Жазғы уақыттағы тиімді демалыс мекені

Выпуск - №24(621)   :   05.07.2024
1172

IMG-3032


Тоғыз айға созылған оқу жылы аяқталысымен, мектеп оқушылары асыға күткен жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізуге тырысады. Бірі ауылдағы аты-әжесіне сапар шексе, енді бірі жазғы лагерь мен демалыс алаңдарына барады.
Иә, бос уақытты ұйымдастырудың жолдары көп. Тек жан қалауыңа қарай таңдау жасауың қажет. Мәселен, облыс орталығында тұратын балаларға арнап қаламыздың қосымша білім беру ұйымдары жазғы лагерьге қатысу мүмкіндігін ұсынуда. Шығармашылық ордаларынан тікелей хабар тарату мақсатында Облыстық білім басқармасының қолдауымен БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур ұйымдастырылып, біз Балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебі, Балалар шығармашылығы мектебінің және ашылғанына әлі бір жыл да бола қоймаған «IQostanay» оқушылар сарайының жазғы демалыс уақытындағы тыныс-тіршілігімен таныстық. Біздің редакция соңғы аялдамаға тоқтады.
Заманауи үлгідегі барша қажетті құралдармен жабдықталған «IQostanay» оқушылар сарайына кіреберісте директоры Мұрат Нұржанов қарсы алды.
– Оқу жылы аяқталысымен орталығымызда жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Қазір екі ауысымда жүргізіліп келеді. Бірінші ауысым 9.00-ден 13.00-ге дейін болса, екінші ауысым 14.00-ден 18.00-ге дейін. Бүгінде жалпы саны 120-ға жуық бала қамтылып отыр. Орталығымыздағы үйірмелерге қатысып жүрген балалар демалыс басталса да бізге келуін жалғастыруда. Бұл көрсеткіш бізді қуантпай қоймайды. Жаз мезгілі аяқталғанша лагерьді жалғастыруды жоспарлап отырмыз, балалардың қамтылу деңгейіне қарай бір немесе екі ауысымда жүргізетін боламыз, – дейді ол.
Оқушылар сарайының жазғы лагеріне 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Ол үшін ата-аналары келіп, ресепшенде өтінішін қалдырып, лагерьдің болатын уақытын біліп, тіркеліп кетуі керек. Бұл туралы бізбен әңгімесінде жазғы лагерьде жетекшілік етіп жүрген Оқушылар сарайының қызметкері Алма Жаудибаева айтып берді.
– «IQostanay» оқушылар сарайында 32 үйірме бар. Әр кабинет заманауи технологиялармен жабдықталған. Жазғы лагерьдің бір артықшылығы – жас ерекшеліктеріне қарай балалар біздің орталығымызда қамтылған барлық үйірмелерге қатысатын болады. Артынша ұнатқанына қыркүйек айында «Mindal» арқылы жазылып, тереңірек үйренуіне болады. Қазір лагерьдің бірінші маусымын аяқтап, екінші маусымын бастап кеттік. Әр маусым екі аптаға созылады. Енді, шілде айында үшінші маусымды бастаймыз. Оған қабылдау жұмыстары маусымның 18-інен жүргізілуде, – дейді Алма Аскаровна.

image

 «Жазғы лагерьдің жетекшілері»


Бұл – балалар үшін таптырмас мүмкіндік екені рас. Шығармашылық орданың басшысы Мұрат Нұржановтың айтуынша, балаларды киберспорт, авиа модельдеу, 3D модельдеу және бастапқы техникалық шығармашылық үйірмелері қызықтыратын көрінеді. Шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатысушылар да аз емес. Мәселен, ғимараттың бірінші қабатында қыш шеберлігінің кабинетіне кірдік. Жазғы лагерьдің қатысушы қыздары Асель Нуржакупованың жетекшілігімен құмыра жасап жатыр екен. Баланың көзіндегі жалынды сөндіріп алмас үшін, жеңілден күрделіге бірте-бірте өту қажет екенін айтады Асель Егенбаевна.

IMG-2983


Пресс-тур аясында фото-бейне монтаж кабинетіне де шолу жасадық. Қажет деген заманауи технологиялардың бәрі бар: кабинет жаңа үлгідегі дрондар, фотоаппарат, петличка, тіпті жарықтандыру құрылғыларымен де қамтылған. Мұның бәрін жазғы лагерьдің жасөспірімдеріне үйірме жетекшісі Юрий Лапатиев таныстырып өтті. Ол кісі отыз жылдан артық ғұмырын осы салаға арнаған кәсіби видеограф және фотограф.

image

Фото «Фото-бейне монтаж кабинетінің мүмкіндігі мол»

– Ең алдымен, балаларға құрылғыларды, фотоаппаратты баптауды, жарықтандыру бойынша теорияның бәрін үйретеміз, артынша алған білімдерін тәжірибе барысында бекітеміз. Кейіннен үйірме қатысушыларына фотоаппаратқа түсірілген суреттерді Adobe Photoshop бағдарламасында өңдеп, монтаж жасауға, жалпы сапалы жұмыс істеуге баулимыз, – дейді Юрий Михаилович.
Дәл осы екінші қабаттағы вокалды-аспаптық үйірмелер кабинетіне кірген бойда танымал американдық «Nirvana» рок-тобының 1991 жылы жарық көрген «Nevermind» альбомына енген «Smells Like Teen Spirit» әнін құлағымыз шалды. Бұл кабинетте роктың жанкүйері барын бірден түсіндік. Ол – ұрмалы аспаптар үйірмесінің жетекшісі Станислав Ким болатын.

image

 «Станислав Ким дыбыс жазу студиясымен таныстыруда»


– Балалар заманауи музыкалық құрал-жабдықтарды қолдануға, оны баптауға үйренеді. Ал, жанымыздағы дыбыс жазу студиясында дауыс жазуды, дыбыс инженері және студиялық жазу операторының дағдыларын меңгереді. Өзім ұрмалы аспаптар үйірмесіне жетекшілік етемін. Кабинетімізде электрондық, акустикалық барабандар бар. Жақында Оқушылар сарайының 300 адамға есептелген концерт залында есеп беру кешіміз өтті. Барлық аспаптарымызды ортаға шығарып, көрермендерге керемет кеш сыйладық, – деп бөлісті Станислав Владимирович.
Сексенінші жылдарда рок-клубқа жетекшілік еткен ол, «IQostanay» оқушылар сарайында жұмысын бастаған соң, өзі жетекшілік ететін үйірме қатысушыларының арасында үздіктердің басын қосып, «Аврора» рок-тобын құрған. Айтпақшы, маусымның 26-сында «MART» сауда, ойын-сауық орталығының жанында есірткіге қарсы акция аясында Станислав Владимировичтің шәкірттерінің өнеріне куә бола аласыздар.
Шығармашылық шеңберінен әрі асып, ары қарай гидропоника үйірмесінің кабинетіне мойын бұрдық. Жасыл желектерге оранған жарық кабинет бірден өзінің жайлы атмосферасымен баурап алды. «Жанды жасыл желек құтқарады» деген осы шығар. Жазғы лагерь аясында гидропоника мен аквапоника арқылы өсімдік өсіруді үйреніп жүрген қыздар дән риза. «Асбұршақ және шемішке дақылдарын топырақсыз өсіреміз. Басында осыншалықты қызық болады деп ойламадым. Өзіме ұнайды», – дейді Б.Момышұлы атындағы №5 ЖББ мектептің 4-сынып оқушысы Аруна Сертай.
Балаларды жан-жақты дамытуға септігін тигізіп отырған «IQostanay» оқушылар сарайының кітапханасы да бос болмайды. Жас оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында кітапхана қызметкері Шахсенем Хакимова іс-шаралар өткізіп тұрады. Мәселен, жақында «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында байқау ұйымдастырған.

image

«Шахсенем Хакимова балаларды кітап оқуға шақырады»


– «Поучительные сказки» кітабына шолу жасадым. Авторы – белгілі қостанайлық жазушы әрі педагог – Бахитжамал Сейткызы. Балалар жазушысы шығармалары арқылы жастарды махаббат пен патриотизмге үйретеді. Жақында жас оқырмандардың арасында байқау өткіздім. Олардан алты кітапты оқып, мазмұнын айтып берулері талап етілді. Ынталандыру мақсатында кішігірім сыйлықтарды да ұйымдастырдық. Балалар қызығушылық танытып, қатарластарына да айтып жүр. Сондықтан, кітап оқитын жастар аз емес. Балаларға кітапханада уақыт өткізген ұнайды, – дейді Шахсенем Эдыгеновна.
Артынша, жоғарыда айтқандай, жастар қатысуға ынталы робототехника және 3D модельдеу үйірмесінің кабинеттеріне кірдік. Расында, балалардың қатары қалың. Бәрі де жұмысқа беріліп кеткен. 3D модельдеу үйірмесінің жетекшісі Серик Сакановтың айтуынша, бұл істе тәжірибе алмасудың маңызы зор. «Үйірме қатысушыларын түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындаймыз. Жеңімпаз атанған үздіктер шетелдік жастармен тәжірибе алмасып қана қоймай, әлемді көру мүмкіндігін алады. Бастысы, балалар осы бағытқа ынтызар болуы тиіс. Сонда нәтиже де өзін күттіріп қоймасы анық», – дейді сонау 2015 жылдан бері осы істің басы-қасында жүрген Серик Муратович.

3-D

 «Серик Саканов балаларға 3D модельдеу процесін көрсетуде»


Оқушылар сарайының жанында орналасқан Абай атындағы ЖББ мектептің биылғы түлегі Әлимауладин Жалғасбек – «Шешендік өнер» үйірмесінің қатысушысы. Ол кішкентайынан сөз өнеріне жақын болып өскен, ұйқасына келтіріп өлең де шығарады. Сондықтан, су жаңа ғимарат бой көтергенін естіген бетте таңдауы бірден осы үйірмеге түскен.
– Үйірмені театр әртісі, өнердің маңайында жүрген бірден-бір тұлға – Айбар Бөрібайұлы жүргізеді. Ол кісінің арқасында көптеген байқауларға да қатысып, жүлдегер атанып үлгердім. Шынымды айтсам, мектеп бітіріп кетіп бара жатқаныма өкініп тұрмын. Мүмкін болғанда, әлі де қуана қатысар едім. Болашағымды осы өнер саласымен байланыстырмақ ниеттемін. Арман қуып, басқа қалаға кетемін деген ойым да бар. Осындай үлкен сахнадан қанаттанып барған мен үшін, өнер көрсету қорқыныш ұялатпайтыны хақ, – дейді Әлимауладин Бақытұлы.
Естеріңізге сала кетейік, қазір үйде отырып-ақ қосымша білім беру орталықтарына жазылуға болады. Ол үшін «Mindal24» сайтына өтіп, қалаған жерде және ыңғайлы уақытта балаңыз ұнатқан үйірмелер мен секцияларды таңдап, жазылуыңыз қажет. Бұл – бос уақытты пайдамен өткізудің таптырмас мүмкіндігі екені анық.

Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.