Сан бағытты қамтыған шығармашылық орда

Выпуск - №16(463)   :   26.04.2021
272

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді халқымыз. Осы бағытты ұстанып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, шығармашылық жетілуіне ықпал етіп жүрген орталықтардың орны ерекше қашан да.

Аталған межені ұстанып, жалпы 2001 жылдан, ал 2015 жылдан бері Н.Наушабаев атындағы Тобыл мектеп-гимназиясының жанынан жұмыс істеп келе жатқан Қостанай ауданының балалар шығармашылық үйінің тыныс-тіршілігімен арнайы ұйымдастырылған пресс-тур аясында танысу мүмкіндігіне ие болдық. Өңірлік психологиялық қолдау және қосымша білім беру орталығымен бірлесе ұйымдастырылған шара аясында Клара Исмагулованың басшылығындағы Қостанай ауданының балалар шығармашылық үйінің педагогтері өздері жетекшілік ететін үйірме шәкірттерінің жетістіктерін атап өтіп, алға қойған мақсаттарынан да құлағдар етті.



Бұл күндері шығармашылық үйдің үйірмелері ауданның 24 орта мектебі пен 7 негізгі мектебінде жұмысын 8 бағыт бойынша жүргізіп келеді. Атап өтер болсақ, олар: көркем-эстетикалық, сәндік-қолданбалы, әлеуметтік-педагогикалық, туристік-өлкетану, спорттық-зияткерлік, әскери-патриоттық, ғылыми-техникалық және экологиялық бағыттар.

Ал осы мақсат аясында 52 педагогтен тұратын мықты құрам 94 үйірмеде шығармашылық жұмысын жалғастыруда. Ұйымшыл ұжымның басты мақтанышы – жан-жақтылығымен ерекшеленетін саналы әрі дарынды шәкірттері. Бүгінде олардың саны 2265 тәрбиеленушіні құрап отыр, оның ішінде 554 бала мемлекеттік тілде білім алуда. Бұл деректерге алғаш болып сөз алған Өңірлік психологиялық қолдау және қосымша білім беру орталығының басшысы Елена Петренко тоқталып өтті.



Балалар шығармашылық үйінің жұмысымен таныстыруды мақсат еткен пресс-тур аясында аталмыш орданың басшысы Клара Исмагулованың тәрбиеленушілерінің жетістіктерін зор мақтанышпен атап өтті. Мәселен үстіміздегі 2020-2021 оқу жылында Қостанай ауданының балалар шығармашылық үйінің қоржынында аудандық деңгейде – 32, облыстық деңгейде – 81, республикалық деңгейде – 134, халықаралық деңгейде – 42 жүлделі орын бар екенін атап өтсек ләзім. Жаңаны жатырқамай қабылдай білетін шығармашылық орданың ұжымы болашаққа сеніммен және үлкен үмітпен қарайды.



Жоспарға сай пресс-тур бағдарламасы қонақтарды кіреберісте барабаншылар мен мажореткалардың қарсы алуынан басталды. Ары қарай жоғарыда атап өткен 8 бағыт бойынша үйірме жұмыстарына кішігірім шолу жасалды. Бір байқағанымыз – балғындардың білімдерін толықтырып, қабілеттерін арттырып, жан-жақты дамыту басты назарға алынған.


Ғалия Масанова жапондық техникада жасалған ұлттық нақыштағы өнімін таныстыруда

Алғаш болып балалар шығармашылығының негізі саналатын сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің педагогтері жұмыстарын ұсынды. Бөлім жетекшісі Ғалия Масанова өз сөзінде бұл бөлімде 22 педагог, 31 үйірме, 660 тәрбиеленуші бар екендігін атап өтті.

Артынша қонақтарды өзінің бағыты «Амигуруми» үйірмесімен таныстырды. Бұл ойыншық тоқудың жапондық техникасы және математикалық үлкен дәлдікті қажет етеді.


Кинусайга өнерін таныстырып жатқан Ксения Выскребенцева

Ол аталмыш бағыттың ерекшеліктері туралы айтып, дайындаған жұмыстарын көрсетті. Аталған үйірменің тәрбиеленушілері жұмыс үшін материалдарды есептеуді, тоқылған ойыншықтың құнын есептеуді үйренеді. Педагог Ксения Выскребенцева және оның тәрбиеленушісі Софья Ефимова қонақтарды кинусайга бағытымен таныстырды. Бұл жапондық техника туралы қызықты әңгіме инесіз пэчворк, шеберлік сабағымен және осы техникада орындалған жұмыстарды көрсетумен қатар жүрді.



Зәмзәгүл Мнайдарова және оның тәрбиеленушілері модернизацияланған әйелдер қамзолын орындау мысалында қазақ ұлттық киімінің элементтері мен оның әшекейлерін көрсетсе, педагог Ольга Будзевич және оның тәрбиеленушісі Дарья Будзевич джутовая филигрань техникасы және оның ерекшеліктері туралы айтып, осынау техникада бұйымның безендіру элементтерінің орындалуын ұсынды.


Елена Руссу және Алена Матвеева айналысатын ісін ұнатады

Экологиялық бағытты экологиялық мәдениетті насихаттайтын шығармашылық педагогтер ұсынды. Константиновка ЖББОМ бөлімінің «Эко-патруль» және «Green multimedia» үйірмесінің жетекшісі Әлішер Құрманаев «Жасыл экономика» эко-жобасын таныстырды.

«Экокалейдоскоп» үйірмесінің жетекшісі Мейрамгуль Нурпеисова шәкірттері Елена Руссу және Алена Матвеевамен бірге өз жұмыстарын көрсетті: бұтақтардан және қабықтардан жасалған гүлшоқтар, ағаш бұтақтарынан жасалған вазалар және т.б. Сондай-ақ қалдық материалдардан жасалған «Дастархан» үлкен шығармашылық жұмысы таныстырылды. Спорттық-зияткерлік бағыт бойынша шәкірттер асық, бес асық, тоғызқұмалақ, шашки, шахмат ойындарының үлгілерін көрсетті.



Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында Қостанай ауданының балалар шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері өлкетану жұмыстарына ат салысып, оның аясында туған өлкесінің шұрайлы жерлері мен тарихи орындарына экскурсия жүргізіп отырады. Спорттық туризм де өз кезегінде жемісті жұмыс жүргізіп келеді.


Туристік-өлкетану бөлімінің мүшелері

Бүгінде бұл бағытқа қызығушылық танытып, ауданнан қатысып отырған 30 тәрбиеленушіге алдағы уақытта штаттық режимде бірқатар шараларды өткізу жоспарлануда.

Мәселен, мамырдың 19-21 аралығында Лисаковск қаласында кедергілерді өткеріп, жеңіске жетуге деген ынтасын оятатын облыстық жарыс болады деп күтілуде. Ал маусымның ортасында спорттық туризм бағытының тәрбиеленушілеріне шатырлы лагерь ұйымдастырылмақ.


Әскери-патриоттық клуб мүшелері пресс-тур қатысушыларымен

Балалар шығармашылығы үйінің әскери-патриоттық клубтарының қойылымы есте қаларлықтай болды. Заречная мектеп-лицей жанындағы Денис Корниловтың басшылығындағы «Қыран» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері тактикалық дайындық бойынша, ал Дәурен Турмышовтың басшылығындағы «Жігер» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері ұрыс элементтерімен өнер көрсетті.


Дариға Мінәсіп жетекшісі Дәурен Турмышовпен

Үйірме қатысушысы Дариға Мінәсіп Заречный мектебінің 11-сынып оқушысы. Алты жыл каратэмен, екі жылдан бері ушу-саньдамен айналысып келеді. Бір қызығы: үйірмеге қатысып жүрген 30-ға жуық ер баланың арасында ол – жалғыз қыз бала. Сөз арасында Қазақстан чемпионатының 6 дүркін жүлдегері, Әлем чемпионатының қатысушысы екенін де білдік.


Константин Неренберг өзі құрастырған роботын көрсетуде

Одан бөлек «SMART SARBAZ» үйірмесінің роботтар көрмесі және «компьютерлік графика» үйірмесінің тәрбиеленушілерінің ғылыми-техникалық бағыттағы жұмыстары үлкен қызығушылық тудырды. Олардың арасында ең жақсы жұмыстарын көрсеткен белсенді балалар Константин Неренберг пен Ахмад Исмалзан роботтарды тез жинау дағдыларын көрсетті. Заречный мектебінің 6-сынып оқушысы Константин өзінің қиялындағы роботты екі аптада жасап шығарған. Электротехника мен робот техникасына қызығушылығы жоғары. Болашақтағы мамандығын да осы бағытпен байланыстырғысы келетіндігін айтады.



«Школа лидера», «Блогер today» үйірмелері және «Бірлік» дебат клубы әлеуметтік-педагогикалық бағытты ұсынды, қатысушылар өздерінің тәлімгері қосымша білім беру педагогі Дастан Қалиевтің жетекшілігінде білім алуда. Одан бөлек Н.Наушабаев атындағы Тобыл орта мектебінде арнайы кабинет бөлінген би үйірмесі де өз жұмысын жүргізіп келеді.


Би үйірмесінің жетекшісі Сымбат Ерік шәкірттерімен

Пресс-тур аясында көріп-білген дүниенің бәрін қамту мүмкін емес. Дегенмен талантты шәкірттер мен жаңаны тануға ұмтылысы жоғары педагогтерді көргенде әлі де олардың бағындарар асулары көп екендігіне сеніммен қарайсың.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.