Шажабаева.
Одан бөлек, оқушылардың тиімді білім алулары үшін мектепте 10 интерактивті тақта, соңғы үлгідегі инновациялық технологиялармен жабдықталған биология, физика, химия кабинеттері, спорт залы, акт залы, кітапхана қарастырылған. Ал, үзіліс уақытында ауқаттанып аламын деушілерге күні бойына жұмыс істеп, екі мезгіл ыстық тағамдармен қамтамасыз ететін асхана бар. Жаңа мектептің асханасына жұмысқа орналасқан Айсұлу Ержанованың қуанышында шек жоқ.
Асхана ханшайымы Айсұлу Ержанова
– Асхана 160 орынға қамтылған. Балаларға тиісінше күнделікті екі мезгіл ас әзірленеді. Ыстық тамақ, тәтті тоқаштар, шәй, компот – бәрі бар. Балалардың денсаулықтары біздің қызметімізді дұрыс атқарғандығымызға байланысты ғой. Бұл жауапкершілікті терең сезініп, жұмысқа тиянақты кірісіп те кеттік, – дейді ол. Адам табиғи қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін асханаға баратын болса, рухани нәр алып, санасын білім нәрімен толтыру мақсатында кітапханаға барады.
Кітапхана меңгерушісі Зәуре Стихеева
– Мектеп кітапханасында бүгінде жалпы соммасы 8,5 миллион теңгені құрайтын 14 мың 400 дана кітап бар. Оның ішінде ертегілер, әдеби кітаптар мен тарихи кітаптар да бар. Барлығы да Бауыржан Момышұлы атындағы №5 орта мектеп пен №5 А мектеп-гимназиясынан ауыстырылған қазақ тіліндегі кітаптар. Білімнің таусылмас бұлағы осы кітаптарда жасырынған. Сондықтан да, әлемді технология жаулап жатқан заманда оқушылардың назарын кітапқа аудару бойынша жұмыстарды атқаратын боламыз, – дейді мектеп кітапханасының меңгерушісі Зәуре Стихеева.
Әрине, кітап оқыған адамның санасы оны оқымайтын адамның білім деңгейінен әркез жоғары тұратыны белгілі. Сондықтан, бой емес, ой жарыстыратын заманда Айгүл Қазиеваның басшылығындағы мектеп-гимназияның ұйымшыл ұстаздар ұжымының жұмысы жанданып, дарынды шәкірттерінің қатары артады деген сенімдеміз.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.