
Арқалық қаласындағы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған «Жаз Bala Quest» 2-ауысым жазғы лагері – балалар үшін шынайы шығармашылық пен рухани дамудың мекеніне айналды.
Бұл лагерь – тек уақыт өткізу алаңы емес. Мұнда әр күн – жаңа белес, әр шара – жаңа жетістік. Балалар күн сайын түрлі бағыттағы белсенді сабақтар мен ойындарға қатысып, өмірлік маңызды дағдыларды меңгереді. Шығармашылық, спорттық әрі зияткерлік бағыттағы іс-шаралар арқылы оқушылардың көшбасшылық қабілеті, логикалық ойлауы және тіл байлығы дамиды. Міне, осының бәрі лагерь аумағындағы арнайы тимбилдингтермен, театрландырылған қойылымдармен және шығармашылық шеберлік сабақтарымен үйлесіп, балалардың дамуына тың серпін береді.
«Шабыт» театр үйірмесінің жетекшісі Маржан Италмасова қазақтың көрнекті қайраткері, ақын, ағартушы М.Дулатұлының 140 жылдығына орай «Көшбасшы-2025» жаз белсенділері байқауын ұйымдастырды. Байқау барысында қала мен ауыл мектептерінің жанынан құрылған жазғы лагерь оқушылары көшбасшылық қабілеттері мен шығармашылықтарын ортаға салды. Қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша білімдерін, тапқырлықтарын және өз-өздерін таныта білу қабілеттерін көрсетті.
Нәтижесінде бірінші орын мен «Көшбасшы-2025» атағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназия оқушысы Сезім Серікке берілді. Жүлделі екінші орынға А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназия оқушысы Айару Мешітбай, Ә.Бөкейхан атындағы мектеп оқушысы Айкөркем Есімхан ие болды, ал 3-орынды Кейкі батыр атындағы №4 мектеп оқушысы Данагүл Жайнақбай, Ш.Уәлиханов атындағы №1 мектеп оқушысы Айару Сардар, №8 мектеп оқушысы Жанна Сабыржан иеленді. Сонымен қатар М.Әуезов №5 мектептен Інжу Серік, Б.Майлин №3 мектептен Ақаділ Тұрсын да марапатталды.
«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған «Жаз Bala Quest» лагері – балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталған, білім мен тәрбиені, демалыс пен шығармашылықты үйлестіре білген ерекше орта. Мұнда әрбір бала өзін еркін сезініп, достық пен ынтымақтастықтың мәнін түсінеді, жаңа қырларын танып, өмірге деген құлшынысын арттырады. Осындай демалыс орындары балалардың жадында ұзаққа сақталып, болашаққа сеніммен қадам жасауына зор ықпал етеді.
Әсемгүл ТҮБЕКОВА,
«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер
орталығының қосымша білім беру педагогі,
Арқалық қаласы