НЗМ оқушылары халықаралық байқаудан жүлделі

Выпуск - №22(619)   :   06.06.2024
499

Қостанай қаласындағы НЗМ оқушылары сәуірдің 25-26 аралығында Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде өткен «Science. Technology. Algorithmization. Programming» халықаралық байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

image


Аталған ашық халықаралық ғылыми жұмыстар байқауында 10 «А» сынып оқушысы Таир Мурзагалиев «Ортаның кедергі күшінің дене пішіні мен жылдамдығына тәуелділігін зерттеу» атты ғылыми жұмысын қорғап, автомобиль корпусының аэродинамикалық қасиеттерін жақсарту арқылы отын шығынын азайту жолдарын ұсынды. «Физика» секциясы бойынша ұсынылған 69 жұмыстың ішінде суырылып алға шығып, бірнеше жылғы ізденісінің және қажырлы еңбегінің арқасында І орынға ие болды. Әрине, ғылыми жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Кафизова Гульмира Муратовнаның еңбегін атап өтпеске болмас.
Таирдың ғылымға деген қызығушылығы 9-сыныпта физика пәнінен «Ортаның кедергі күшінің дененің пішіні мен қозғалыс жылдамдығына тәуелділігі» атты ғылыми жұмыспен айналысқан сәттен басталды. Көптеген техникалық әдебиеттерді саралап, аэродинамика бөлімін зерттеді. Ал, практикалық бөлімде сезімтал таразы көмегімен ортаның кедергі күшінің мәнін эксперименталды өлшеді, анемометр арқылы ауа ағынының жылдамдығын өлшеді.
Автомобиль корпусын жетілдіру арқылы отын шығынын азайту жолдарын ұсынған Таир аталған тақырып бойынша бірнеше байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Былтыр сәуір айының ортасында өткізілген «Зерттеудегі бір қадам – дамудағы жүз қадам» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияда жүлделі 3-орынды иеленді. Желтоқсан айында ғылыми жұмыстар байқауының желілік кезеңіне өтіп, үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырған «Жас әл-Фараби» мектеп оқушыларының республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының конференциясында 3-орынды қанжығалады.

image


«Science. Technology. Algorithmization. Programming» атты халықаралық ғылыми жұмыстар байқауында жұмысын қорғап, жүлдегер атанған шәкірттердің бірі – мектебіміздің 11 «А» сынып оқушысы Салтанат Тлеген. Ол «Электрөткізгіштік – сүт өнімдерінің сапасының индикаторы ретінде» тақырыбындағы ғылыми зерттеуінде сүт өнімдерінің электр өткізгіштігін өлшеу арқылы сүттің сапасын анықтауды ұсынды. Осылайша, «STEM» секциясында жарамсыз сүтті қалай анықтауға болатынын көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Ол өткен 2023 жылдың басынан физика пәнінен «Электрөткізгіштік – сүт өнімдерінің сапасының индикаторы ретінде» атты ғылыми жұмысымен айналысып келеді. Сүттің тек химиялық қасиеттерін ғана зерттеп қоймай, физикалық қасиеті – электр өткізгішті өлшеу арқылы сүт өнімдерінің сапасын анықтау мақсатын көздейді. Осылайша, өндірісте тұтынуға жарамды және жарамсыз сүт өнімдерін анықтап, бірден бөлуге мүмкіндік туындайды.
Биылғы жеткен жетістіктерінің қатарында сәуірдің 12-сі күні өткізілген «Зерттеудегі бір қадам – дамудағы жүз қадам» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференциясында жүлделі 2-орынды иеленгенін ауыз толтырып айтуға болады. Салтанаттың да ғылыми жетекшісі – білім ордасының физика пәнінің мұғалімі Кафизова Гульмира Муратовна. Тәжірибелі педагог, өз кезегінде, шәкірттеріне бар білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Бейіндік пән ретінде физика және информатика пәндерін таңдап отырған Салтанат, болашағын инженер мамандығымен байланыстырып отыр.

image


Ал, 11 «А» сынып оқушысы Дамир Сарбасов болса, жоғарыда аталған «Science. Technology. Algorithmization. Programming» ғылыми жұмыстар байқауында екі бірдей жобасын қорғады. Бірінші ғылыми жұмысында Дамир жүйенің масса центрін төмендету арқылы арбалардың бүйірлік тұрақтылығын жақсарту жолдарын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша ол ІІ орынды місе тұтты. Екінші жұмысы – «NIS OS операциялық жүйесі» жобасы. Жас ғалым оқу процесінде де, білім беру процесінің барлық субъектілері баптау және орнату процесінде де қолдануға болатын операциялық жүйенің дистрибутиві түрінде ұсынылған зерттеу нәтижелері үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Дамир – оқу озаты ғана емес, мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Бейіндік пәндер ретінде өзінің жанына жақын физика мен информатика пәндерін таңдап отыр. Ол да Таир мен Салтанат сияқты, өткен жылдан физика пәнінің мұғалімі Кафизова Гульмира Муратовнаның жетекшілігімен «Арбаларға арналған инновациялық сұйық дөңгелектер: жүйе тұрақтылығын арттыру» тақырыбындағы ғылыми жұмыспен айналыса бастады. Жас зерттеуші мүмкіндігі шектеулі адамдардың арбамен қозғылысы кезінде пайда болатын қауіп-қатерлерді физикалық тұрғыдан азайтуды көздейді.
Жұмыстың теориялық бөлімінде Дамир дененің массалар центрін анықтаудың аналитикалық, геометриялық және эксперименталдық әдістерін зерттеді. Эксперименталдық бөлімде қарапайым дөңгелекпен және ұсынылып отырған дөңгелекпен жабдықталған арбашалардың бүйірлік тепе-теңдігі зерттелді. Аталған жоба «Зерттеудегі бір қадам – дамудағы жүз қадам» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясында 2-орынды, сонымен қатар Республикалық физика-математика мектебі ұйымдастырған халықаралық ғылыми жұмыстар байқауының «STEM» секциясында да жүлделі 2-орынды әкелді. Оқушы өзінің моделін статика тұрғысынан ғана зерттеп қоймай, келер жылы оның басқа физикалық қасиеттерін зерттеп, дамытуды көздеп отыр.

Әсел ҚИБАШ,
Қостанай қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.