Биылғы жыл еліміз үшін тарихи маңызы мол, атаулы даталарға толы болғаны рас. Ұлт ұстазы Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Арқалық қаласының құрылғанына 65 жыл, Кейкі Көкембайұлының туғанына 150 жыл, сондай-ақ қаламыздағы қара шаңырақ, іргелі білім ордасы – Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебімізге де биыл мерейлі 50 жыл толып отыр.
Мектепті білімнің тірегі десек, ұстаз – оның жүрегі екенін ешкім жоққа шығара алмас. Мектеп деген – ата-баба мұраларының қайнар көзінен нәр алған, еліне, жеріне адал азаматтарды, талай дарындар мен даналарды шығарған киелі шаңырақ, руханият ордасы. Кейкі батыр атындағы №4 мектептің тарихына көз жүгіртетін болсақ, бірталай дерекке қанық боламыз. Әуелде ол Арқалық қалалық еңбекші депутаттар Кеңесі атқару комитетінің 1971 жылы тамыздың 31-індегі №338 шешімімен орыс тілінде білім беретін оқу ордасы болып ашылды. Тәуелсіздік жылдарынан бастап мектеп тарихы үлкен өзгерістерге бет бұрды. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, тарих тілімен айтатын болсақ, жарты ғасыр ішінде мектептің тыныс-тіршілігінде біраз өзгерістер болғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!», – деп біртуар, саңлақ ақынымыз Ілияс Жансүгіров айтқандай, кешегі өткен ел ағаларының есімдерін жаңғыртып қана қоймай, мектебіне еңбек сіңірген, дырыны мен даралығымен ел мақтанышына айналған азаматтарды ардақтай білу – баршамыздың абыройлы парызымыз. Содан бергі жылдарда білім ордасында көптеген білімді де тәжірибелі мұғалімдер мен мектеп басшылары еңбек етті. Мектеп директоры – мектеп ғимаратының бастауыш көшбасшысы. Ұрпақтың өнегелі өмір жолдарын байсалдылықпен ой сүзгісінен өткізіп, мұғалімдерге, қызметкерлерге, ата-аналарға, оқушыларға жанашыр тұлға да сол екені рас.
Өнегелі істерімен үлгі бола білген білікті басшылардың есімдерін кейінгі ұрпақ біле жүсін деген ниетпен, есімдерін атап өткеніміз жөн. Алғаш мектеп басшылары Шарипова Рахима Әлмағанбетқызы (1971-1975 ж.), Карлин Андрей Андреевич (1975-1998 ж.) болса, кейін Джанабаева Гульнар Ташеновна (1998-2009 ж.), Жүнісов Қабыл Жүнісұлы (2009-2012 ж.), Ешмғалиев Серікбай Қапышұлы (2012-2013 ж.) басшылық етті. Артынша білікті басшылардың ізін жалғап, 2013 жылдан мектеп ұжымын басқарып отырған Садуов Нұрлан Талапұлы өз қызметін абыроймен атқарып келеді. Мектептің дамуына директорлардың әрқайсысы өлшеусіз үлесін қосты.
Мектеп құрылғалы бері, 50 жылдың ішінде оқу-тәрбие жұмысының, оқушылар білімінің сапасына ерінбей еңбек еткен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларына да тоқталсақ, олар: Дащук Надежда Яковлевна, Ильяшенко Нина Васильевна, Фрейман Лина Ильинична, Абилькасимова Зайраш Шакировна, Плотникова Лидия Степановна, Колесниченка Лидия Александровна, Шериязданова Ляззат Газизжановна, Шаймерденова Айман Ибрашқызы, Ковалева Татьяна Николаевна, Жұмақанова Оңласын Жайлауқызы, Саматова Гүлжанат Шағалақызы. Мектептің бар жұмысының түбегейлі нәтижеге қол жеткізуі жоғарыда есімдері аталған мектеп басшылары мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларының біліктілігі мен білімінің нәтижесі деуге әбден негіз бар.
Жылдан-жылға білім мекемесінің педагогтер құрамы ұлағатты ұстаздар мен жас мамандармен толығып, материалдық-техникалық оқу-әдістемелік мүмкіндіктері арта түсуде. Одақ ыдыраған кезде қажырлы еңбегінің арқасында білім ордасының тәжірибелі мұғалімдерінің материалды базасын тұтастай сақтап қалуда басшылардың еңбегі зор деп бағалаймыз. Тәуелсіздікке ие болып, егемен ел болғаннан кейін Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылдануына байланысты мектеп өмірінде маңызды өзгеріс болды.
Қазіргі кезде өмірден озған Карлин Андрей Андреевич басшылық жасаған тұста, 1992-1993 оқу жылында бастауыш қазақ сыныптары ашылды. Алғашқылардың бірі болып, қазақ сынып оқушыларына Рахметшина Нурия Халықовна, Сейдағалиева Кенжеш Жаңбырбаевна, Байгулина Сәуле Шөптібайқызы сынды ұстаздарымыз білім берді. Осылайша қазақ сыныбының алғашқы түлектері 2003 жылы мектепті тәмәмдады. 1992-1993 оқу жылынан бастап мектеп аралас тілде, қазақ және орыс тілдерінде сыныптарға білім беруде. Содан бергі жылдарда білім ордасында көптеген білімді де тәжірибелі мұғалімдер еңбек етті. Олардан дәріс алған шәкірттері бұл күнде сан түрлі салаларда қызмет атқаруда.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», – деген Ыбырай Алтынсариннің қанатты сөзін әрдайым мектеп әкімшілігі басшылыққа ала отырып, жұмыс істейді. Мектептегі мұғалімдердің сандық және сапалық құрамы әр оқу жылында өсіп келеді. 2020-2021 оқу жылында педагогтер саны – 111 болса, қазіргі таңда 128 педагог қызмет атқарады. Олардың 90%-ы – жоғары, 10%-ы – арнаулы орта білімді. 2018-2021 оқу жылдары аралығында мектептің төрт түлегі «Алтын белгі» иегері және негізгі мектепті «Үздік аттестатқа» бітіргендер саны 5-6 оқушыдан төмен болған емес.
Білім сапасының өсу көрсеткіштері мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымының ата-аналармен бірігіп атқарған жұмысы деп бағаласақ ләзім. ҚР «Білім туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында 2015-2016 оқу жылында мектебіміз белгілі материалдық-техникалық базасы бар, педагогикалық және қаржылық жағынан тиімді ресурстық орталық болып тағайындалды. Мектеп ұжымының ерекше жетістіктерінің бірі – қала әкімінің «Үздік орта білім беру ұйымы-2019» байқауының жеңімпазы атанып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болғаны мектеп ұжымының мерейін өсіргені рас.
Мектеп ғимараты жылы, жарық, базасы жаңаша техникалық құралдармен жабдықталған және ұжымның жақсы жетістіктерін бағалай білген ата-аналар, балаларының осы мектепте білім алуын қалайды. Осының дәлелі ретінде оқушылар саны жылдан-жылға артып келеді. 2016-2017 оқу жылында оқушылар саны 1080 болса, 2020-2021 оқу жылын 1290 оқушымен аяқтап, 2021-2022 оқу жылын 1330 оқушымен бастап отыр. Бұдан еңбектің елеусіз қалмайтынын көруге болады. Сапалы білім мен саналы тәрбие бере білетін ұстаздардың еңбегі зор марапатқа ие. 1988 жылы сәуірдің 22-сінде математика пәнінің мұғалімі Пересыпкина Галина Александровна – «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған, осы мектепте 50 жыл бойы білім саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
«Өмір бар жерде бала да бар, бала бар жерде ұстаз да болады» дегендей, бүгінде мектепте ұстаздар ұжымы өзінің білімін, күш-жігерін, саналы ойын шәкірттеріне арнап, соларға үлгілі тәлім-тәрбие беріп, жиырма бес жылдан жоғары, яғни ширек ғасырдан астам аталған мектепте үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ұстаздар есімдерін атау артық емес. Олар: Камалиев Мурат Каернасович, Пересыпкина Галина Александровна, Байгенжинова Айман Бортайқызы, Байзирова Клара Мәжитқызы, Шегетаева Роза Шегетавна, Мұстафина Күлғасылай Шормановна, Мукушева Алма Махатовна, Сейсенбаева Бақыткүл Мүслимовна, Ковалева Татьяна Николаевна Қамбарова Орынбасар Айтқазиевна, Жұмабекова Райхан Шалабаевна, Смағұлова Көпей Файзоллақызы, Саитгареева Ирина Анатольевна, Қожабекова Әлия Қабдрахқызы, Бадаева Менсұлу Сейдағалиқызы, Мұханбетжанова Тұрсынай Сәбитбекқызы, Дюсембаева Гүлжан Тұрмағанбетқызы, Байқасынова Бибігүл Қабденқызы, Зазуля Радий Владимирович, Бекешова Нұргүл Сағындыққызы, Драганчук Наталья Алексеевна, Алекина Айгүл Болатқызы, Уткелбаева Елена Викторовна, Құлмағанбетова Ақжамал Байжұманқызы, Қойшығұлқызы Закария, Кемпирова Әсемгүл Сайлаубекқызы. Сондай-ақ осы мектептің түлектері болған Камалиев Мурат Каернасович, Карпычева Татьяна Михайловна, Бахтина Татьяна Анатольевна өздеріне білім берген ұстаздарымен қатар абыройлы жұмыс атқарып келеді. Оқу жылында мектепке 15 жас маман жұмысқа қабылданған. Қазіргі уақытта жас мамандар мектеп өміріне белсене араласып, оқу-тәрбие үрдісін жаңаша бағытта жүргізуді, атқарған істерімен дәлелдеп жүр.
Мектеп 2015 жылы жалпы соммасы 283 миллион теңгеге Қостанай облыстық білім басқармасы қаржысының есебінен күрделі жөндеуден өткізілді. 2019-2020 оқу жылында мектеп түлегі кәсіпкер Боранбаев Қайрат Советайұлы білім ордасына 16 миллион 139 мың 650 теңге көлемінде қаржылай демеушілік көрсетіп, мектепке жиһаздар алып берді. Мектептің ұстаздар қауымының ізденісі, ата-аналар мен демеушілердің қолдауының арқасында 2017 жылы Кейкі батырға арналған мұражай бөлмесі ашылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы қарашаның 16-сындағы №755 «Қостанай облысының білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» қаулысына сәйкес, Арқалық қаласының әкімінің 2018 жылғы қарашаның 26-сындағы №490 қаулысымен білім ордасы «Арқалық қаласы әкімдігі білім бөлімінің Кейкі батыр атындағы №4 жалпы орта білім беру мектебі» мемлекеттік мекемесі болып аталды.
Ендігі басты мақсат – мектепті жан-жақты дамытуға, оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай туғызу, мұғалімдердң кәсіби өсулеріне ықпал ету, мектептің материалдық-техникалық базасын арттыру. Ынтымағы жарасқан ұжым, қолдау көрсетер зиялы қауым, ақыл айтар білікті де білімді ұстаздар мен жас мамандар барда барлық мақсаттар жүзеге асады деп сенеміз.
Ұлмекен ТАБЫЛДИНА,
Кейкі батыр атындағы
№4 мектептің ата-аналар
комитетінің төрайымы,
Арқалық қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.