Қостанай қаласындағы Ахмет Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектеп «IQostanay» оқушылар сарайында 2025-2026 оқу жылын қорытындылаған «Жетістік шыңы-2026» атты салтанатты кешін өткізді.
Бұл күні жыл бойы білім бәйгесінде, спорт айдынында және шығармашылық додаларда оқ бойы озық шыққан шәкірттер мен кәсіби шеберлігін дәлелдей білген ұлағатты ұстаздар ғана емес, мектеп өміріне белсене араласып, жас ұрпақ тәрбиесіне қолдау көрсеткен ата-аналар да ерекше құрметке бөленді. Сән-салтанаты жарасқан марапаттау рәсімі басталмас бұрын, білім ордасының директоры Кенжебек Шайхыбеков ата-аналарға экскурсия ұйымдастырды. Оқушылар сарайының заманауи мүмкіндіктерін таныстырған мектеп басшысы балалардың бос уақытын тиімді өткізуі, қызығушылықтарына сай үйірмелерге қатысып, қабілеттерін шыңдауы маңызды екенін атап өтті.
– Мектебімізге 2024 жылы Алаш ардақтысы Ахмет Бірімжановтың есімі берілді. Өз басым осы білім шаңырағына 2022 жылы директор болып келдім. Содан бері шәкірттерімізді алға жетелеп, білім сапасын арттыру бағытында еңбектеніп келеміз. Жалпы 440 балаға шақталған мектебімізде бүгінде 473 оқушы тәлім алуда. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 62 оқу үздігіміз бар. Құрамдағы 47 педагогіміздің 18-і – «педагог-зерттеуші» санатында болса, 6-ауы – қанаттанып келе жатқан жас мамандар, қалған ұстаздарымыз – «педагог-сарапшы» мен «педагог-модератор» санатында. Еңбегіміздің басты көрсеткіші – оқушыларымыздың республикалық деңгейге шығып, мектебіміздің мерейін өсіруі. Осы уақытқа дейін қалалық және облыстық деңгейдегі белестерді бағындырсақ, биыл дайындықты барынша күшейтіп, мінекей, республикалық биікке көтерілдік. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарда бақ сынауды көздеп отырмыз, – деп атап өтті Кенжебек Поездович.
Биылғы оқу жылында қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда, түрлі байқауларда топ жарып, жүлдегер атанған оқушылардың қатары қалың. Нақтырақ айтсақ, 2025-2026 оқу жылында мектеп қоржыны қалалық деңгейдегі – 42, облыстық – 7, ал республикалық – 4 үлкен жетістікпен толықты. Осынау толағай табыстардың әрқайсысының артында қаншама қажырлы еңбек пен ұйқысыз түндердің жатқаны анық. Шәкірттердің барлық жетістігін тізбелей берсек, баспасөз беті тарлық етері сөзсіз. Десе де, республикалық деңгейдегі шоқтығы биік табыстарға тоқталып өтсек.
Мәселен, Атырау төрінде өткен «Махамбет оқуларында» 9-сынып оқушысы Жанали Қабжәлел (жетекшісі – А.Хамзина) 3-орынды иеленді. Ал елорда төрінде ұйымдастырылған «Менің шағын Отаным» атты жас тарихшылардың интеллектуалдық байқауында 10-сынып оқушысы Айжан Тынымбай (жетекшісі – К.Касымов) үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ Астана қаласында өткен «Ана тілі» зияткерлік қазақ тілі олимпиадасында 9-сынып оқушысы Гаухар Қуанышбай мен 11-сынып оқушылары Дарина Кадыржанова және Тоғжан Қуанышбек (жетекшісі – М.Әлиасқарова) білім бәйгесінің 3-орынын қанжығаларына байлады.
Сөз орайы келгенде, мектептің беткеұстар шәкірттерінің бірі – 10-сынып оқушысы Айжан Тынымбайды әңгімеге тарттық. Мектептің қоғамдық өміріне бейжай қарамайтын белсенді жас биыл үлкен сенімге ие болып, «Мектеп президенті» атанған екен.
– Тарих пәніне деген қызығушылығым жоғары. Жақында «Менің кіші Отаным» сайысының қалалық және облыстық кезеңдерінде бірінші орыннан көрініп, республикалық кезеңге жолдама алдым. Бұл – басты мақсатым еді. Жұмысымның тақырыбы ретінде Ахмет Бірімжановтың өмірі мен қызметін таңдадым. Қазіргі күні Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды тұлғалар туралы көп айтылғанымен, заманында халықтың мүддесін заңдық тұрғыда шебер қорғай білген Ахмет Бірімжанов жайлы ақпарат некен-саяқ. Осы тақырыпты таңдауыма тарих пәнінің мұғалімі Канат Марденович пен мектебіміздің директоры Кенжебек Поездович үлкен үлес қосты. Ахмет Бірімжановқа қатысты архивтік құжаттарды алдыруға да септігін тигізген осы кісі болатын, – дейді Айжан.
Салтанатты марапаттау рәсімінің шымылдығын түре отырып, ең алғаш болып «Білім шыңы» номинациясы аясында сахнаға пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жеңімпаздары көтерілді. Оларға лайықты марапаттарын Қостанай қаласы білім бөлімінің «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы директорының ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Бахытжан Исетова табыстады. Келесі «Өнер тарланы» номинациясы бойынша мектептің атын халықаралық және республикалық байқауларда асқақтып жүрген жүлдегерлер құрметке бөленді. Өнерлі өрендерге сый-сияпатын Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева табыстады. «Шымыр шынықсаң...» номинациясы аясында мектептің спорт саңлақтары сахнаға шығып, жиналған қауымның ықыласы мен қошеметіне бөленді. Спортшы жастарды мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Бекентаев құттықтап, марапаттарын табыс етті.
Артынша «Үлгілі отбасы» номинациясы аясында мектеп өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп жүрген ата-аналар құрметке кенелді. Сахна төріне көтерілген Қостанай қалалық білім бөлімінің тәрбие бөлімінің әдіскері Алмагуль Жаркимбаева белсенді ата-анаға Алғыс хаттарды табыс етті. Уақытында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақ», – дегендей, келесі кезекте ортаға біліктілігі биік, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздар шақырылды. Оларға «Кәсіби кемелдік» номинациясы аясындағы марапаттарын мектеп директоры Кенжебек Поездович табыстады.
Өнегелі шараның соңы «Өнерлі өрендер» бөлімімен жалғасын тауып, дарынды жастардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Сахнада әуезді ән шырқалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті, күмбірлеген күйден де шашу шашылды. Осылайша, Ахмет Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектептің ұйымшыл ұстаздар ұжымы, талапты оқушылары мен оларды қолдауға әзір ата-аналары рухани азық алып, мәре-сәре болып тарқасты.
Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген автор
«Учительская плюс» – это газета, которую читаешь не по обязанности, а с интересом. Здесь нет сухих отчётов. Есть живые истории учителей, полезные методические находки, опыт коллег со всей области. Каждый номер как подсказка и поддержка. Я очень люблю нашу газету за возможность рассказать о своей работе и узнать больше о работе своих коллег по всей области.
Спасибо редакции за то, что говорите с учителем на одном языке и вселяете веру в нашу профессию!
Школу-гимназию им. Абая г. Аркалыка и газету «Учительская плюс» связывают годы крепкой дружбы. Педагоги школы всегда проявляют искреннее желание подписаться на издание, ведь они горят своим делом и хотят публиковать статьи, транслируя свой опыт. Газета стала для нас незаменимой диалоговой площадкой, где каждый педагог может щедро делиться своим уникальным опытом, профессиональными открытиями и мастерством. Возможность сотворчества с такой авторитетной газетой для меня бесконечно ценна.