Үш айға созылған қызығы таусылмас демалыс уақыты аяқталып, мектептің алғашқы күні басталысымен, осындай тақырып аясында жазатын шығарма үлкеннің де, кішінің де есінде болар. Бірі ауылда өткізген ұмытылмас демалысы жайлы ой қозғаса, екіншілері жазғы демалыс уақытын да білімін кеңейтуге арнағандығын немесе жақындарына қолғабыс жасағанын толғанып жазатын. Бұның да ауылы алыс емес. Себебі, санаулы күннен соң, республика көлемінде алғашқы қоңырау соғылып, мектеп оқушылары жаңа оқу жылын бастамақ.
Бұл күндері республика көлемінде оқушылардың сапалы білім алуымен қатар, саналы тәрбие алуына да ерекше мән берілуде. Аталмыш тәрбие жұмысының әлеуметтік-мәдени кеңістігінің тұтастығы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруда неғұрлым айқын көрінеді. Осы бағытта балалардың демалысын қызықты өткізуге бағытталған демалыс орталықтары мен лагерлер жеткілікті. Соның ішінде, республика бойынша 236 – қала сыртындағы, 11 мыңға жуық – мектеп жанындағы, 1750-ден астам – шатырлы және киіз үйлі лагерлер бар. Қостанай облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылы жазғы іс-шаралардың барлық түрлерімен Қостанай қаласының 27 мың 590 (100%) оқушысы қамтылды, бұл облыстық көрсеткіштен 1,2%-ға жоғары.
Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының балаларын сауықтыруға ерекше көңіл бөлінеді. Осы санаттағы 350 бала қала сыртындағы «Светофор» лагерінде демалып келді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет қаражатынан 6,650 миллион теңге бөлінген. Тағы 659 бала жазғы кезеңде мектеп жанындағы учаскелерде жалпы сомасы 3 миллион теңгеге тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл облыстық білім басқармасының берген мәліметтері.
9 ай білім нәрімен сусындағын мектеп оқушылары үш ай жазғы демалыс уақытын қызықты өткізгісі келетіні анық. Біреулері ауылда, ата-әжесінің жанында болса, екіншілері арнайы лагерлерге барып демалғанды жөн санайды. Демалыс білеу болса да, әр бала әр түрлі демалатыны белгілі. Олардың жазғы демалыстары туралы тамылжытып, ықыласпен айтқан әңгімелерін тыңдаудың өзі қызықты. Осы тұста, Қостанай қаласындағы мектеп оқушылары жазғы демалысын қалай өткізгендігі жайлы арнайы сұрастырған едік.
Жаннель БАРМАҚОВА – Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы:
– Кейбір балалар жазғы демалысын ойынмен өткізсе, қала балаларының көбісі ауылдағы жақын-жуық, жамағайын-туысқандарына жол тартады. Мен де жыл сайын сөйтемін. Ауылда өткен демалысымның әр күні мен үшін ерекше. Шыжыған күннің ыстығына қарамастан, үлкендерге қой кезегін өткізуге көмектесеміз. Одан қалды, көршілес достарыммен түрлі-түрлі қызықты ойындарды ойнаймыз. Өзім Қостанай қаласында туып-өссем де, жылда ата-анаммен ауылға барып тұрамыз. Шындығына келсек, ол жақ жаныма жылылық береді.
Ауылдың табиғи тағамдары – сүт, құрт, ірімшігі мен қаймағы, саф алтындай таза ауасы да пайдалы, жанға шипа дер едім. Жаз басталысымен, біздің ауылда да бақша науқаны басталады. Үлкендер жер жыртып, көкөністер егіп, оны баптап күту жұмыстарымен айналысады. Арасында мен де қолғабыс жасаймын. Олар өсе бастаған кезде күтіп, баптап, суарамыз. Ауылда өткен демалысымның тағы бір қызығы – көл жағасында асыр салып ойнап, өзенге шомылып, достарыммен құм, су, батпақ терапияларын өткізетініміз. Кейін табиғатты тамашалап, серуенге шығамыз. Міне, жыл сайын жазғы демалысым осындай қызыққа толы кезеңдерімен есте қалады. Кейін қимастықпен қол бұлғап, қайтадан қалаға асығасың. Бірақ, ауылда өткізген әр күннің өзі жанға дәру. Нағыз демалыс – ауылда.
Аниса ТІЛЕГЕН – Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 7-сынып оқушысы:
– Қостанайдың салқынына үйренген менің ауа райы әлдеқайда жоғары Алматы қаласына барғаным қызық болды. Иә, биылғы демалысым шырайлы шаһар – Алматыда өтті. Бастапқыда таң қалғанымды жасырмаймын. Қала тұрғындары да біздегідей емес, тым жеңіл киінген. Бірақ, жазғы демалысымның сонда өткеніне қуаныштымын. Ол ешбір қалаға ұқсамайды. Тамаша табиғаты, аспанмен таласқан заңғар тауларымен, сарқырап аққан өзен-суларымен, көк майса, жасыл желегімен, апорт алмасымен ерекше. Ал жылдан жылға саны артып жатқан зәулім ғимараттардың көркі сөзбен айтып жеткізгісіз. Қаланың әсем орындарын аралап, қызығына баттым. Соның ішінде – Медеу мұзайдыны, Көктөбені айтуға болады. Оларды тамашалау үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер келеді. Өзіме қатты ұнады. Көктөбеден Алматы алақандағыдай болып көрінеді екен. Оның үстіне, 6 тамыз күні болған туған күнімді де сол қалада естен кетпестей етіп атап өттік. Осы сапардан соң әдемі көркімен, жанға жайлы нәзік табиғатымен есте қалатын Алматы қаласы менің ең сүйікті қалама айналды.
Алиса КОЛЧИНА – М.Қозыбаев атындағы №23 орта мектептің 11-сынып оқушысы: Менің жазғы үш айым өзіміздің Қостанайда өтті. Демалыс басталысымен, қаламыздағы балалардың мерекелік іс-шараларын ұйымдастыратын «Show Booom» студиясында жұмыс істедім. Өзімді осы қызметте таптым деп айта аламын. Неге десеңіз, біріншіден, бұл жұмыстың арқасында бойымдағы өзіме деген сенімділікті арттырдым. Екіншіден, дауысым қойылып, дикция қалыптасты. Одан бөлек, балғындардың көңілдерін көтеру үшін қандай образда шықсам да өзімді ыңғайсыз сезінбедім. Бұл арқалы балалармен алдағы уақыттағы қарым-қатынасыма мол тәжірибе жинақтадым деп айта аламын.
Жазғы уақытымда бұдан бөлек, тіл үйренумен айналыстым. Қаламыздағы «Grand luxe» атты тілдер орталығында ағылшын тілін үйреніп жүргеніме екі жыл болып қалды. Бүгінде ағылшын тілін advanced деңгейінде меңгердім. Соның арқасында репетиторлықпен айналысып, балаларды оқытып та жүрмін. Бұл да қосымша табыс көзі емес пе. Биыл мектептегі соңғы жылым болғандықтан, мамандығым жайлы да ойланып қойдым. Болашағымды осы ағылшын тілімен байланыстырамын деп шештім. Оқуымды тәмәмдаған соң, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің шетел филологиясы мамандығына оқуға түсемін. Жоспарларым көп. Демалысымды пайдамен ғана емес, өте қызықты өткізгеніме қуаныштымын. Жаңа әрі соңғы оқу жылыма тың серпіліспен барарым анық.
Әлішер КАРАГУЛ – Б.Момышұлы атындағы №5 кадет мектебінің 9-сынып оқушысы:
– Биыл демалысым пайдалы жағымен де ерекшеленді әрі көңілді болды. Демалысымды үш бөлікке бөлдім. Алғашқы айында ата-анаммен елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына барып келдік. Әрине, ең алғаш көзге түсетіні зәулім-зәулім ғимараттар. Олардың әсемдігін сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Елорда жылдан-жылға көркейіп келеді. Демалысымның екінші айын ауылда өткіздім. Бұл кезең ерекше есімде қалды. Жыл сайын сол жаққа барар күнді асыға күтемін. Себебі айтпаса да түсінікті шығар. Таза ауа, табиғи тағамдар, жақын жандар. Одан қалды, көрші достарымызбен доп теуіп ойнағанымыз – бәрі де керемет.
Ауылдың қызығына тоймай оралған соң, демалысымның соңғы айы – тамызда Қостанайда бір аулада тұратын достарыммен жұмыс істейміз деп шешім қабылдадық. Қаладағы орталық саябақта балаларға арналған велосипедтерді пракатқа беретін жерде жұмыс істеп жүрміз. Өз қалауым болғандықтан, ата-анам да қарсы шықпады. Жұмыс істеген соң жауапкершілігім де арта бастағанын байқадым. Көптеген дүниелерге басқаша көзбен қарайтын болдым. Бұл да есейгендігімнің белгісі шығар, бәлкім. Айтарлықтай көп қаражат жинадық деп айта алмаймын, алайда, бұл үйде ешнәрсе бітірмей жатқаннан әлдеқайда жақсы емес пе. Қызықты өткен демалысымның арқасында жаңа оқу жылына жаңа леппен, тың күш-жігермен барамын. Білімнің шыңын бағындыруға толықтай дайынмын, – дейді ол.
Әне-міне дегенше бастапқыда ұзаққа созылардай көрінген жазғы демалыстың үш айы да зымырап өте шықты. Бойы сергек, ойы таныққан қаламыздың мектеп оқушылары жаңа оқу жылында орын алар білім бәсекесіне дайын екендіктерін жеткізді. Бастысы, сапалы білім алып, оны кәдеге жаратуға деген ұмтылыстары жоғары. Ел болашағы – жас ұрпақтың қолында екенін ескерсек, осындай жан-жақты дамыған, айналаны танып-білуге, жаңа ақпараттар мен тың дүниелерді үйренуге деген құлшынысы жоғары жалынды жастарымыз барда, көңіліміз тоқ болуға тиісті. Білім беру мекемелерінің педагогтерін, ата-аналар мен оқушыларымызды келе жатқан 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен құттықтай отырып, жаңа оқу жылында білім алушыларымызға сәттілік серік болсын демекпіз.
Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.