Міржақыптану жолында: тағылымға толы конференция

Выпуск - №3(600)   :   26.01.2024
537

Рудный қаласындағы М.Дулатұлы атындағы ЖББ мектебінде қалалық ғылыми іс-тәжірибелік конференция өтті. Тақырыбы: «Міржақып Дулатұлының тәлімдік мұраларындағы мәдени-ағартушылық құндылықтары». 

Тағылымы мол конференцияға қала мектептерінен 26 жұмыс қабылданып, мұғалімдер ғылыми ізденістері мен шығармашылық жұмыстарын 3 бағытта ұсынды. Іс-шара Міржақып Дулатұлының қоғам қайраткері және педагог-ағартушы ретінде қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды анықтау, тәлімдік мұраларындағы мәдени-ағартушылық идеяларды айқындауды көздеді.

Салтанатты шара барысында сөз алған Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Жайлибаев Темурхан Бекбергенович ұстаздарды құттықтап, сәттілік тілесе, мектеп директоры Ағатай Абзал Әміржанұлы Міржақыптану аясында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап, қатысушыларға алғысын білдірді. Ал, мәжіліс залында ұйымдастырылған көрмеден келген қонақтар Міржақып Дулатұлының өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты тың деректерді тамашалап жатты.

Конференцияның салтанатты рәсімі 11-сынып түлектерінің киелі Торғай өлкесіне ұзақ жол жүріп, экспедициядан алған әсерлерімен қоса 11 «А» сынып оқушысы Эльиза Кувандикованың Міржақып Дулатұлының «Қайда едің» өлеңін мәнерлеп оқуымен ашылды. Артынша іс-шара Жангелдин ауданындағы музей директоры Гүлбану Сәрсекейдің онлайн форматта педагог-ағартушының жеке қолданысындағы заттарын көрсетуіне ұласты.

Иә, қарға тамырлы қазақ үшін, айбарлы алты Алаш үшін жанын қиған асыл арыстарымыздың бірі – Міржақып Дулатұлы. Өз еркімен емес, темір шеңгелді жалмауыз жүйенің маңдайға тиген қатты соққысынан қалың ұйқыға кеткен қаймана халықтың есін жинап, еңсесін көтерту үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, бозторғайдай шырылдаған, сол күрес жолында қоғам қайраткері болып қана қоймай, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұрпағына баға жетпес асыл қазына қалдырып кетті.

Жиынның іс-тәжірибелік бөлімінде баяндамашылар қайраткердің мұрасын, шығармашылығын тілге тиек етті. Тарқатып айтсам, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, тарих пәнінің мұғалімдері Мадина Қаукеннің «Ұлт азаттығына саналы ғұмырын арнаған – Міржақып», Сыбан Аянның «Міржақып Дулатұлы – қоғам қайраткері және педагог ағартушы», қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Эльмира Қасқырбаеваның «Жастарымызға рух берген – «Оян қазақ!», Гүлбану Сабитованың «Жаңа білім үрдісінде Міржақып Дулатұлы шығармашылығының өміршеңдігі», бастауыш сынып мұғалімдері Гулшат Капышеваның «Есеп құралы ұмытылған терминдердің мәні мен мәртебесі», Гулназ Байшаханованың «Міржақып Дулатұлының шығармаларындағы құндылықтарды оқушы бойына дарыту», т.б тақырыптар атына заты сай болып, тәжірибелік бөлімнің шырайын кіргізді.

Әсіресе, Мадина Қаукеннің Торғай жеріндегі Міржақып Дулатұлы атындағы музейді өз көзімен көріп, куә болғаны, жас маман ретінде дара тұлғаны тереңірек білуге деген құлшынысы көңіл қуантады. Келесі кезекте бастауыш сынып, тарих және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері оқу бағдарламасы аясындағы Міржақып Дулатұлының шығармашылығы мен саяси-қоғамдық өмірін оқытуда оңтайлы тәжірибелерін ортаға салды. Олар өткізілген шебер-сыныптар аясында тиімді жұмыс түрлері, белсенді оқыту әдіс-тәсілдері мен оқу мақсаттарына сай тапсырмаларды ұтымды қолдануды ұсынды.

Қай кезде де тұлғаны танып-білуде әр пәннің өз ерекшелігі бар екені анық, қандай әдіс-тәсілдерді қолдансақ та, ол балалардың тарихи ойлау дағдысын қалыптастыруға негіз болуы қажет. Осы орайда дара тұлғаның есімін иеленген мектебіміздің ұстаздары тәлім-тәрбиесі мол конференцияға белсенді атсалысып, қатысушыларға тың ақпараттарды ұсына білгеніне ерекше тоқталып өткім келеді. Тарих пәнінің мұғалімі Жазира Бейсенғалиева «Тарих сабақтарындағы Міржақыптану мәселелері» тақырыбындағы шебер-сыныпта жаңа заманның жастары білімді шығармашылықпен қолдануға өте шебер екенін тілге тиек етіп, мәтіндер, дереккөздер, деректі фильмдер, ауызша тарихи жазбалар, бейнематериалдар, иллюстрация, таранспарант, хаттар, естеліктер білімді меңгерудің маңызды тәсілі екенін практикалық жұмыста ашып көрсете білді. Сонымен қатар, болашақта Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметін, шығармашылық мұрасын жеке тақырып ретінде оқытса екен деген ұсынысын да білдірді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анар Ержігітова Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романын оқытуда шығармадағы материалдық және рухани құндылықтарды замануи тұрғыда салыстырып, жаңашылдығын тәжірибе жүзінде дәлелдей білді. Қазақтың тұңғыш романында көрініс тапқан бірталай мәселенің бұл күнде өзектілігі байқалатынын білікті ұстаз шебер-сынып барысында нақты жеткізе білгені әріптестердің «SLC» стратегиясы арқылы кері байланыс жасау барысында анық сезілді. Ал, бастауыш сынып мұғалімдері Жанар Шагаева мен Нұргүл Салтенова өткізген «2–4-сынып арасында Міржақып Дулатұлының шығармаларын тиімді оқыту жолдары» тақырыбындағы шебер-сынып дара тұлғаның мұрасын оқушылардың санасына бастауыш сыныптан бастап сіңірудің айқын көрінісі болды.

«Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда» демекші, ғибраты мол іс-шара да өз мәресіне жетіп, нәтижесінде 3 мұғалім І орын, 5 мұғалім ІІ орын, 7 мұғалім ІІІ орынды иеленді. Қазіргі таңда киелі қара шаңыраққа Міржақыптың есімі берілгендіктен мектебімізде үздіксіз «Міржақыптану» іс-шаралары жүргізіліп тұрады. Ұжым болып, тарих, қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерімен бірлесіп, білім беру бағдарламасының спиральді қағидатын оқыту процесінде жүзеге асырудың нәтижесі Алаштың алыбы Міржақыпты танытуда қалалық семинар өткізуге мұрындық болғаны сөзсіз.

Қайраткердің есімін иеленгенімізге аз уақыт болса да, ұжымның ұйымдастыруымен өткен тәлім-тәрбиеге толы конференция болашақта бұдан да жоғары деңгейде өтуіне дәл бүгіннен бастап әрбір ұстаз өз үлесін қосу үстінде десем, артық айтқаным емес. Сөз орайы келгенде ұжымның атынан конференцияға қатысқан қала мектептерінің педагогтеріне алғыс білдіре отырып, Міржақыптану жолындағы еңбегімізді еселей түсейік дегім келеді.


Роза ЖАРКИМБЕКОВА,
М.Дулатұлы атындағы
ЖББМ бастауыш
сынып мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.