НЗМ оқушыларының мерекеге тартуы

Выпуск - №46 (392)   :   28.11.2019
235

Желтоқсанның бірі – ҚР Тұңғыш Президенті күні. Соған орай, республика көлеміндегі 20 Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қатысуымен флешмоб өтті. Қаламызда да қолдау тапқан шара аясында күй де, ән мен би де болды.

Шараның атмосферасын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Шеттерінен дарынды әрі қабілетті оқушылар. Мерекелік жиынды үш тілде жүргізгендігінің өзі өскелең ұрпақтың жаңашылдыққа, білім мен ғылымды терең игеруге деген ұмтылысын айғақтайды. Осымен бесінші мәрте қолға алынған «Ұлы дала мұрагерлері» деген атаудағы ауқымды жиын «Kostanay Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында өтіп, қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып жатқан 138 оқушының басын қосты. Олардың 120-сы 7-сынып, ал 18-і жоғарғы сынып оқушылары екенін айта кеткен жөн.

– Көлемді акцияның мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, адамгершілікке, рухани құндылықтарға тәрбиелеу. Ең бастысы, халқының мәдени мұрасына, дәстүр-салты мен мәдениетіне деген құрмет сезімін ояту. Одан бөлек, бұл шара арқылы мектебімізде ұйымдастырылатын үйірме жұмысын дәріптегіміз келді, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәслихат Зәмірбекқызы.

Осы тұста, азды-кем тарихқа көз жүгіртіп, бұл күннің шығу төркініне шолу жасап өтсек. 2011 жылы желтоқсанның 10-ы күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеген еді. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста ұлт тарихындағы жаңа дәуір дәл осы желтоқсан айының бірінен басталған еді. Өйткені, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, дәл сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланған-тын.

Елдік дəрежедегі елеулі мерекеге айналған Тұңғыш Президент күні – Елбасының тұлғасын айшықтайтын маңызды мереке ретінде тарих көшіне ілесіп, өз арнасымен жалғасуда. Қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәрбиеленушілері де мерекеге «қанатымен су сепкен қарлығаштай» үлесін қосып жатқанына риза. Соңғы жылда елімізде бірқатар тарихи жайттардың орын алғандығы саналы жұртшылыққа жақсы мәлім. Алайда, еліміздің өркендеуі жолында Елбасының жасаған ілкімді істері мен тарихи маңызы бар құжаттары мемлекетті өркениетті елдер қатарына қосуға өзіндік үлесін қосқандығы бұлжымайтын шындық.

Зияткерлік мектептің жас домбырашылары мереке қарсаңында сауда орталығына жиналған көрермендерге әйгілі күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін, 8 адамнан тұрған аспаптар ансамблі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Аңсау» күйін тарту етті.

– Бүгін өнерлерін көрсеткен жас домбырашылар орестрінің дайындығы небәрі екі-үш айдың көлемінде жүрді. Әрине, оқушылардың ішінен аспапта ойнауға икемі бар жастар іріктеп алынды. Дайындыққа аз уақыт бөлінсе де, оқушыларымыздың көрсеткен өнері көңілімнен шықты. Бүгінде жетпіске жуық шәкірт тәрбиелеудемін. Ал, бұл шараға аспапты жақсы меңгерген шамамен елу оқушы ат салысып отыр, – дейді Зияткерлік мектептегі музыка үйірмесінің жетекшісі Талғат Бекжанов.

Ал, домбыра ойнауға енді ғана икемделіп жүрген 7-сынып оқушылары музыкалық флешмоб аясында «Келіншек» күйін орындады. Байқағанымыздай, Зияткерлік мектепте ұлттық аспап домбыраға ғана емес, қобыз, баянда да ойнауға деген ықыласы бар жастардың қатары қалың.

– Бүгінгі бағдарламада «Келіншек» күйін ойнадық. Қатысушылардың дені 7-сынып оқушылары болғанмен, менің сыныбымнан 4 бала қатыстық. Тұңғыш Президент күніне арналған дәстүрлі мерекеге өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Келе жатқан тәуелсіздік күнімен де барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпағы болғанымды мақтан етемін, – дейді мектептің 8-сынып оқушысы Айя Балташ.

Мерекелік жиында туымыздағыдай сары және көк түсті жилетка киген мектептің отыздан астам оқушылары флешмоб билеп, соңында ортаға көк туымызды шығарды. Артынша болашағымыз жарқын болсын деген ниетпен шараны «Бір үйдің баласындай» әнімен аяқтады. «Дарынды бала – ұлт болашағы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Осындай дарынды әрі талапты балалар барда ел болашағының кемел боларына үлкен сеніммен қараймыз.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.