Педагог-жазушыға арналған өңірлік конференция

Выпуск - №40 (588)   :   27.10.2023
762

Жақында атақты педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл толды. Осы айтулы датаға орай, қазанның жиырмасында, ардақты тұлғаның жерлестері ұйымдастырған конференцияға қатысудың сәті түсті.

Өңір педагогтері бас қосқан конференцияүа нақ осы күннің таңдап алынуын кездейсоқ деуге келмес. Неге десеңіз, бұл күн – ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин дүниеге келген күн. Ал, С.Көбеев – ұлы ұстаз ашқан мектепте бастапқы білім алып, оның шапағатына бөленген шәкірті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтың бір айғағындай болған аталмыш конференция Меңдіқара ауданының Степанов жалпы білім беретін мектебінде өтті.

Қазақ еліне педагог-жазушы ретінде танылған жерлесіміздің құрметіне орай ұйымдастырылған бақосуға мектеп директоры Ә.Есенова бастаған мұғалімдер ұжымы, Меңдіқара ауданы білім бөлімінің қызметкерлері үлкен жауапкершілікпен, тиянақты дайындықпен келгенін аңғардық. Конференцияның ұйымдастырылғаны, педагог-жазушының мұрасын насихаттау, оның ұстаздық қырын жан-жақты ашып, өнеге ету жағы мұқият ойластырылғаны қатысушылардың көңілінен шықты.

Пленарлық отырыс С.Көбеевтің «Қалың мал» романынан алынған үзіндіні сахналаудан басталды. Рөлдерді сомдаған жастар қатарына оқу орыс тілінде жүргізілетін сынып оқушыларының тартылғанын атап өтсек ләзім. Қазақ тілінде сөйлеп, өнер көрсеткен мектеп оқушыларының жадында педагог-жазушының есімі, оның айтулы шығармасы, ұлағатты ұстазға деген құрмет сезімі қалары анық. Конференция алдында Меңдіқара ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің басшысы Ә.Кәрібаеваға сөз беріліп, артынша баяндамашылар тақырыптың мәні мен маңызын аша түсті. 

Өз басым, Қостанай педагогикалық колледжінің атынан сөз алып, мерейжас иесі, ұлағатты ұстаз С.Көбеевтің оқытушының абырой-беделіне қатысты айтқан өзекті де өміршең пікірлеріне тоқталып өттім. Солардың бірі – педагог-жазушының өне бойы оқып-үйренуді мұрат тұтып, ұстануы. Себебі жан-жақты білімді де білікті, шығармашыл, қоғамда белсенді педагог мерейінің үстем екенін С.Көбеев өз өнегесімен көрсете білді. Атақты педагогтің бұл тұжырымының қазіргі «өмір бойы оқып-үйрену» қағидасымен үндестігін қадап айтып, С.Көбеевтің газет-журнал оқымайтын мұғалімдерді сынға алған сөзін келтіріп өттім:

«Кейбір оқытушылар өз тұсынан оқып, білімін арттыруға «жағдай жоқ» деген сияқты түрлі сылтау айтып, өздерінің білімін толықтырғысы келмейді. Біздің заманымызда оқытушылардың өз тұсынан оқып, білімін арттыра беруіне жақсы жағдай бар. Жергілікті жерлердегі мүмкіншіліктерді (кітапхана, партия оқуы, т.б.) сарқа пайдалану, радио арқылы беріліп отыратын әр алуан лекцияларды тыңдаудың өзі, газет, журналдардағы үлгі мақалаларды оқу – оқытушының ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттыра беруіне мүмкіншілік береді». Демек, мұғалім мәртебесінің жоғары болуы ұстаздың өз қолында екенін қай кезеңдегі болсын педагогтер ұмытпағаны абзал.

Сондай-ақ, отырыста «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі Ғ.Жүсіпова, Меңдіқара ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ә.Байтемірова, Қостанай ауданындағы Совхозный ЖББ мектебінің мұғалімі А.Нұрпейісова және Қарасу ауданынан С.Көбеевтің шөбересі, математика пәнінің мұғалімі Дана Талғатқызы Тикенова сөз сөйледі.
Пленарлық отырыстан соң  секция жұмысы басталды. Екі бағытта жүргізілген жұмыс барысында бастауыш сынып мұғалімдері мен жаратылыстану-гуманитарлық пәндер мұғалімдері С.Көбеев шығармаларын оқыту тұрғысында пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Секция жұмысына аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Ә.Ғалиева және Г.Арғымбаева жетекшілік етті.

Бастауыш сынып пен түрлі пән мұғалімдері «Әдебиеттік оқу сабағында С.Көбеевтің шығармаларын жаңа әдістер арқылы түсіндіру», «Бала тәрбиесіндегі С.Көбеев шығармаларын тиімді оқытудың маңызы», «Қалың мал» романын тиімді оқыту жолдары», «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың функциялық сауаттылығын арттыру амалдары», «С.Көбеев шығармаларының рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі маңызы» және басқа да тақырыптарда баяндама жасап, тәжірибе алмасты.

Конференция өңір мұғалімдеріне С.Көбеев мұрасын, оның педагогтік қызметтегі ерен еңбегін қазіргі талаптар тұрғысынан зерделеп, бағалауға жол ашып, тың серпін берді дей аламыз. Неге десеңіз, қатысушылар оқу-тәрбие процесінде С.Көбеев еңбектерін жас ұрпаққа таныта түсудің озық әдіс-тәсілдерін саралады, жас мұғалімдер әдістемелік шеберліктерін шыңдай түсу қажеттігін сезінді. Аталмыш конференция педагогтердің ұлағатты ұстаз тағылымынан нәр алып, оқу-тәрбие процесін одан сайын сапалы жүргізулеріне қозғау салды деген сенімдеміз.


Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
үздігі, білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.