Қостанайлық педагог – республикада үздік

Выпуск - №45(593)   :   01.12.2023
569

Мақаланың әлқиссасын сүйіншілеп бастасақ ләзім: Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нурбол Абдигалиев «Дене шынықтырудың үздік педагогі-2023» республикалық байқауында Гран-приге ие болды!

Байқау жақында, қараша айының 21–24-і аралығында, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен Щучье қаласында өтті. Оған аймақтық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен жеңімпаз 19 педагог қатысты. Сол үздіктердің арасынан топ жарып шыққан жерлесіміз Нурбол Умирзаковичтің мерейі үстем болды. Ұстазды жеңісімен құттықтап, байқаудың қалай өткені жайлы біліп қайту үшін Ы.Алтынсарин атындағы білім ордасына арнайы барып қайтқан едік.

– «Балдәурен» орталығы алыстан ат терлетіп келген қатысушыларды құрметпен қарсы алды. Щучье – табиғаты көркем жер ғой. Қонақтарға табиғат аясында серуен де ұйымдастырылды. Дегенмен біз сонда барғаннан дайындығымызды пысықтап, кейбір тұстарын толықтырумен болдық. Қашама дайындығымыз бен еңбегіміздің бағаланып, жеңістің төрінен табылғанымыз ерекше қуанышты болды, – дейді Нурбол Абдигалиев. – Байқау дене шынықтыру педагогтерінің шығармашылық бастамасын қолдау, кәсіби өсуге жәрдемдесу, осы мамандық бойынша педагогтердің беделін арттыру мақсатында қолға алынған. Жалпы үш кезеңнен тұрды. Бірінші аудан мен қалалық кезеңнен өткендер облысқа, ал облыста жеңіске жеткендер республикалық шешуші кезеңге жолдама алды.

Байқаудың шешуші кезеңі үш бөлімді қамтыды. Алғашқы «Креативті педагог» кезеңінде, аты айтып тұрғандай, педагогтер әріптестерінен ерекшеленулері керек болды. Таныстыру кезеңі болғандықтан, көркем сөз оқу, сахнада өзін ұстай білуі сияқты шығармашылық қырлары да бағаланды. Педагогтер әдістемелік тақырыптарымен, болмаса жұмыс істеп жүрген жобаларының нәтижесін ортаға салып, тіпті әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттарын да ұсынып жатты. Бәрі де есепке алынды. «Бұл кезеңді сахналық қойылым сияқты ұйымдастырып, оны көркем сөзбен жалғап, арнайы бейнематериалмен қорытындылап, елді лайықты таныстыруға тырыстық. Тақырыбымыз – ұлттық ойын болды», – дейді 16 жыл педагогтік тәжірибесі бар ұстаз Нурбол Умирзакович.

«Қазіргі замандағы дене шынықтыру сабағы» деп аталатын екінші кезең – стандарттан тыс сабаққа негізделді. Бұл кезеңнің бір ерекшелігі – педагогтер алғаш рет көріп отырған балалардың алдында сабақ өткізулері қажет болды. «Қатысушылардың барлығы үлкен дайындықпен келген. Әрқайсысы өзінің шама-шарқына қарай сабақтарды әкелді. Алдыңда тұрған балалардың дайындық деңгейі қандай екенін білмеу аздаған қиындық туғызғаны рас. Дегенмен, ең бастысы – сасқалақтамай, күнделікті сабақ барысында жасап жүрген әдіс-тәсілдеріңді тиімді қолдана білу қажет», – дейді Нурбол Абдигалиев.

Үшінші «Үздік бұқаралық іс-шара» кезеңінің талабы бойынша бір спорттық жарыс немесе фестиваль өткізіп, оның негізгі мақсатын ашатындай бейнематериал дайындап апару қажет болған. Қостанайлық педагог үшінші кезеңге ұлттық «Алтын сақа» ойынынан өткізген жарыстың бейнематериалын апарған. Оны «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткізіпті. Айтуынша, ұлттық ойын арқылы құндылықтарымызды дәріптеп, асық ойынын брендке айналдыру мақсаты көзделген. Сондай-ақ ата-ана, ұстаз, оқушы – үштік одағының қатысқаны үлкен бір артықшылық болды.

«Жалғыздың үні шықпас» дейді ғой халқымыз. Жеңіске жету жолында тынымсыз дайындық жасау барысында дене шынықтыру педагогі өзіне қолдау көрсеткен мектеп ұжымына, сонымен қатар туған інісі Марғұлан Абдибековке шексіз ризашылығын жеткізді.

– Інімнің мамандығы – театр актёрі. Бүгінде №28 ЖББ мектепте театр үйірмесінде жетекшілік етеді. Жарысқа дайындалу барысында театрлық қойылым, сахнаға кіріп-шығу, сөйлеу мәнерімді қажетті деңгейде қоюға інімнің көп көмегі тиді. Үнемі жанымда қолдау көрсетіп жүрді, – дейді ол. – Осындай сайыстарға қатыса отырып, тәжірибелі мамандардың жұмыстарынан түртіп алар дүниелер көп. Есту бір басқа, оны көзбен көру бір басқа. Кейде біліп тұрған дүниеңді де қайталап сұраудан қаймықпау қажет. Керісінше, білгеніңнің үстіне біле түсерсің, сөйтіп біліміңнің көкжиегі де кеңейеді. Өмірлік ұстанымым да осы.

Нурбол Умирзакович осыдан 3 жыл бұрын Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында «Асық ату» үйірмесінің ашылуына мұрындық болған. Мектеп директоры Ырсалды Келінбердиеваның бекітуімен, содан бері аптасына екі рет, «асық ойнаған – озар» дегендей, осы ұлттық ойын түріне қызығушылығы мол жастар тұрақты түрде қатысып жүр. Оқушылардың арасында түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлдегері де аз емес. Солардың бірі – 5-сынып оқушысы Қайырлан Қанатұлы. «Басқа спорт түрлеріне қарағанда асық ойынына қызығушылығым зор. Осы мектепке ауысқан соң, бірден асық үйірмесіне жазылдым. Ең жақсы көретін ойындарымның бірі – «Бес табан». Ол ептілік, икемділік, мергендік, жылдамдық сынды бірталай жақсы қасиеттерге баулиды», – дейді ол.

Ұстаздың өзі айтқандай, жеңісті жақындатуға көтерген бастамаларына әрдайым белсенділікпен жауап беретін шәкірттерінің де қосқан үлесі зор. «Ұстаз жетістігі – шәкіртінің мерейі» деген осы болса керек. Дене шынықтыру пәнінің үздік ұстазы алдағы уақытта, мүмкіндік болып жатса, күрес үйірмесін де ашпақ ниетте. Белсенді ұстаздың игілікті бастамалары берекелі болсын дейміз.


Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.