Биыл Қостанай қаласындағы іргелі білім ордасы – Назарбаев Зияткерлік мектебі (NIS) өзінің он жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктер Қалалық балалар шығармашылығы мектебіндегі мерекелік кеште қорытындыланды.
Бұл уақыт аралығында мектеп білім беру саласында жаңа белестерді бағындырып, еліміздің жас ұрпағына сапалы білім мен шығармашылық ойлау дағдыларын меңгерту бағытында маңызды жетістіктерге жетті. Оқушылар мен мұғалімдердің тығыз ынтымақтастығы, заманауи әдіс-тәсілдер мен халықаралық стандарттарға негізделген бағдарламалардың арқасында мектеп директоры Гульнара Дусказиеваның жетекшілігіндегі NIS-тің білікті педагогтер ұжымы шәкірттерін тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік аренада да лайықты түрде танытуда.
Іс-шараға келген қонақтарды мерейтой иелері үлкен құрметпен, сән-салтанатпен қарсы алды. Келушілер тойдың ерекше дәмі – бауырсақ пен кәмпиттен ауыз тиіп, мерейтойға орай арнайы ұйымдастырылған оқушылардың шығармашылық жұмыстары, ғылыми және IT-жобалар көрмесін тамашалады. Мерекелік кеш әрмен қарай концерт залында жалғасын тауып, білім ордасының өнерлі шәкірттері шеберліктерін ортаға салды. Онда әсем әндер мен билер орындалып, күйлердің терең сазы мен әуезді үні залды кернеп, қонақтардың жүрегін баурады.
Республикалық және халықаралық шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері, танымал «Hard Chord» вокалды-аспаптық ансамблі де өз өнерлерін ортаға салып, мерекеге ерекше сән мен салтанат қосып, жұртты елең еткізді.
«Hard Chord» вокалды-аспаптық ансамблінің жасы да білім ордасымен шамалас
Мектеп оқушыларының қойылымы терең мағынасымен көрермендерге ерекше әсер қалдырды
Әрбір қойылымның өзіне тән әсемдігі мен терең мағынасы көрермендерді әсерге бөлеп, өнердің шексіз әлеміне жетеледі. Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама барысында алыс-жақыннан келген қонақтар ізгі тілектерін арнап, мектеп ұжымына өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұрынғы мектеп директоры Думан Сапаковтың сөзі көпшілікке ерекше әсер қалдырып, барлық қатысушыларға мектептің жеткен жетістіктері мен оның болашағы туралы ой салды.
Бұрынғы мектеп директоры Думан Сапаков білім ордасының қазіргі басшысы Гульнара Дусказиеваға ізгі лебізін білдірді
– Бүгінгі таңда Қостанайдағы NIS-те 702 оқушы білім алуда, ал 10 жыл ішінде мектепті 701 түлек тәмамдады. Шәкірттер жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді олимпиадаларда жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанып келеді. Олардың қатарында Республикалық ғылыми жобалар конкурсы, Infomatrix Asia, S.T.A.P., Балтық инженерлік конкурсы, «Ғылым әлемін ашамыз», сонымен қатар Roboland сияқты жарыстар бар, – деп атап өтті білім ордасының PR-маманы Әсел Қибаш. – Қостанайдағы NIS оқушылары Әмина Ысқақова мен София Синицина қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды дауыс көмекшісін жасақтады. EWA деп аталатын бұл жоба өзінің ерекше функционалдығымен және қазақ тілін қолдауымен көпшіліктің назарын аударды. Күткеннен асып түскен бұл инновациялық шешім күрделі тапсырмаларды орындау және екі тілде еркін жұмыс істеу қабілеті арқылы жоғары бағаланды.
Іргелі білім ордасының тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – 2015 жылы пилоттық мектептер туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл құжат өңірдегі білім беру ұйымдарымен жүйелі ынтымақтастықтың бастау алғанын көрсетті. Соңғы 10 жыл ішінде Қостанайдағы NIS 12 тірек мектепке әдістемелік қолдау көрсетіп, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді. Назарбаев Зияткерлік мектебі 2014 жылы желтоқсан айының 12-сі күні ресми түрде ашылған сәттен бастап ұжымда жұмыс істеп келе жатқан ұстаздардың бірі – Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Данияр Исиргепов.
Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Данияр Исиргепов
– Тәуелсіздік алғаннан бері білім саласында үздік екі жоба бар, соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы болса, екіншісі – Назарбаев Зияткерлік мектептері жобасы. Осы он жыл аралығында білім ордасы, оның ішінде өзім де кәсіби тұрғыда биік шыңдарға жеттім деуге болады. Ең маңызды айтып өтетін дүниелердің бірі – Халықаралық аккредитациядан өтуіміз. 2019 жылы Қостанайдағы Зияткерлік мектеп Council of International Schools (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, білім беру сапасының халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдеді. Биыл мектеп бұл талаптарға сәйкестігін тағы да растап, өз беделін одан әрі нығайтты. Бұның өзі халықаралық стандарттарға сай білім берудің жемісі деуге болады, – деп атап өтті Данияр Боранбайұлы.
Тәжірибелі ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі додаларда топ жарып, мектептің ғана емес, өңірдің абыройын асқақтатып келеді. Биыл Астана қаласында еліміздің тарихында алғаш рет дүниежүзі тарихынан республикалық олимпиада өтті. Финалдық кезеңде 6 оқушы 2025 жылы Парижде өтетін халықаралық Тарихи олимпиадаға іріктелді. Солардың ішінде Қостанай қаласындағы NIS-тің үш оқушысы бар. Олар: ІІІ орынға ие болған 9-сынып оқушысы Даниал Клышев (жетекшісі Дамир Исиргепов) және ІІ орын иегерлері атанған 10-сынып оқушысы Айдос Әмірғали (жетекшісі Айман Дуйсекова) мен 11-сынып оқушысы Дмитрий Горжанов (жетекшісі Әйгерім Хайдарова).
Иә, кез келген білім ордасының басты байлығы – кәсіби шебер ұстаздары мен білімді шәкірттері екені анық. Кеш барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің он жылдық мерейтойына орай, мектеп ұжымының еңбегі мен шәкірттерінің жетістіктеріне ерекше үлес қосқан педагогтер білім басқармасы басшысының орынбасары Данагуль Сюндикованың қолынан облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, кәсіби қызметіндегі жоғары жетістіктері, өз ісіне адалдығы және мектептің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше ұстаз марапат биігінен табылды. Бұл – олардың қажырлы еңбегінің лайықты бағасы болды.
фото: Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасының иегерлері
Назарбаев Зияткерлік мектебінің жетістіктері мұнымен тоқтап қалмайды. 2020 жылы мектеп ЮНЕСКО клубтарына мүше болып, халықаралық деңгейде мойындалу жолында тағы бір маңызды қадам жасады. Бұл оқиға Қостанайдағы NIS оқушыларының жан-жақты дамуына, сондай-ақ мәдени, ғылыми және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыруға деген ұмтылысын көрсетіп, жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Мектептің соңғы жетістіктерінің бірі – 2022 жылы іске қосылған NIS Engineering бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама оқушыларға заманауи технологиялар мен инновациялық жабдықтарды пайдалану арқылы 3D басып шығару, лазерлік кесу, ағаш өңдеу сияқты жаңа бағыттарды меңгеруге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында шәкірттер шығармашылық және техникалық қабілеттерін танытып, инженерия саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Өткен 2023 жыл – мектеп тарихындағы тағы бір маңызды кезең болып белгіленді. Мұғалім-зерттеуші, Яндекс Академиясы мен CISCO жаттықтырушысы, оқу құралдарының авторы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Борис Зеленов ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан «Жылдың үздік мұғалімі» атағын алды. Ал, биыл информатика пәнінің мұғалім-сарапшысы Александр Шерцер «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисті атанып, алдағы жылы Қазақстанның атынан Global Teacher Prize халықаралық байқауында ел намысын қорғамақ.
Жамал ШАУКЕН