Ұстаздықты ұлық тұтқан Әлімовтер әулеті

Выпуск - №36 (584)   :   29.09.2023
765

Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздардың төл мерекесіне орай, сол қасиетті абыроймен арқалап жүрген ӘЛІМОВТЕР әулеті жайлы сөз қозғамақпыз.

Ұстаздар әулетінің ағарту саласындағы жолы ардақты ұстаз Едрес Әлімұлынан бастау алады. 1954 жылы Торғайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепті тәмамдап, ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түскенде қазақтың біртуар тұлғаларынан дәріс алады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 40 жыл еңбек еткен ұстаз – қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мұхтар Әуезовтің тікелей шәкірті. Зайыбы «Алтын алқа» иегері Мәриям Әбдіғалиқызы екеуі 3 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірген. Балаларының дені Қостанай өңірінің, Алматы қаласының білім ордаларында ұстаздық қызмет атқарып келеді.

– Бір інім – сәулетші, екінші інім – агроном, қалған сегізіміз – түгел мұғалімбіз. Бұл да бір әкеміздің жарқын үлгісінің септігі болса керек, – дейді бізбен әңгімесінде ұлдардың үлкені Нұрлан Едресұлы. Ағамыздың ұстаздық жолдағы еңбек өтілін жалпы алғанда биыл 38 жылдан асып барады. Соңғы 10 жылдан бері Мемлекеттік тілдегі Заречный жалпы білім беретін мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етуде.

Айта кету керек, Едрес Әлімұлының қыздарының көпшілігі әкесінің ізіп жалғап, бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүр. Балалардың үлкені, қадірлі ұстаз Айгүл Едресқызы қазіргі уақытта құрметті демалыста. Талай жыл математика пәнінің мұғалімі болып абыройлы еңбек еткен. Үш қызы Қостанай ауданының Тобыл қаласындағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз білім ордасы – Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназияда қызмет істейді. Айтгүл Едресқызы қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Бүгінде аталмыш мектеп-гимназияның директоры қызметінде. Назгүл Едресқызы 27 жыл құқық негіздері пәнінен сабақ беріп келеді, ал Жанбота Едресқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Математика пәнінің мұғалімі Ақгүл Едресқызы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жаңагүл Едресқызы Алматы қаласындағы білім ордасында абыройлы қызмет істеп келеді. Ал ұстаздар отбасының тағы бір мүшесі Әсия Едресқызы – Қостанай қаласындағы NIS-тің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

– Мектепті бәріміз де жақсы оқыдық әрі қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстық. Соның салдарынан болар, жақсы-жақсы деген мұғалімдерден тәлім алдық, одан қалды әкеміздің үлгін көріп өстік. Әкеміз айтатын: «Заманның қай уақытында да мұғалім керек», – деп. Бұл сөздерінің жаны бар, – деп бөлісті Айгүл Едресқызы. Расында, баланың бас ұстазы – ата-ана екені белгілі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, шаңырақта көрген-білгені балаларға әсер етпей қоймасы анық. Бұл сөзіміздің жарқын үлгісі – бүгінгі кейіпкерлеріміз болса керек.

– Бес баламның 4-еуі атасы мен әкесінің жолымен мектепте жұмыс істейді. Бесеуі де грантқа оқуға түсті, екеуі қызыл аттестатпен мектепті тәмамдады. Бүгінде үш қызым тұрмыс құрды, күйеу балаларым – мұғалім. Қызым Гүлназира қаламыздағы С.Мәуленов атындағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Тағы бір қызым Тоғжан қазір Аэропорт шағын ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебінде химия пәнінің мұғалімі, – дейді Нұрлан Едресұлы. Ұлағатты ұстаздың жан-жақты еңбегі бағаланып, Мұғалімдер күніне орай, осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының төсбелгісін кеуде тұсына таққан.

Ақгүл Едіресқызы мен Жаңагүл Едіресқызы

Ұстаздар әулетінің алып шыңында тұрған Едрес Әлімұлы жайлы 1992 жылы ҚР мәдениет қайраткері Жақсылық Жүнісов былай деп жазады: «... Өмір деген қызық! Сонау елуінші жылдары маңдайы жарқырап академик-жазушы Мұхтар Әуезов университет аудиториясына кіріп бара жататын. Енді ұстазына ұқсап, маңдайы жарқырап әдіскер мұғалім Едірес аға Әлімов класс бөлмесіне еніп барады. Кешегі балаң шәкірт, бүгінгі ел ағасы зиялы адамның өз аузынан естігенін оқушыларының зердесіне құюға асыққан сыңайда. Барынша жан сарайы ашық, бірдеңені бүгіп қалудан аулақ. Сөйте тұра оны «Қой аузынан шөп алмайтын жуасқа» және қоспайсың. Неге десеңіз, бірбеткей, турашыл қалпынан ауытқымайды. «Шіркін, осы қасиеттер әрқайсымыздың бойымызда өріліп жатса» деп қиялдайың».

«Тектіден текті туады» демекші, осындай асыл қасиеттердің иесі 2008 жылы 72 жасқа қараған шағында дүниеден озған. Бүгін, міне, сол әкенің салып кеткен сара жолымен балалары, олардан туған немерелерінің ішінде алтауы абыроймен еңбектеніп келеді. Баланы білім мен тәрбиеге үйрету – қасиетті жұмыс. Ұстаздықты – мамандық атаулының ішінегі ең асылы, мәртебелісі дейтініміз де сондықтан.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.