Облыс орталығындағы Қалалық балалар шығармашылығы үйінде өткен танымдық кездесуге Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) мен М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік экономикалық университетінің (ҚИнЭУ) өкілдері арнайы қатысты. Алматыдан келген АЭжБУ-дың Математика кафедрасының меңгерушісі Маншук Байсалова мен кафедра профессоры Фуад Гаджиев кездесу барысында Қостанай облысы білім басқармасының Ақпараттандыру және білім сапасын бағалаудың әдістемелік орталығы мен Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұйымдастыруымен қараша айының 13-і мен 19-ы аралығында өткен математика пәнінен облыстық олимпиаданың қорытындысын жариялады.
Жалпы, олимпиаданың бірінші кезеңіне қатысуға өңірдің түкпір-түкпірінен 336 оқушы өтініш білдірген (180-і қазақ тілінде, 156-сы орыс тілінде). Онлайн форматтағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 40 оқушы екінші кезеңге жолдама алып, математикадан білімдерін дәлелдей білді. Нәтижесінде үшінші орынды Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Алия Айтымбетова мен Лисаков қаласындағы мектеп-гимназияның оқушысы Константин Каракиян иеленсе, екінші орынды Қостанай қаласындағы №16 ЖББ мектептің оқушысы Дарья Тертычная мен Тобыл қаласындағы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Мадина Магзумхан теңдей бөлісті. Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы гимназияның оқушысы Арнур Галымжан олимпиаданың жеңімпазы атанып, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің грантына ие болды.
АЭжБУ грантының иегері Арнур Галымжан университет профессорларымен
– Олимпиада жайында сынып жетекшімнен естідім. Қазір ҰБТ-ға қызу дайындық үстіндеміз. Математика мен физика пәндерін таңдағандықтан, бағымды сынап көруді шештім. Бірінші кезең қашықтан ұйымдастырылды. Ал, офлайн форматта өткен екінші кезеңнің тапсырмалары қолыма тигенде аздап қобалжығанымды жасырмаймын. Дегенмен, ойымды жинақтап, іске кірістім. Тіпті, қазылар алқасы бесінші есептің шешімін қалай тапқаным ерекше ұнағанын айтып өтті. Мектепті тәмамдаған соң, Алматы қаласына бару жоспарымда болатын. Осылайша сәті түсіп, Алматыдағы бірегей жоғары оқу орнының грантына ие болғаныма қуаныштымын, – дейді олимпиада жеңімпазы Арнур.
Кездесу мұнымен аяқталмады. Болашақ түлектер кәсіби бағдар беруге қатысты көптеген құнды мәліметтерге қанық болды. Ақпараттандыру және білім сапасын бағалаудың әдістемелік орталығы мен ҚИнЭУ арасындағы «Инженерия және көлік академиясы» Концорциумы шеңберінде аталмыш ЖОО өкілдері білім алушылардың назарын университеттің артықшылықтары мен мүмкіндіктеріне аударып, оқытылатын мамандықтарға тоқталып өтті.
– Бұл жоғары оқу орнында іргесі қаланғаннан бері жұмыс істеп келемін. Оқытушы ретінде қабылданып, бүгінде профессор дәрежесіне жетіп отырмын. Міне, осы 25 жылға жуық уақыт аралығында университетімізде 20 мыңнан астам студент білім алып, үлкен өмірге қанат қақты, – дейді іс-шара барысында сөз алған М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ профессоры Гайния Есеева.
Ресми ақпараттардың арасында осы ЖОО түлегі Жалғасбек Шукенов сахнаға шығып, жастарды бір серпілтіп тастады. Артынша университеттің қабылдау комиссиясының жетекшісі Женисгуль Жумаш ҚИнЭУ-дің білім беру бағдарламалары, мемлекеттік грантқа өтініш беру мерзімдері мен артықшылықтарына тоқталып өтті. Ал, белсенді студенттік өмір жайында студенттік активтің төрайымы Аружан Даулетназарова айтып берді. Өз сөзінде ол университет қабырғасындағы «Алаш» дебат клубы, Start-up академиясы, «Лама» волонтерлер клубы, «Дулатов» зияткерлік клубы мен құрылуына өзі бастамашы болған Әйелдер клубы жайында баяндады.
Алматыдан арнайы келген профессор Фуад бейдің көпшілік алдындағы сөзі ерекше есте қалды. Ол болашақ абитуриенттермен бірге мақаламыздың басында атап өткен маңызды сұрақтардың бірі – «Университет жастарға не бере алады?» деген сауалға жауап берді.
– Өкінішке қарай, мектеп түлектерінің 70 пайызы университетке не үшін түсетіндерін білмейді. Жалпы, университет не үшін қажет? Ол сіздерге қандай мүмкіндіктер береді? Бірлесе ой қозғалық, – деп сөзін бастады ол. Залдан: «білім», «құнды тәжірибе», «жаңа таныстық», «қызықты студенттік өмір» деген нұсқалар келіп жатты. Барлық жауаптарды мұқият тыңдаған профессор ойын былайша түйіндеді: – Университет – ең құнды әлеуметтік байланыстарды орнатып, баға жетпес энергияны алатын орта. Ең алдымен, бұл – нетворкинг. Білім сонымен бірге келеді. Көрнекті сатирик Михаил Жванецкий «Ұлына жазған хатында» немересінің білім алу туралы: «Ол негізгі дағдыларды: грамматика, математика, қарым-қатынасты меңгерсін. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты жетік білуі тиіс. Өзінің қалауын және өзгелерге не ұсына алатынын түсініп, нақты жеткізе алуы керек», – дейді. Дәл осы адамдармен қарым-қатынас жасау дағдысының негізі университет қабырғасында қаланады. Осы бір қасиетті меңгерсеңіздер, әлеуметтік сатыда жоғарыға көтеріле аласыздар. Ал, ЖОО таңдау кезінде қайта оралғыңыз келіп тұратын университетке басымдық берген жөн. Себебі, онда қарым-қатынас орнатып, әлеуметтік тұрғыда өсу мүмкіндігімен қатар білім аласыздар. Ең бастысы, өздігінен шешім қабылдай білетін жеке тұлғаға айналасыздар.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.