Жаңа оқу жылына жаңаша леппен

Выпуск - №36(633)   :   13.09.2024
318

Биылғы жаңа оқу жылына қаламыздағы КСК мөлтек ауданындағы мемлекеттік тілде білім беретін жалғыз білім ордасы – Ғафу Қайырбеков атындағы №9 жалпы білім беретін мектебі жаңаша леппен қадам басты.

IMG-3524

Қабырғасы қаланған сонау 1985 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген ғимарат бүгінде жарқырап тұр. Іші әдеттегіден жарық, жастарға сапалы білім беруге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, тозығы жеткен жиһаздары да жаңартылып, мектепке жаңа өң беріп тұрғандай. Ең бастысы, білім ордасының ұжымы, балалар мен олардың ата-аналары бұл өзгеріске риза. Оған Білім күнінде барып куә болып қайттық. Биыл мектеп оқушыларының, оның ішінде бірінші сыныпқа аяқ басқан жеткіншектердің саны да артқан. Бұл туралы бізбен әңгімесінде мектептің директоры Асемхан Молдахаликов мақтанышпен айтып өтті.
– Былтыр сұраныс берген едік. Биыл, міне, сәті түсіп, қаражат бөлініп, мектебіміз жаңа тыныс алып отыр. Облыс әкімшілігі мен қала әкімшілігіне ұжымымыз, ата-аналар алғыстарын айтып жатыр. Әрине, өзімнің тарапымнан шағын аудандағы мемлекеттік тілде білім беретін жалғыз қазақ мектебіне көңіл бөлгені үшін, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Уразбаеваға алғыс айтқым келеді. Жаңа оқу жылындағы тағы бір қуанышты жағдай – былтыр мектебіміздің табалдырығын 80 бала аттаса, биыл 130 бала бірінші сыныпқа қабылданып отыр. Бұл – бұған дейін болмаған көрсеткіш, – дейді Асемхан Нуртазинович.

image

Биыл бірінші сыныпқа қадам басқан Кәусар Русланқызы отбасымен


IMG-3409

Мектеп директоры бұның себебін жүргізілген жөндеу жұмыстарымен ғана емес, берілетін білімнің сапасымен де байланыстырады. «Жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта басқа мектепте оқығандарына қарамастан, былтырғы оқу жылының көрсеткіші қуантады. Оқуды тәмамдаған 53 түлегіміздің отызы (бұл оқушылардың 60 пайызы) грант иегері атанып, ата-аналары мен ұстаздарының төбесін көкке жеткізіп, бір марқайтқан еді. Бұл да ұжымның, біздің ұстаздарымыздың жетістігі болса керек», – дейді тағылымды білім ордасының басшысы.
Жыл сайын жаңа оқу жылының басында болатын қарбаласқа қарамастан, мектеп директоры Асемхан Молдахаликов арнайы уақытын бөліп, ғимарат ішінде жаңартылған кабинеттер мен заманауи құрал-жабдықтарды таныстырып өтті.
– Бөлінген 75 миллион теңге қаражатқа, жөндеу жұмыстарынан кейін, мектептегі барлық жабдықтар алмастырылды. Тозығы жетіп тұрған парталардың барлығын шығарып, орнына жаңа үлгідегі, заманауи әрі ыңғайлы жиһаздарды кіргіздік. Сондай-ақ, 15 дана интерактивті панель сатып алынды. Компьютерлерімізді жаңартып алдық. Бұған дейін мектебімізде он бес жылдан артық қызмет еткен интерактивті тақталар болған еді. Ендігі кезекте, олардың қатары толығып, мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары панельдер оқушыларға білім беру жолында ұстаздарға көмекші құрал болмақ. Осылайша, мектебімізге жаңа тыныс беріп жатырмыз, – дей келе, білім ордасының кітапханасы мен шағын мұражайына да ертіп апарды.

IMG-3888

Музейдің үлкен бұрышы білім ордасы есімімен қатар аталатын көрнекті ақын әрі жазушы Ғафу Қайырбековке арналған. Онда ақынның қолданған кейбір заттары, естелік фотосуреттер мен кітаптары қойылған. Кабинеттің келесі бір қабырғасы түгелдей білім ордасының мақтан тұтар түлектерінің жетістіктеріне бағдарланған. Стендтің үлкен бөлігіне былтыр небәрі 23 жасында өмірден өткен мектептің түлегі Малика Мұхтарованың медальдары мен дипломдары қойылған. Ол елімізге танымал спортшы, пара спорт бойынша Отандық, халықаралық, әлемдік турнирлер мен чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері еді. Малика оқыған кезде мектепте пандустар болмағанын, сыныптас достары оны көтеріп алып сабаққа асыққан сәттерін еске алды Асемхан Нуртазинович. Бұл күндері бәрі ойластырылған.

IMG-3889

Қазір мектепте 72 мұғалім және 39 сынып комплекті бар. Осы уақытқа дейін білім ордасы 1176 орындық болса, күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін, бекітілген стандартқа сай мектеп 900 орындық болып бекітілген. Бұл күндері жалпы саны 950 бала білім алуда. Еңбек өтілі 38 жылдан асып, соның 22-ісін дәл осы мектепте өткізген биология пәнінің мұғалімі Гульбану Муканова да, өз кезегінде, пән кабинеттерінің жаңартылғанына риза. Ал, бастауыш сынып мұғалімі Жанат Нуржанова болса, жаңа технологиялардың игілігін сабақ барысында қолдану мүмкіндігінің пайда болғанына ерекше тоқталып өтті.
– Биылғы 2024-2025 оқу жылының басталуына орай, жеті айға созылған күрделі жөндеуден кейін мектебіміз қыркүйектің 1-інде оқушылар мен ұстаздарға білім есігін айқара ашты. Жаңаша түрленген мектебіміздің іші таза, жарық. Кабинеттерде оқушыларымыздың жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасалған. Бастауыш сынып кабинеттері интерактивті тақталар, мұғалім мен оқушыларға арналған қажетті құралдармен қамтамасыз етілген, – дейді Жанат Турсынбаевна. Ұстаздың жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 28 жыл, ал осы білім ордасында 8 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл 29 оқушының басын қосқан 3 «А» сыныбына білім беруде. Балғындар да мектептің жаңа келбетін жоғары бағалауда.

IMG-3883

– Спорт залы, акт залы мен кітапхана да өз жұмысын жаңа қарқынмен бастап кетті. Мектеп оқушылар мен ұстаздарға ғана емес, ата-аналар қауымына да ұнап, олардың тарапынан да алғыс білдіріліп жатыр. Алтын ұямыздың осылайша жайлы болып, күрделі жөндеуден өткеніне қуаныштымыз. Мектебіміз әрқашан осылай көркейіп, білім алатын оқушыларымыздың қатары көбейе берсін деген ұстаздық тілегім бар, – деп сөз соңында ізгі лебізін білдірді Жанат Нуржанова.
Кітапхана демекші, балалардың мектепте жиі баратын орыны – осы. Айтуларынша, тыныш әрі жайлы. Сондай-ақ, қызықты кітаптар көп. Он бес жылдан бері мектеп кітапханасында қызмет етіп келе жатқан Рсалды Бексултанова қазір жұмыс істеудің өзі бір ғанибет екендігін айтады бізбен әңгімесінде.

IMG-3885

– Осы уақытқа дейін кітапханамызда болған жиһаздар ескіріп үлгерді. Қазір түгелдей жаңартылды. Жыл сайын кітапхананың қоры балаларға ғана емес, ересектерге де арналған көркем әдебиеттермен толықтырылады. Мәселен, биыл 400-ден астам кітап келіп түсті, әлі де күтілуде. Жаңа оқу жылында кітапханамыз ғана емес, мектебіміз де жаңа тыныс алды десем, артық айтпаған болар едім. Иә, айтқандай, үстелдер мен орындықтар, кітап сөрелері – бәрі-бәрі заманауи талаптарға сай жасақталған. Оған қоса, минибуктар бөлінді. Енді, оқушылар қажет кезде кітапханаға келіп, әдебиеттерді оқып қана қоймай, қазіргі ақпараттық дәуірде білім алуға қажет дереккөздермен еркін жұмыс істейтін болады. Бұрынғыдай емес, қазір балалардың таңдауы бар, жасөспірімдер әдебиеттері жетерлік. Ең бастысы, балалардың өздері өзгерістерді сезеді, – дейді Рсалды Касымхановна.

IMG-3895

Осылайша, үлкен үміт арқалаған жаңа оқу жылы Ғ.Қайырбеков атындағы №9 ЖББМ үшін жағымды оқиғамен бастау алды. Ендігі кезекте, оқу жылы осы көңіл-күймен жалғасып, білім сапасының көрсеткішімен қуанта берсін дейміз.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.