Қостанай қаласының Береке шағын ауданындағы №31 жалпы білім беретін мектепте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бастау алынған «Менің аулам – менің бағым» атты ауқымды облыстық жобаның алғашқы қадамы жасалды.
Жоба өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруды, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Келешек мектептің ауласында өткен іс-шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров, білім ордасының педагогтері мен жоғары сынып оқушылары, ата-аналары қатысып, бір кісідей атсалысты. Олар мектеп ауласына алма көшеттерін отырғызып, өңірді көгалдандыруға бағытталған бастамаға үлес қосты.
Жобаның ауқымы кең. Бес жыл ішінде, яғни 2030 жылға дейін Қостанай облысындағы 400-ден астам білім беру ұйымында 3000-нан астам алма ағашын отырғызу көзделген. Ал алғашқы кезеңде 100 білім беру ұйымы қамтылып, оның ішінде 85 мектеп, 12 колледж және 3 жоғары оқу орнының аумағына 1000 жас көшет отырғызылады. Ардақ Құрмашұлының айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында өңірдің климаттық жағдайы мен топырақ ерекшеліктері ескерілген. Тіпті, ағаш түрлері А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ғалымдарының қатысуымен іріктеліп, оларды отырғызу, күтіп-баптау жөнінде әдістемелік нұсқаулықтар әзірленген.
– Республикамыз бойынша «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқаны баршаңызға мәлім. Осы экологиялық бастама аясында Қостанай облысының білім басқармасы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен бірлесіп, «Менің аулам – менің бағым» атты ауқымды жобаны әзірледі. Жоба аясында өңіріміздің топырағы мен климаттық жағдайына бейімделген ағаш түрлері университет профессорларының қатысуымен таңдап алынды. Сондай-ақ ғалымдармен бірлесіп, көшеттерді дұрыс отырғызу, күтіп-баптау, топырақты қопсыту жөнінде әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді, – деп атап өтті өз сөзінде Ардақ Бегатаров.
Білім басқармасының басшысы таңдалған жеміс ағаштарының жерсіну көрсеткіші 85 пайызға жетеді деп күтілетінін айтты. Ал жобаның алғашқы нәтижесін 2027 жылдың көктемінде бағалау мүмкіндігі туады. Оның айтуынша, білім беру ұйымдарының аумағында бақ өсіру идеясы облыс басшысының тамыз кеңесінде берген тапсырмасымен де үндес. Яғни, мектеп аулаларын жасыл желекке бөлеу арқылы оқушыларға табиғатты аялаудың маңызын іс жүзінде үйретуге, сонымен қатар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға жол ашылады.
Жобаның маңызы тек қоршаған ортаны көгалдандырумен шектелмейді. Оның тәрбиелік және психологиялық қыры да айрықша. Бірлескен еңбек, табиғатпен етене араласу және отырғызған көшеттің күтіміне жауап беру балалардың бойында жауапкершілік, қамқорлық пен ортақ іске деген құрмет сезімін қалыптастырады. Бұл жайлы Психологиялық қолдау мен тәрбие жұмысының өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры Елена Петренко атап өтті.
– Жайқалып өскен ағаш – үміттің, өмір сабақтастығының және жарқын болашақтың бейнесі. Өңірлік психологиялық қолдау орталығының директоры ретінде бұл жобаның мән-маңызы мен үшін ерекше. Жасампаздық психологиясы табиғатпен байланыс пен игілікті еңбектің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Таза ауадағы бірлескен еңбек пен өсімдіктерге күтім жасау балалардың эмоционалдық әл-ауқатын арттырып, олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, – деп ойымен бөлісті Елена Александровна.
Расында, топыраққа отырғызылған әрбір көшет – келешекке қамқорлықтың белгісі. Ал оны өз қолымен отырғызып, өсуіне үлес қосатын оқушы үшін бұл еңбек табиғатқа деген сүйіспеншілікті сөз жүзінде емес, іс жүзінде сезінудің мүмкіндігі. №31 мектептің 10 «А» сынып оқушысы Сымбат Бекбауова да жаңа бастаманың болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтады. Оның пікірінше, қоршаған ортаны қорғау мәселесі әр адамның күнделікті ісінен басталуы керек.
– Менің ойымша, аталмыш жоба болашағымыз үшін өте маңызды. Қазір ауаның да, жердің де ластануы сияқты мәселелер бар. Осындай игі іс-шараларды көбірек өткізіп, ағаш отырғызу арқылы жастарды табиғатқа қамқор болуға үндей аламыз. Бүгін отырғызған алма ағаштарымның бірнеше жылдан кейін жайқалып өсіп, жемісін бергенін көрсем деймін. Бұл – келер ұрпаққа қалатын құнды мұра, – дейді талапты жастардың бірі Сымбат.
Мақсаты биік «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында бүгін мектеп ауласында тамыр жайған жас көшеттер ертең саялы баққа айналып, балаларға саясын, айналаға көрік, ал келешек ұрпаққа өнеге сыйлауы мүмкін. Ең бастысы, әрбір отырғызылған ағаш табиғатты қорғау үлкен өзгерістерден емес, әр білім ордасының, әрбір адамның өз ауласынан басталатынын еске салып тұрады.
Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген автор
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.
Благодаря профессионализму коллектива редакции и пониманию важности наших тем мы, педагоги, можем представить широкой аудитории региона самые актуальные материалы о своей работе, о достижениях коллег и успехах учащихся. Я считаю, что газета «Учительская плюс» играет ключевую роль в поддержке профессионального сообщества, в развитии образования Костанайской области. И горжусь тем, что могу внести свой вклад в это дело вместе с газетой.