«Жайлы мектеп» – балалар игілігіне

Выпуск - №44(641)   :   07.11.2024
494

Қараша айы өңіріміз үшін үлкен қуанышпен басталып, білім саласына жаңа серпін берген қос бірдей «Жайлы мектеп» оқушыларға есігін ашты. Заманауи білім ордаларында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

image


Облыстағы алғашқы Жайлы мектеп – 900 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын №1 Заречный ЖББ мектебі Қостанай ауданының Заречный кентінде бой көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әрбір оқушының сапалы білімге қол жеткізуі тиіс екенін бірнеше мәрте атап өткені есімізде. Сондықтан да, ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы өңірлердегі оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған.

8-1-1


Бірегей білім ордасының салтанатты ашылуына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, Білім басқармасының басшысы Айман Ибраева және бір топ зиялы қауым өкілдері жиналды. Құттықтау сөзінде ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының: «Халықтың ағартуы балалық шақтан, мектептен бастау алады. Педагогтердің міндеті – білім беру процесін терең мазмұнмен толықтыру, өз тарихын білетін және болашақта еліміздің игілігі үшін қызмет етуге дайын нағыз патриоттарды тәрбиелеу!», – деген сөзін келтірген Ринат Зәкиұлы, білім ордасы бүгінде 500 баладан артық қабылдап үлгергенін айта келіп, педагогтер құрамы толық қамтылғанын және олардың 60%-ы – жоғарғы санаттағы мұғалімдер екеніне тоқталып өтті. Сөз соңында құрылыс жұмысын жүргізген, ұйымдастырған барша жауапты тұлғаларға алғыс білдіріп, осы білім ордасы балалардың құтты мекеніне айналуын тіледі.

8-1-2


Педагогтерге, оқушылар мен ата-аналарға ақсақалдар да өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ұлтымыздың рухани көсемі, педагог жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлы халықты ағарту баладан, мектептен бастау алатынын, білімнің тірегі мектеп екенін айрықша атап өткенін тілге тиек еткен Қалқаман Хасенұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған жерінде ашылған білім ордасынан болашақта Нобель сыйлығының лауреаттары шығарына сенім білдірді. Қызыл лентаны қию құқығы философ, этнограф, ыбырайтанушы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақыпқа, Қостанай ауданы Педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрайымы Мағиза Наженоваға және Қостанай облысының Құрметті азаматы, жазушы, публицист, журналист Ақылбек Шаяхмет пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аязбек Шалқынбековке берілді.

image
Мердігер ұйымның бас директоры Болат Ашимов


Жайлы мектепті салған мердігер ұйымның бас директоры Болат Ашимов құттықтау сөзінде: «Он бір ай ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтап, білім ордасының кілтін табыстадық. Бүгін, міне, бәріміз үшін үлкен той. Мектептен тек мықты, білімді азаматтар өсіп, елімізді гүлдендіруге үлесін қоса берсін», – деп атап өтті. Иә, жаңа мектепте балалардың сабағы басталып та кетті. Жалпы құрылысына 5 млрд. теңге жұмсалған №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінде сапалы білім беру процесі үшін барлық жайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалған.

Соңғы үлгідегі материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған үш қабатты ғимарат заманауи форматта Ұлттық жобаға сәйкес салынды. Бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған блоктар, әр буын үшін бөлек 3 спорт залы қарастырылған. Мектепте 100-ден астам оқу кабинеті бар. Оқу зертханаларымен қатар физика, химия, биология пәндерінің қабинеттері, робототехника кабинеттері мен компьютерлік сыныптар, STEM-зертханалар толық жабдықталған. Оқу кабинеттерінде интерактивті тақталар, ал шетел тілдері кабинеттерінде арнайы лингафондар бар. Балалардың көптеген пайдалы дағдыларды игеруіне мүмкіндік беретін жаңа шеберханалар да бой көрсеткен.

8-1-3


Бұл уақытқа дейін Мичурин ЖББ мектебінде еңбек еткен ұстаз Саят Есембек аталмыш білім ордасына барлық іріктеу талаптарына сәйкес келгендіктен, конкурстық негізде қабылданған. «Облысымыздағы бірегей Жайлы мектеп – жайлы, жылы, балалардың білім алуына қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Әрине, ата-аналар да, оқушылар да риза. Заман талабына сай бой көтерген білім ордасында оқитын әр оқушы өзінің мүмкіндігін толықтай пайдаланатын болса, бәсекеге қабілетті елдермен сенімді түрде иық тірестіре алады деп есептеймін, – дейді география пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, педагогика ғ.м., мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Саят Әмірханұлы.

image

(География пәнінің мұғалімі Саят Есембек шәкіртімен)


Мектептің әмбебап акт залы конференц-залға немесе өнер студиясына айналуы мүмкін. Одан бөлек, оқу залы бар кітапхана, оқушылар мен мұғалімдерге ыңғайлы коворкинг аймақтары, жоғары жылдамдықты интернет – осының бәрі сапалы білім алу және балалардың қабілеттерін дамыту үшін оқу кеңістігіне қолайлы жағдай жасайды. Су жаңа мектептің кітапханасын меңгеру ісі кітапхана саласында 20 жылдық еңбек өтілі бар Әсемгүл Файзулинаға тапсырылыпты. Әрине, ашылғаны енді болғандықтан, барлық кітаптар су жаңа, біртіндеп келіп түсуде. Бүгінде олардың жалпы саны 9 мыңға жуықтаған, басым бөлігі – оқулықтар.

image

 (Кітапхана меңгерушісі Әсемгүл Файзулина)


Мектеп ауласының аумағы тыныш ойындар үшін де, белсенді және мобильді ойындар үшін де абаттандырылған. Әбетте, білім ордасы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген, қауіпсіз білім беру ортасы құрылған, азаматтардың аз қозғалатын тобына бейімделген: пандустар, тұтқалар, нашар көретіндерге арналған ескерту жүйелері, таблолар мен көрсеткіштер бар. Мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер үшін 100 тұрақты жұмыс орны құрылғанын да атап өткен жөн. Осылайша, игілігі мол Жайлы мектеп өңірлерде оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешіп, өскелең ұрпақты оқыту, тәрбиелеу және дамыту үшін қолайлы және заманауи жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.