Облыстық съезд: тіл жанашырлары бас қосты

Выпуск - №№11-12(508-509)   :   25.03.2022
213

Облысымыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында облыстық съезд өтті. Басты мақсаты – оқытудағы жаңа көзқарас пен түйткілді мәселелерді айқындау.

Ортақ тақырып аясында жалпы 120 педагог қатысқан алқалы жиынды Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова «Қостанай облысында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытылу жағдайы мен мәселелері» тақырыбындағы сөзімен ашып, облыс көлеміндегі пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігі, білім алушылардың қазіргі жағдайы, сайыс жеңімпаздардың санын көбейту және «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында оқушылардың көркем әдебиет оқуға деген құштарлығын арттыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Тілдерді даярлау орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Журсиналина «Өзге тілді ортада қазақ тілін жетілдіру мәселесі» атты баяндамасында тілді оқытудың мықты және әлсіз тұстарын анықтап, өркениетті елдердің оқыту тәжірибелеріне талдау жасады және А.Байтұрсынұлының қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ерекше екендігін атап өте отырып, ғалымның терминдерді қазақ тілінің ішкі мүмкіндігі арқылы жасау жағына ерекше көңіл бөлгендігіне тоқталды.


«Өрлеу» БАҰО» АҚФ «Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ» жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, гуманитарлық ғ.м. Ғалия Жусупова «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудың проблемалары және оның шешу жолдары» тақырыбында жаңа мазмұндағы пәндік курстарды қайта құру жолдарын жандандыру жұмыстарын ортаға салды. Ал Рудный қаласындағы Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Қымбат Бірманова «Ұлттық сипаттағы қазақ тілі мен әдебиеті пәніндегі кездесетін проблемалық тұстары» атты баяндамасында пәннің оқыту сапасын арттыру жолдары, оқу бағдарламасында олқылықтардың орнын толықтыру, оны жетілдіру мәселелерін атап өтті.


Лисаков қаласы білім бөлімінің мектеп-гимназиясының директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алия Ахметкалиева «Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері» еліміздегі тіл мәселесі, келешегі және өміршеңдігіне әсер ететін факторлар мен қала бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралармен бөліссе, Б.Майлин ауданы білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері, педагогика ғ.м. Дидар Алиева «Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру» тақырыбында баяндама жасап, оқытудағы оқу бағдарламалары және оның мәселелері, қашықтан оқыту барысында білімдегі олқылықтардың орнын толтыру сұрақтарына қатысты талдауынан хабардар етті.

Лисаковск қаласындағы «Ивушка» бөбекжайының қазақ тілі мұғалімі Анна Янчук «Қазіргі мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік әлеуетін іске асыру» тақырыбы аясында балабақшада бүлдіршіндерге оқу мен тәрбие беру ісінде нәтижелі жұмыстарымен бөлісіп, өзінің әрі қызықты, әрі танымдық әдістемелік авторлық жұмыстарымен көпшілікті таңғалдырды. Съездің пленарлық бөлімінде пәнді оқыту барысында шешімін таппай жүрген өзекті мәселелер қозғалып, оны шешу барысында ұсыныстар айтылды. Мұғалімдердің балабақшадан бастап қазақ тілін оқытудың сапасын көтеру, мектептегі тілдік лагерлердің жұмысы, сонымен қатар біздің педагогтеріміздің баламалы оқулықтарды жасауға қатысуы туралы ұсыныстары қабылданды.

Съездің екінші бөлімінде №1 фасилитациялық алаңда облыстың әр өңірінің үздік мұғалімдері практикалық жұмыстар жүргізді. Ал мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.Жумабаева, М.Абдрахманова, Ғ.Байкенова, Н.Ибраева шебер-сыныптар өткізді. Осылайша тіл жанашырларының көптен күткен жиыны жоғары дәрежеде өтті. Күрмеуі шешілмей жүрген, барша ұстаз қауымын толғандырған көкейтесті мәселелердің шешімін табуға бағытталған сәтті отырыс болып, съезд пән мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына бағытталған диалогтік алаңға айналды. Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыстық білім басқармасының басшысы З.Байменоваға, сондай-ақ Т.Набатникова, Ж.Ташетова және Г.Аккужинаға алғыс білдіреміз.


Нұргүл ИБРАЕВА,
Б.Майлин атындағы
№7 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.