Робототехника үйірмесінің берері мол

Выпуск - №6(503)   :   16.02.2022
414

Федоров ауданындағы балалар шығармашылық үйінде «Робототехника» үйірмесі жұмыс істейді. Заман ағымынан қалып қоймай, робототехниканы өзіміз де үйреніп, сонымен бірге оқушыларымызға да үйретуге кірісіп кеттік.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында цифрлы Қазақстан, үш тілде білім алуға баса назар аудару керектігін атап, сондай-ақ еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін әр сөйлеген сөзінде қайталап отырды. Міне, осы сөздерді ой елегінен өткізер болсақ, жастарға білім мен тәрбие беретін мұғалімдерге үлкен сенім артылып отырғанын аңғарамыз. Сол үлкен сеніммен бірге үлкен міндет те қойылып отыр. Мұғалімдердің ішінде де бұл міндеттердің қомақты бөлігі информатика мұғалімдеріне бұйырып тұрған сыңайлы. Неге десеңіз, үш тілде оқытылу керек пәндердің ішінде информатика бар және қазіргі жастарға үйретілу керек болып тұрған робототехниканы да үйрету информатика мұғалімдерінің басты міндеттерінің бірі болып тұр.

Роботтарды күнделікті өмірде, өндірісте пайдалану үшін, қолданушылар роботты басқару біліміне, дағдыларына ие болу керек. Сол үшін робот техникасына қызығушылық, базалық білім және дағды қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Робот техникасы дегеніміз – зияткерлік автоматтандырылған техникалық жүйелерді әзірлеу және пайдаланумен айналысатын қолданбалы ғылым. Жалпы, бұл бағдарламаның өзектілігі – білім беру жүйесінде жаратылыстану ғылыми бағытында оқушылармен жұмыс істеу және оқушылардың ой-өрісін дамыта отырып, инженерлік ойлау негіздерінің алғышарттарын қалыптастыру деп ойлаймын.

Бүгінде интернет желісінде робот туралы ақпарат жеткілікті. Жаңалықтарға сүйенсек, 2030 жылға таяу адамның санасымен теңесетіндей дәрежедегі нанороботтар шығарылмақ. Бұдан жасанды интеллекттің болуы сөзсіз екенін көріп отырмыз. Себебі роботтарға кез келген мәселені талдау және шешім қабылдау қабілеті қажет. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демей ме, сол сияқты біз де уақыттың сұранысына сай робот техникасын үйреніп, оқушыларымызға да үйрете бастадық. Біздің ұйымда мұғалім Абзал Шұғайып 2018 жылдың қыркүйегінде Қостанай қаласындағы «Өрлеу» АҚ филиалында «Робототехника» тақырыбы бойынша курсты оқып, сертификатқа ие болды. Курсты аяқтаған соң оқушыларға ақпараттық цифрлық технологияларды пайдалану арқылы «Робототехника» теориясын үйрете бастады. Ол кезде арнайы жабдықталған кабинет болмады.

Ал бүгінде заманауи талаптарына сай ұйымдастырылған үйірмеге барлығы 40 оқушы қатысып келеді. Оқушылардың қызығушылықтары артып, ғаламторлан өздері де роботтың түрлерімен, олардың қолданылу салалары туралы мәліметтермен танысып, ол мәліметтерімен робот техникасы сабағында бір-бірімен бөлісіп отырады. 2020 жылы Ы.Алтынсарин орта мектебіне оқушылардың ақпараттық және функционалдық сауаттылықтарын арттыру мақсатында «Робототехника» кабинеті ашылып, барлық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жоспардағы роботтарды жасап үйренді. Оларды құрастырудан гөрі, бағдарламасын жазып, құрастырған роботты қозғалысқа келтірудің қиынырақ болатынын көріп, білді.

Топтағы оқушылардың біреуі құрастыратын робот түрін ойластырып, оған қандай бөлшектердің керек екенін анықтап келсе, басқалары сол бөлшектерді қолдануға ыңғайлы етіп басқа бөлшектерден жинап береді, енді біреулері көрсетпе бойынша құрастыруға көмектеседі. Осындай жұмыстарды жүзеге асыра отырып, оқушылар «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесіп жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтар болсақ, «Өрлеу» АҚ ұйымдастыруымен өткен облыстық «Программалау» байқауында ІІ кезеңге өтіп, қатысқаны туралы сертификатқа ие болса, «Мұнара» білім порталының ұйымдастыруымен өткен республикалық байқауда 1-орынға ие болып, мақтау қағазымен марапатталды.

Ел ертеңі – білімді ұрпақ екені бәрімізге аян. Баланы білімді етіп, заман талабына сай тәрбие беру ісінде әрбір ұстаз шығармашылықпен жұмыс істеп, тынбай еңбек етуі қажет-ақ. Отанымыздың ертеңгі тірегі болар халық ойшылдары мен қайратты азаматтарын тәрбиелеуде шығармашылықпен еңбек ету, жаңа ақпараттық технологияларды сабақта тиімді пайдалану жетістікке бастары сөзсіз. Бүгінгі технологиялар дамыған заманда адамның сауаттылық туралы түсінігі күнделікті өзгеріп тұрады десек те болады. Осыдан 10 жыл бұрын адамның сауаттылығын оқу мен жазу көрсеткіштері арқылы бағалайтын болса, қазір компьютермен жұмыс істеу тәжірибесі маңызды, ал болашақта адамның сауаттылық деңгейі роботпен жұмыс істеуімен өлшенуі ықтимал екендігін жоққа шығармаймыз.


Назым БАТЫРБАЕВА,
Балалар шығармашылық
үйінің директоры,
Федоров ауданы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.