Beginit – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оныншы сынып оқушыларына арналған әлеуметтік-көшбасшылық жобасы. Белсенді жастарға бағыт-бағдар беру, қолдау мақсатындағы жобаға қараша айынан бастап іріктеу жұмыстары жүргізілді.
Сол уақыт аралығында қатысушылар түрлі кезеңдерден өтіп, жоба аясындағы танымдық іс-шараларға, онлайн сабақтарға қатысып, қызықты болуымен қатар пайдалы іске үлес қосуда. Бастапқыда жобаға қатысуға еліміздің аймақтарынан 800-ден астам өтінім келіп түскен, соның 500-і алғашқы кезеңдерден сәтті өтті. Дегенмен, олардың тек 200-і ғана көшбасшылық және жобалық қызмет бойынша курстар жинақталған онлайн-білім беру платформасына қол жеткізді.
Теориялық бөлімнен кейін «Beginit: Leadership for Social Justice» бағдарламасының жартылай финалына 50 бала өтіп, оларға наурыздың 24-і мен 29-ы аралығында Алматыда көшбасшылық дағдыларды дамытуға бағытталған тренингтер, қызықты іс-шаралар қамтылған 5 күндік лагерь ұйымдастырылды. Қатысушылар Гүлнар Сәлмен, Лаура Вайгорова, Раиса Кадер және Қуаныш Бейсек сынды белгілі әлеуметтік көшбасшылармен және кәсіпкерлермен кездесті. Қазақстанның көркеюіне үлес қосуды мақсат еткен әлеуметтік көшбасшылардың ұрпағын тәрбиелеуді көздеген жоба да аяқталуға жақын. Маусым айында жобаның нәтижесі шығып, жеңімпаздар анықталмақ.
Буткемп нәтижесінде «Safe way to school», яғни «Мектепке қауіпсіз жол» жобасын жүзеге асыратын 37 финалист анықталды. Жыртылай финалдан сәтті өтіп, финалға жолдама алған 37 оқушының 11-і – Қостанай облысынан. Жобаның олар үшін маңызы қандай екенін білу үшін финалға жолдама алған қостанайлық жас әлеуметтік көшбасшыларды сөзге тарттық. Олар – Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10 «Б» сынып оқушылары Айгерим Ахмеджанова мен Мақсат Серденбаев. Екі жас та сынып белсенділері, әлеуметтік, ғылыми жобалардың жүлдегерлері. Іріктеу кезеңіне сынып болып өтініш тастағанмен, финалға екеуі ғана жолдама алған. Болашағынан зор үміт күттіретін жастардың бірі Мақсат – «Алтын белгіге» үміткер. Сабақтан қолы босаған уақытта волейбол ойнағанды ұнататындығын айтады.
– Жоба туралы қараша айында естідік. Мектебіміздің педагогі Зулгариев Риза Дүйсенбайұлы ағайымыз бізді ақпараттандырып, барынша бағыт-бағдар берді. Шындығына келсек, өз басым осындай жобалардың бар екеніне қатты қуандым. Олардың қоғам үшін де, біз үшін де пайдасы мол. Осы бірнеше ай аралығында үйренген дүниелер мен үшін өте құнды болды, – дейді Мақсат Серденбаев. – IT саласына қызыққандықтан, жобаның мен үшін маңызы арта түсті. Бірақ, IT туралы көп айта қоймадық. Біз өзімізді іштей дамыттық, құнды ақпараттарға қанықтық, курстың өзінде, тренингтер барысында көптеген танымал адамдармен жұмыс істедік. Олар өмірлік тәжірибесімен де бөлісті. Финалда болғандықтан, қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Жобамызды оқу жылының соңына дейін аяқтап, финалда қорғайтын боламыз.
Финал маусым айының 3-6 күндері аралығында Астана қаласында өтпек. Сол уақытқа дейін қатысушылардың әрқайсысы «Мектепке қауіпсіз жол» жобасы аясында өз үйінің айналасындағы 500 метр қашықтықты қарастыруда.
– Аталған жоба аясында бірнеше кезеңдерден өтіп, берілген тапсырмаларды орындадық. Ең алдымен, көршілердің арасында сауалнама жүргіздік. Оған шамамен жиырма адамнан қатысты. Көшеде қандай қиыншылықтармен кездеседі, жаңбырлы маусымда қай жерде жүру ыңғайсыз, түнде шамдар дұрыс жұмыс істей ме, жаяу жүргіншілер жолағы бар ма дегендей тағы басқа да маңызды сұрақтарды көтердік. Алынған жауаптардың нәтижесін ары қарай жобамызға енгізіп, әкімшілікке ұсынысымызды айтып, мәселелер болған жағдайда сол кісілермен бірлесіп шешімін табуға тырысатын боламыз, – дейді белсенді жас Айгерим Ахмеджанова.
Жоба көшбасшылық дағдыларды дамытып қана қоймай, сонымен қатар балалар, олардың ата-аналары, мектеп пен жергілікті билік арасындағы байланысты да нығайтады. Ата-аналар мен мұғалімдердің қолдауы көшбасшы жастардың лайықты бастамаларын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратындығы белгілі. Оны Мақсат пен Айгерим де растады.
– Менің ойымша, әрбір адам өзін жан-жақты дамытуы керек. Сол себепті, бұл жоба біз үшін таптырмас алаң болды десем болады. Әлеуметтік көшбасшы ретінде адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату, қиындықтардан шығу жолдары, болашақ мамандығымызға қатысы болмаса да, бұның бәрі – өмірлік маңызы бар қасиеттер деп есептеймін. Сондықтан, осы жоба аясында алған дағдылар, тіпті, күнделікті өмірде бізге қажет болады деген ойдамын, – дейді Айгерим.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас көшбасшылар өзара қызықты идеяларымен бөлісіп, оны ары қарай дамыту жолында не істеу қажет екенін, әлеуметтік мәселелерді қалай шешуге болатынын талдап, пікірлес қатарластарымен әңгімеселу мүмкіндігін алғандарына риза. Жоба жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар қарастырылған, дегенмен Мақсат Серденбаевтың айтуынша, ең құнды дүние – осы жоба аясында үйреніп жатқан қабілеттер мен бойларына жинаған құнды дағдылар. Аталмыш жобаның жаңа маусымы үстіміздегі жылдың қыркүйегінде басталады деп жоспарлануда және оған кез келген оныншы сынып оқушысы қатысуға өтініш бере алады.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.