Қостанай қаласында Облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі және балалар мен жасөспірімдер туризм орталығының ұйымдастыруымен оқушылардың облыстық қысқы спартакиадасы бастау алды.
Спартакиадаға облыстың түкпір-түкпірінен жалпы саны 200-ге жуық бала қатысуда. Олар Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары мен Ұзынкөл, Әулиекөл, Сарыкөл, Қостанай, Науырзым, Амангелді, Федоров, Денисов, Жітіқара, Меңдіқара аудандарының үздік шәкірттері. Күні кеше, қаңтар айының 30-ы күні басталған спартакиада ақпанның 24-іне дейін жалғаспақ. Аталмыш спартакиада Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орайластырылғанын да айта кеткен жөн. Қатысушылар негізгі төрт қысқы спорт түрі бойынша бақ сынайды.
– Жыл сайын білім басқармасының ұйымдастыруымен оқушылар арасында қысқы және жазғы спартакиада ұйымдастырылады. Биылғы қысқы спартакиада төрт спорт түрі бойынша өткізілуде, атап өтер болсақ шаңғы жарысы, қысқы Президенттік көпсайыс, шайбалы хоккей және шаңғы туризмі. Осы бір ай көлемінде қысқы спартакиаданы сәтті аяқтап, кейін жазғы спартакиадаға дайындықты бастайтын боламыз. Биылғы спартакиадаға кішігірім өзгерістер енгізіліп, кейбір спорт түрлерін мектеп лигасына шығардық. Бұл тізімге енбегендер осылайша спартакиада түрінде өтеді. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келе жатқаны қуантады. Соңғы екі жыл ішінде облыс бойынша спорт жабдықтарын сатып алуға 500 млн теңге бөлінді. Осының арқасында спортшыларымыздың дайындық деңгейі де арта түседі деп ойлаймын, – деп атап өтті Қостанай облысы білім басқармасының дене тәрбиесі және балалар мен жасөспірімдер туризм орталығының директоры Қуаныш Бимырзин.
Қостанай және Рудный қаласының жас шаңғышылары
Спартакиаданың алғашқы күні Қостанайдағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы базасында облыстық қысқы спорт ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, үш күн бойы жас спортшылар шаңғы жарысы бойынша сынға түсті. Адам денсаулығына аса пайдалы спорт түрінің бірі – шаңғы тебу. Мамандардың айтуынша, шаңғы спорты баланың аяқ-қол, дене бұлшық еттерін күшейтеді. Сонымен қатар жүрек-қан тамыр, тыныс алу мен жүйке жүйесіне оң әсер етіп, баланың тепе-теңдікті сақтай білу қабілетін арттырады.
– Қазіргі уақытта өңірдің түкпір-түкпірінен 14 команда бақ сынауда. Үздік жас спортшыларын жарысқа әкелген әр команда жеңістен үмітті. Жалпы шаңғы жарысы бойынша қатысушылардың дайындығы жаман емес. Үш күнге созылған жарыстың нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынға Қостанай қаласы, екінші орынға Рудный қаласы, ал үшінші орынға Ұзынкөл ауданының командасы тұрақтады. Нәтиже жаман емес, – деп атап өтті шаңғы жарысы бойынша жоғары санатты төреші Платонов Дмитрий Анатольевич.
Шаңғы жарысы бойынша жалпыкомандалық есептен бөлек эстафета бағытында ер балалар мен қыз балалар бөлек марапатталды. Қыздар арасында бірінші орынға Қостанай қаласынан Дарья Сагимбаева, Сабина Хамитова, Карина Медвецкая, Алина Герасимович ие болды. Екінші орынды Сарыкөл ауданынан Ксения Комарова, Лаура Жайсанбаева, Эльдана Исмагамбетова, Елизавета Ширина иеленсе, үшінші тұғырға Ұзынкөл ауданынан Алина Балагатдинова, Виктория Новикова, Анастасия Успеньева, Ева Миронычева тұрақтады. Ұлдар арасында бірінші орынға Әулиекөл ауданынан Даниял Туралынов, Сайран Агел, Юрий Соколов, Вадим Кокурин ие болды. Екінші орынды Рудный қаласынан Сергей Мертенс, Ярослав Зябликов, Илья Дудкин, Владислав Хлыбов иеленсе, үшінші тұғырға Ұзынкөл ауданынан Эмиль Набиев, Рудольф Кузнецов, Николай Лелик, Роман Кряковский тұрақтады.
– Шаңғы спортымен айналысып келе жатқаныма биыл 5 жыл болады. Бұл спорт түріне деген қызығушылығым мектепте ашылып, кейін қаламыздағы арнайы спорт үйірмесіне жазылуға бел байладым. Жаттығуларымыз аптасына 5 рет жүргізіледі. Жаттықтырушыларымыз Анастасия Ивановна мен Сергей Сергеевич дайындығымызды үнемі бақылауда ұстайды. Жалпы бәсекелестік бар жерде даму да болады ғой. Мен үшін шаңғы спорты – бұл қатарластарыммен бәсекелесу, ауыр жаттығулар, мақсатқа жету жолында көп еңбек пен күш салу, – дейді Рудный қаласынан келген жас спортшы Илья Дудкин.
Шаңғы жарысынан эстафетада ер балалар арасында 1-орынға ие болған Әулиекөл ауданының жас спортшылары
Биылғы спартакиадаға қатысушылардың қатарында Науырзым ауданының спортшылары да бар. Көп жылғы үзілістен соң қатарға қайта қосылған науырзымдықтар үлкен дайындықпен келгендігін айтады.
– Шамамен 10 жыл көлемінде Науырзым ауданы осы жарыстарда шет қалып жүрді. Оның да өзінің бірқатар себептері болғаны рас. Сол уақытта белсенді дайындық үстінде болдық. Биыл, міне, Науырзым ауданы қысқы спартакиадаға толық құрамда шықты. Тіпті жақсы қатыстып жатқанымызды да қуанышпен айтып өткім келеді. Үздік ондықтамыз, – дейді Докучаев ЖББМ бұрынғы директоры, жоғары санатты дене шынықтыру мұғалімі Юрий Тимошенко. – Осыдан 15 жыл бұрын ауданымыздан менің ұлым Алексей Тимошенко және Айбек Байдильдинов чемпион болған еді. Осы ағаларының жолын қуып, өңірімізден тағы да үздіктер шығады ғой деген ойдамын.
Дене шынықтыру мұғалімі әрі жаттықтырушы Юрий Алексеевич былтыр құрметті демалысқа шыққандығын айтады. Дегенмен білім ордасында әлі күнге дейін сабақ беріп, жас спортшыларды жаттықтыру үстінде. Айтуынша, шаңғы спорты – мықты денсаулықтың кепілі және жастарды өсуге ынталандырудың таптырмас құралы. Жеңімпаздарды Қуаныш Уахитович мақтау қағаздары мен арнайы медальдармен марапаттап, үздік атанған командалардың жаттықтырушыларына да алғыс хат табыстады.
Шаңғы спортынан жарыс осындай нәтижемен аяқталды. Ендігі кезек қысқы Президенттік көпсайыста. Ол ақпанның 4-6 ақпан аралығында өтеді. Артынша ақпанның 14-16 аралығында шайбалы хоккейден, ал 22-24-і күндері шаңғы туризмімен спартакиада жалғасын таппақ. Нәтижесінде жеңіске жеткен жастар ақпан айының аяғында болатын қысқы Қазақстан оқушылар гимназиядасына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Айта кету керек, Қостанай облысы 2019 және 2021 жылдары аталмыш гимназияданың жеңімпаздары атанған болатын. Биылғы жарыста да сәттілік серік болсын дейміз!
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.