WorldSkills Lyon 2024 медальоны қоржында

Выпуск - №42(639)   :   25.10.2024
144

Францияның Лион қаласында өткен 47-інші WorldSkills халықаралық чемпионаты Қазақстан үшін үлкен жетістікпен есте қалды. Ел қоржыны алғаш рет 7 медальонмен толығып, ұлттық құрама еліміздің кәсіби шеберлік саласындағы әлеуетін көрсетті.


IMG-4559


WorldSkills Lyon 2024 халықаралық чемпионатына 69 елден 1500-ге жуық колледж студенттері қатысты. Ел намысын 30 құзыреттілік бойынша 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы қорғады. Аталмыш чемпионатта «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» бағыты бойынша ұлттық құрама атынан білімі мен білігін ортаға салған Қостанай автомобиль көлігі колледжінің түлегі Данияр Әбікенов үздіктердің қатарынан табылып, медальонмен марапатталды. Бүгінде талапты жас Astana IT University-дің Software Engineering бағыты бойынша бірінші курс студенті.

– Бұл – халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірибем. Сондықтан, жарысқа барғанда жеңімпаз атануды емес, мүмкіндігінше көп байланыс орнатуды басты мақсатым ретінде анықтап алдым. Себебі, қазіргі әлемде нетворкинг – ең маңызды дағды. Әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналған, бірақ барлығы достық пейілмен қарсы алды, – дейді дарынды жас Данияр Әбікенов. – Чемпионатқа өте риза болдым, біраз замандастарыммен достасып үлгердік. Бір байқағаным, жапондықтар – уақыттың қадірін жоғары бағаласа, сингапурлықтар – өте бауырмал екен. Жалпы, чемпионаттан өзіме көп пайдалы дүние алдым: жаңа таныстық, эмоциялар, ең бастысы – білім. Қатысушылармен әңгімелесе келе, білім алу жолында ешқашан да «толдым» дей алмайтыныңды, білімнің ауқымы шексіз екенін түсіндім. Әркез біліміңді толықтырып отыруға мүмкіндік бар.


IMG-4562


Оқу ордасының ғана емес, бүтіндей елінің даңқын халықаралық аренада асқақтатқан Данияр Әбікенов пен тәлімгері Андрей Степанюктың құрметіне Қостанай автомобиль көлігі колледжінің қабырғасында салтанатты рәсім өтті. Оған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева, қара шаңырақтың директоры Дмитрий Павленко, сондай-ақ Allur компаниясының өкілдері және білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Іс-шара барысында жеңімпаз бен оның тәлімгеріне облыс әкімінің атынан құттықтау хат және ақшалай сертификаттар табысталды.


IMG-4544


– WorldSkills – ауқымды халықаралық чемпионат екенін білесіздер. Кәсіби шеберлікті дамыту және жастарды қолдау мақсатында жас мамандар мен сарапшыларды біріктіріп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік береді. Осындай кәсіби шеберлік додалары арқылы мамандықтардың беделі артып, танымалдығы өсуде. Даниярдың бұл жеңісі – тек өзінің немесе оқу ордасының ғана емес, бүкіл Қазақстанның жетістігі, – деді Ринат Зәкиұлы.

Салтанатты марапаттау кезінде дәл осы Қостанай автомобиль көлігі колледжінің түлегі Андрей Степанюктің былтыр EuroSkills Gdansk 2023 халықаралық кәсіби шеберлік байқауынан «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» құзыреті бойынша қола медаль жеңіп алғаны да атап өтілді. Бұл жетістіктердің барлығы колледждің білім беру сапасының жоғары екенін көрсетеді. Осылайша, колледж техникалық мамандарды даярлау бағытында зор еңбек сіңіріп, халықаралық деңгейдегі байқауларда белсенділік танытуда.


IMG-4567


– Ең бастысы – біздің студенттер тек өз оқу орнының немесе өңірінің шеңберінде ғана емес, шет елдерде де дамып, жетістіктерін көрсету мүмкіндігіне ие. Өзінің айналысып жатқан кәсіби саласында әлемдік тәжірибе жинау – студент үшін әрдайым өте маңызды. Алайда, осы жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, даму үдерісі үздіксіз жалғасып, уақыт өте тұрақты өсуге айналуы керек, – дейді Андрей Степанюк.

Бізбен әңгімесінде халықаралық тәжірибенің маңызын, бес күнге созылған WorldSkills Lyon 2024 чемпионатының бағдарламасын Данияр Әбікенов сөзге қосты.

IMG-4565


– Чемпионатқа келген күні бізге жұмыс станциясын берді, содан оны зерттеуге кірісіп кеттік. Барлығы дұрыс жұмыс істей ме, соны тексердік, қандай да бір ақаулар болса, оны хабарлауымыз керек еді. Бірінші күн көптеген серверлер жұмыс істейтін Linux операциялық жүйесіне арналды. Linux жүйелері тұрақтылығымен және сенімділігімен кеңінен танымал. Егер маман Linux-ті баптай алатын болса, ол кез келген компанияда сұранысқа ие болады. Екінші күні Windows-ты баптадық. Бұл – бізге анағұрлым таныс операциялық жүйе. Мысалы, бір кеңсені алайық. Онда көптеген компьютерлер бар және оларды басқару қажет делік. Ол үшін барлық компьютерлерді бір мезгілде басқарып, желіні қолжетімді ететін маман керек. Бұл – домендер бойынша немесе Windows маманы.

Үшінші күн – Cisco күні. Ол көптеген магистральдарға, көптеген ғаламдық провайдерлерге қызмет көрсетеді. Cisco болмаса, біздің ғаламтор жылдамдығы әлдеқайда нашар болар еді. Яғни, Cisco бойынша маман IBM сияқты ірі компанияларда жоғары сұранысқа ие. Ал, төртінші күн траблшутингке арналды (ағылш. troubleshooting – «ақауларды жою»). Менің ағылшын тілім сол кезде қажет болды, себебі пайдаланушыларға олардың желілері неге жұмыс істемей тұрғанын түсіндіру үшін ағылшын тілінде сөйлесу қажет еді. Бізде проблемалардың тізімі және топологияға қолжетімділік болды. Не нәрсе және неліктен істен шыққанын қарап, пайдаланушыға егжей-тегжейлі жауап бердік, – дейді ол. Таңдаған бағыты бойынша осындай қажетті дағдыларды меңгеріп, халықаралық деңгейде замандастарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алғанына риза.

Осылайша, 25 жасқа дейінгі жас мамандардың кәсіби қабілетін анықтап, дамытуға бағытталған чемпионат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, цифрлық өзгерістер кезеңінде жұмысшы, техникалық мамандықтардың беделін арттыруға және бүкіл әлемде осы саладағы стандарттарды дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда бұл қозғалыс 85 елде белсенді түрде қолдау тауып, өңірлік, ұлттық, әлемдік деңгейдегі чемпионаттар мен континенттік жарыстарды ұйымдастырылып келеді. Қазақстан 2014 жылдан бастап «WorldSkills»-тің толыққанды мүшесі болып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа талаптарға сай жетілдіру жолында.

Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.