Шәкіртінің жетістігі – ұстазының мерейі

Выпуск - №9 (456)   :   04.03.2021
398

Ақпан айының 22-27 аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Білім додасының жеңімпазы атанған оқушыларды дайындаған ұстаздар салтанатты шара барысында арнайы марапатталып, құрметке бөленді.

Салтанатты жиын барысында олимпиаданың облыстық кезеңінің үш және одан да көп жүлдегерлерін дайындаған 7 педагог Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың қолынан марапатталды. Олар: Дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Жеңіс Кенжекей, аталған мектептің химия пәнінің мұғалімі Сұлтан Ахметов және информатика мұғалімі Махмуд Жұманиязов, Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Ирина Кириченко, №23 жалпы білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі Татьяна Калинина, М.Горький атындағы гимназияның неміс тілі мұғалімі Любовь Филинкова және француз тілі мұғалімі Светлана Шипова.


Ирина Кириченконың марапатталу сәті

Биылғы Олимпиада «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұсынған кесте бойынша қашықтан өтті. Оған жалпы білім беретін 16 пән бойынша 451 оқушы қатысып, нәтижесінде 226-сы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқы үш күн ішінде олимпиада жаратылыстану-математикалық цикл пәндері: математика, физика, химия, биология, география, информатика бойынша өтсе, 25-27 ақпан аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде білім беретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде білім беретін мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқықтық пәндер, ағылшын, француз, неміс тілдері және өзін-өзі тану пәндері бойынша өткізілді.


Любовь Филинкованың марапатталу сәті

Олимпиаданың облыстық кезеңінде 7 тәрбиеленушісі жүлдегер атанып, оның ішінде 2-еуі бірінші орынды иеленген физика пәнінің мұғалімі Жеңіс Кенжекейдің еңбек өтілі 11 жылға жуықтаған. Білім жолындағы ізденісін тоқтатпауды басты мақсаты еткен ұстаз бұл күндері Назарбаев Университетінде магистратурада білім алуда. Өткен жылы шәкірті Азат Әмірғали физика пәнінен республиканың олимпиадалық құрамасына енгенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта да дарынды шәкірттерді анықтап, олардың қабілетін дамыту жолында жұмыс істеуді көздеген Жеңіс Кенжекей өз сөзінде еліміздің басты байлығы пайдалы қазбалары емес, адам капиталы екенін атап өтті.


Жеңіс Кенжекейдің марапатталу сәті

Биылғы олимпиаданың облыстық кезеңінде 4 жүлделі орынды қанжығалаған Сұлтан Ахметовтың оқушылары республикалық және халықаралық деңгейде білімдерін бірнеше мәрте сәтті дәлелдеген. Шәкірті, тоғызыншы сынып оқушысы Асанәлі Қали химия пәнінен республиканың олимпиадалық құрамасына кіреді.


Химия пәнінің мұғалімі Сұлтан Ахметовтың марапатталу сәті

– Олимпиаданың биыл қашықтан ұйымдастырылғаны айтарлықтай қиындық тудырды деп айта алмаймын. Себебі осы күнге дейін де көптеген олимпиадаларды онлайн түрде өткізген болатынбыз. Сондықтан бұл тұрғыда айтарлықтай тәжірибеміз бар. Оқушыларым республикалық және халықаралық деңгейлерде өз мектебінің, қаласы мен облысының абыройын көтеріп жүр. Жалпы шәкіртпен жұмыс істеу барысында нәтижеге емес, оның тұлға ретінде өсуіне көңіл бөлу керек. Шынайылық, баланы бар болмысымен қабылдай білу және оның өсуіне көңіл бөліп сенім білдіру нәтиже әкеледі. Өзім әркез осы қағиданы ұстанамын. Егер баланың өсу, даму жолына көңіл бөлсек, жетістік оның соңынан іле келетін нәрсе, – дейді Сұлтан Құрманғалиұлы.



Облыстың үздік педагогтерінің бірі Татьяна Юрьевнаның оқушылары республикалық олимпиаданың бірнеше дүркін жүлдегерлері және халықаралық география олимпиадасының қатысушылары. Биыл 3 тәрбиеленушісі олимпиаданың жүлдегерлері атанды.


Татьяна Калининаның марапатталу сәті

Ал француз тілінің мұғалімі Светлана Валентиновнаның 3 оқушысы облыстық олимпиада дипломдарымен марапатталды. Осы пән бойынша қатысушылардың аздығына қарамастан, жүлделі орындар үшін бәсекелестік басқа пәндерден кем емес. Жақсы нәтиже көрсеткен үздік оқушылар Қостанай облысының олимпиадалық құрамасының құрамына кірді және алдағы уақытта біздің өңірдің намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.


Светлана Шипованың марапатталу сәті

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген
Қайрат ҒЫЛЫМЖАНОВ

 

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.