Шахмат – жүйрік ойдың жетекшісі

Выпуск - №14 (562)   :   14.04.2023
680

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Тоғыз айға 9 іс-шара» тұжырымдамасы аясында сәуірдің 12-сі күні сағат 12:00-де облысымыздың барлық білім беру ұйымдарында бір уақытта оқушылар мен педагогтер арасында шахмат ойнаудан сайыс өтті.

Өңірімізге оралар болсақ, облысымыздың орталығында да 80-нен астам адамды қамтыған ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, орталық алаңдағы Шахмат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алдын ерекше көрініске бөледі. Қатарынан ұзаққа созылған 35 шахмат столдарының бойында ұстаздар мен оқушылар болып екі топқа бөлінген қатысушылар тамаша ойын өрнегін көрсетті. Ал олардың жанында шахматтан спорт шеберлігіне кандидат Николаев Валерий Венедиктович бір сәтте 5 оқушымен шахмат ойнады.

– Адамның интеллектуалдық қабілетін арттыруда шахмат ойынының қаншалықты пайдалы спорт түрі екені түсіндіруді қажет етпейтін ақиқат. Ғылым күніне байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Тоғыз айға 9 іс-шара» тұжырымдамасына сәйкес осы айда шахмат ойынының челленджін өткізіп отырмыз. Облыстың барлық білім беру ұйымдары да челленджге үлестерін қосуда. Бүгін, міне, қаламыздағы орталық алаңда өте ерекше форматта жарыс ұйымдастырылды. Оқушылар мен ұстаздар қарама-қарсы ойнады. «Ұстаздан шәкірт озар, жарысқанда» демекші, ойын бір де бір есебімен аяқталды. Қатысушылар үшін жақсы бір тәжірибе болды деп ойлаймын, – дейді Қостанай облыстық білім басқармасының бас маманы Қаламқас Қаратаева.

Жиынға ұстаздар мен оқушылардан бөлек аталған спорт түрімен қаншама жылдардан бері айналысып келе жатқан шеберлер шақырылып, жастар олармен шахмат тақтасында кездесу мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – елу жылдан артық шахмат спортымен айналысып келе жатқан, өңіріміздегі шахматшылар қауымына есімі жақсы таныс Валерий Вишниченко. Бізбен әңгімесінде Валерий Георгиевич осы шахмат челленджінің күні кездейсоқ таңдалмағандығын айтып өтті. Себебі 2023 жылғы шахматтан әлем чемпионаты сәуірдің 7-сі мен мамырдың 1-і аралығында біздің елордамыз Астана қаласында өтуде.

– Бұл күн – біздің облыстағы ғана емес, республика көлеміндегі үлкен шахмат мерекесі. Сондай-ақ ол еліміз үшін атаулы күні өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Ел Президентінің, Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтуде. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Осыған орай, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мұрындық блуымен өткізіліп жатқан шахмат челленджі мүмкіндігінше осы интеллектуалды ойынша жастарды қызықтыруға бағытталған. Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 252 мың адам шахматпен айналысады, ал 628 мектепте қосымша сабақтар ашылған. Қостанай облысында да бірқатар мектептерде арнайы шахмат сабақтары бар. Біздің шахмат клубының өзінде үш жүзден астам бала қамтылған. Менің ойымша, шахмат ойнағысы келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Әрине, қостанайлықтар үшін шахмат – ерекше спорт түрі. Себебі облысымыздағы шахмат тарихы Анатолий Гаврилович Уфимцевтің есімімен байланысты. Ол – көрнекті шахмат теоретигі, ойындағы Уфимцевтің әйгілі қорғанысының авторы, – деп атап өтті Қостанай облыстық шахмат федерациясының вице президенті Валерий Георгиевич.

Жоғарыда атап өткен Шахмат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де осы Анатолий Гаврилович Уфимцевтің есімі берілген. Осы мектептің нұсқаушысы, белгілі шахматшы Николаев Валерий Венедиктовичпен болған 5 те 1 жарысында бақ сынаған оқушыларды сөзге тарттық. Олардың бірі «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Аңсар Сауқымбай. Оған шахматты кішкентайында ағасы үйретіпті.

– Ойынның нәтижесінде өзіме көңілім толмай тұр. Дегенмен өңірімізге белгілі шахмат шеберімен ойнағанымды ескерсем, өзіме үлкен тәжірибе болды деп сеніммен айта аламын. Ойынның басында қарсыласым ең көне шахмат дебюттерінің бірі «Королевский гамбитті» жасады. Мен оған қарсы ойнаудың жолын білетінмін. Алайда бір сәтте ол кітапқа сай емес жүріс жасады десем болады. Бұл қадамы мен үшін күтпеген соққы болды, себебі оған қарсы ойнаудың жолдарын білмедім. Сөйтіп мені өз ойынына тартып әкетті. Ал өзінің ойынында ол менен әлдеқайда мықты болып шықты, – деп атап өтті ол.

Ал Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Ғасыр Есенқұловтың шахматқа қызығушылығым үш жыл бұрын басталыпты.

– Ғаламторды шарлап отырып, норвегиялық спортшы, шахматтан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсонмен таныстым. Ол 2013 жылдан бері шахмат тағында отырып келеді. Сол кісіге қарап еліктедім, осы ойынға деген қызығушылығым арта түсті. Қазіргі уақытта Астана қаласында шахматтан 2023 жылғы әлем чемпионын анықтау мақсатындағы жарыста 17-ші әлем чемпионы анықталмақ. Әлемдік доданы нәтижесі қалай болатыны маған өте қызық, – дейді.

Атап өту керек, қазіргі уақытта Қостанай облысы бойынша 7 мыңға жуық баланы қамтыған 273 шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Білім басқармасының мамандары осынау игілікті челлендждің арқасында шахматқа әуестенушілердің қатары одан сайын арта түседі деген сенімін білдірді.


Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.