Бір күз, бір қыс, бір көктем бірталай дүниені өзгертуі мүмкін. Даму ма, әлде деградация ма? Бұл әр басқан қадам мен қабылданған шешімге байланысты. Осы тұста өткен оқу жылында «Аэропорт» ықшамауданында ашылған №29 орта мектептің тыныс-тіршілігімен арнайы танысып қайтқан едік.
№29 орта мектеп – ықшамаудандағы жалғыз білім ордасы. Өткен жылдың қыркүйек айында мектептің ашылуына барып, шағын аудан тұрғындарының қуаныштарына ортақтасып қайтсақ, биыл жеткен жетістіктеріне құлағдар болып, тағы бір марқайып қалдық. Оқушылар мектебі мен ұстаздарының мерейін білім, спорт, өнер бағытындағы түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстарда асқақтатып жүр. «Бастысы сан емес, сапа» деген қағиданы ұстанған ұйымшыл мектеп ұжымның қатары өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан. Атап өтер болсақ, барлығы 108 маман болса, оның 88-і педагогтер.
Мектеп басшылығы ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы білім ордасына 870 оқушы қабылданған, оның 150-і 7 бірінші сыныптың балғындары еді. Үстіміздегі оқу жылында мектептегі бірінші сыныптардың саны сегіз, ал оқушылардың қатары 1030 оқушы болып толыққан. Жаңадан бөй көтерген «Аэропорт» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысы әлі де жалғасып жатқандықтан, алдағы уақытта оқушылардың саны әлі де артуы тиіс екендігін айтады мектеп директоры Жанар Кушанова. Елімізде орын алған жағдайға байланысты оқыту жүйесі жоғарғы сыныптар мен ата-аналарының қалауы бойынша кейбір бастауыш сынып оқушылары үшін қашықтан жүргізілуде.
Мектеп директоры Жанар Кушанова оқушыларға жақын
Елімізде орын алған ахуалға байланысты №29 орта мектепте де бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде «кезекші сыныптар» ашылды. Оқу екі ауысыммен жүзеге асады. Ал әрбір сынып кіші топтарға бөлінген. Ол топтардың өзінде оқушы саны 15-ке дейін. Сабақтар бір кабинетте өткізілгенмен, әрбір топқа соғылатын қоңырау уақыты әртүрлі. Жоспар бойынша дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі және жұма күндері «кезекші сыныптар» мектепке келіп оқыса, аптаның сәрсенбі күні қашықтан білім алады.
– Қажетті санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы бастауыш сынып оқушыларына мектепте білім алуға рұқсат етілді. Бұл күндері білім ордамыздағы бастауыш сыныптың 373 оқушысын 33 топқа бөліп, «кезекші сыныптарда» білім берудеміз. «Кезекші сыныпқа» келген оқушылардың ата-аналары риза. Бастапқыда қарсы болғанмен, арнайы сыныптар ашылғанын естігеннен кейін көбі өтініш жазып, балаларын қатарға қосты. Әр сыныптың кіреберісі бөлек, яғни төрт сынып төрт жақтан мектепке кіреді. Бұл да балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан амалдың бірі, – дейді Жанар Асановна.
«Кезекші сыныпта» сабақ оқып жатқан 4 «Ә» сыныбының оқушылары мен ұстазы Бақыт Байсаматова
«Кезекші сыныптардағы» 33 топтың ішінде 1-сыныптың 158 оқушысынан құралған 15 топ, 2-сыныптың 114 оқушысынан құралған 10 топ, 3-сыныптың 60 оқушысынан құралған 5 топ және 4-сыныптың 41 оқушысынан құралған 3 топ білім алуда. Бір сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайды. Ал үзіліс сайын мұғалім терезені ашып, сынып ішін желдетіп отырады. Әр сыныпта мектеп басшылығы тарапынан қамтамасыз етілетін қолды өңдеуге арналған антисептиктер мен маска, антибактериалды салфеткалар қойылған. Оқушылардың өздері де шағын антисептиктерін жанынан тастамайды. Бұл жағдайдағы мектептің басты қағидасы педагогтер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін санитарлық талаптарды қатаң сақтауға негізделген. Ол бірден байқалады. Осы тұста №29 мектептегі «Кезекші сыныпқа» келген оқушының күн тәртібін тізбектеп көрелік.
– Таңертеңгісін 8-ге 15 минут қалғанда кезекші мұғалімдер мен мектеп дәрігері қолдарына медициналық қолғабын киіп, маскасын тағып, оқушыларды кіреберістен қарсы алады. Оқушылардың дене қызуы тексеріледі, медициналық масканы таққандығына көз жеткізіледі. Артынша әрқайсысын топтарына бекітілген кабинеттеріне шығарып саламыз. Дегенмен оқушыларымызды жетектеп әкелген ата-аналардың мектепке кіруіне рұқсат жоқ. Талаптардың барлығы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы қаулысы негізінде қатаң сақталады, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Оспанова.
«Кезекші сыныптардың» жағдайы түсінікті. Ал қашықтан білім алып жатқан 5-11 сынып оқушылары «Bilimland.kz», «Mektep», «Classroom» сервистерін қолданады. Одан бөлек WhatsApp мессенджеріне басымдық берілген. Ал білім алушыларға бірқатар ығайсыздық тудырып үлгерген Zoom платформасын қашықтан білім беру жолындағы қолданыстан толық алып тастаған. Оқушылар жағдайға қарамастан белсенділік танытып, түрлі сайыстар мен олимпиадаларда топ жарып жүр. Өткен оқу жылында мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жәнібек Өтеулин мектеп пен ұстаздарының мерейін өсіріп жүрген шәкірттерімен мақтанатындығын айтады.
Бастауыш сыныптар мұғалімі Күмісай Өтеулина мен 2 «Ә» сыныбының оқушылары
– Қабілетсіз бала болмайды. Тек оның дарынын байқап, аша білу қажет. Көбінеки ұстаздар жақсы оқитын балаларды түрлі сайыстар мен олимпиадаларға тартып жатады. Өз тәжірибемде орташа оқитын балаларға назар аудара бастадым. Олардың арасында сабақта аса ыждағат танытпағанмен, белсенділігімен көзге түсіп, білім, өнер жағынан не болмаса спортта биіктен көрініп жүрген оқушылар аз емес. Жалпы кез келген балаға түсіністік, қолдау керек. Сонда нәтиже болады. Соңғы уақытта оқушылардың пәндік олимпиадалар мен байқауларға қатыстырудың маңызы зор. Олар оқушылардың оқылатын пәнге қызығушылығын дамытады, белсенділігі арттырады әрі шығармашылығын қалыптастырады. Білім олимпиадалары мен сайыстар оқушылар мен мұғалімдерді бірігіп шығармашылық жұмыс жасауға жол ашады. Бұл нақты пәндер бойынша білімді тереңдетудің жақсы тәсілі, – дейді Жәнібек Өтеулин.
Санитарлық талпты орындап жатқан 3 "Б" сынып оқушысы Диана Умарова
№29 орта мектеп мұғалімдерінің көпшілігі оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындауда жақсы тәжірибеге ие, педагогикалық қызметтің осы қиын саласында жұмыс істейтін мұғалімдер баршылық. Баланың дарындылығын дамыту жөніндегі мектептің қызметі дарынды балалардың шығармашылық қабілетін ашуға жағдай жасау, оларды дамытудың стратегиялық мәселелерін шешудің кешенді қағидаттарына негізделген. Мұғалімдер оқыту барысында жеке және топтық тапсырмаларды қолданады, оқушыларға ақпарат көзіндеріне сілтеме жасай отырып қосымша әдебиеттерге бағыттайды.
Дарынды балалармен жұмыстың басым бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. Осыған байланысты өткен жылдан бастап білім ордасында «Жас ғалым» атты оқушылардың ғылыми қоғамы жұмыс істейді. Сол жылы «Зерде» республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық байқауының қалалық кезеңіне мектептің атынан 10 ғылыми-зерттеу және шығармашылық жоба ұсынылып, ІІ қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша мектеп 5-ші жүлделі орынға ие болды. Ғылыми жетекшілердің бірі болған Жәнібек Өтеулиннің айтуынша, алғашқы қатысу болғандықтан, нәтиже жаман емес.
Мектептің атын спорт бағытында шығарып жүрген Аружан Қуанышбекова, қалалық «Абай оқуларына» қатысып, 1-орынға ие болған Дидар Ерлікбекқызы, қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатысып, топ жарып жүрген Томирис Ерлібекқызы, қалалық домбыра сайысына қатысып, 1-орынға ие болған Илияс Серікбекті ерекше атап өтуге болады. Бір жыл – аз уақыт. Алайда осы аралықта білім ордасы біршама абыройға ие болды. Оның барлығы ұйымшылдықпен жұмыс істеп келе жатқан ұстаздар ұжымына, білікті басшыға және әлбетте саналы шәкірттердің жеткен жетістіктеріне, бағындырған асуларына байланысты.
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, білім ордасының табалдырығын аттаған әрбір шәкірттің қандай білім мен тәрбие алып шығатыны, біріншіден, өздерінің алғырлығына, екіншіден, өмір жолында бағыт-бағдар беретін ұстазына байланысты екені белгілі. Мектеп басшылығының болашаққа деген жоспарлары аз емес. Алдағы уақытта жетер жетістіктері мен шығар биігі зор боларына сенімді.
Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.