Біртұтас тәрбиенің берері мол

Выпуск - №48(645)   :   06.12.2024
347

1

Республика бойынша жүзеге асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының үш айлық нәтижесі ауыз толтырып айтуға тұрарлық, ауқымды жұмыстар мен айтарлықтай жетістіктерге толы болды.

Бағдарламаның басты ұстанымы ұлттық тәрбиеге, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалған. Жан-жақты ойластырылған бағдарлама аясында әрбір әрекет жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, еңбекқор, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Оқу жылының басынан-ақ қарқынды түрде қолға алынған бағдарламаның бала тәрбиесіндегі маңызын атқарылған жұмыстарды сараптай отырып анық байқауға болады. Біздің Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі ғимаратының кіреберісінен-ақ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша жасалған ақпараттық стендтер көз тартады. Ғимараттың үш қабаты бағдарламаның негізгі бағыттарын бейнелейтін «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Озық ойлы ұлт» үш тағанын негізге ала отырып, «Бірілік пен ынтымақ», «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Әділдік және жауапкершілік», «Жасампаздық және жауапкершілік», «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік», «Заң және тәртіп» секілді басты құндылықтар арнайы көрнекіліктерде көрініс тапқан.

3


Ғимараттың әр қабатында орналасқан «Ұлттық ойындар алаңы» студенттерге кез келген уақытта «Тоғызқұмалақ» пен «Бес тас» ойнауға мүмкіндік береді, бұл да ұлттық ойындарды күнделікті өмірге енгізіп, олардың қолданыс аясын кеңейтуге септігін тигізді. Бағдарлама аясында «Күй күмбірі» қолға алынып, күн сайын үзіліс уақытында дәліздерде саз бөлімінің студенттері күмбірлеген күй орындап, ұлттық өнерді дәріптеуге ерекше үлес қосуда. Ал, апта сайын ауысып отыратын дәйексөздер барлық топтардың назарында болып, апталық жиындарда мақал жарысы түрінде талқыланады.
Колледжімізде қалыптасқан дәстүрлі шаралардың бірі – аптаның әр дүйсенбісінде студенттер мен оқытушылар ұлттық киім киіп, еліміздің әнұранын ерекше ықыласпен орындайды, ал бұл шеберлік ауыспалы кубок арқылы марапатталады. Бағдарламаның тәрбиелік іс-шаралары ұлттық бірегейлікке негізделген. Қаламыздағы «Аналар кеңесі» бірлескен жұмыстар арқылы «Әжелер мектебін» қаласақ, Қалалық ардагерлер кеңесі өкілдерімен ортақ іс-шаралар арқылы «Әкелер мектебі» жұмысын қолға алып жатырмыз.

2


«Біртұтас тәрбие» бағдарламасында қарастырылған әр айдың көрнекті тарихи тұлғаға арналуы да тұлғаларға тағзым ету жүйесін қалыптастырып, олардың еңбектері жастар арасында кеңінен насихатталуда. Нәтижесінде ұрпақтар сабақтастығы орын алған. Мәселен, қыркүйекте Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы, қазанда Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, қарашада Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы сынды айтулы даталарға орай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткізілді.
Ғылыми педагогиканың негізін қалаушылардың бірі К.Ушинский «Халықтың өзі жасаған, және халық бастамаларына негізделген тәрбие, ол ең үздік жүйелерде жоқ тәрбиелік жүиелерге ие» екенін дәлелдеп кеткен. Ұлттық педагогиканы дәріптеу арқылы әлемдік деңгейде танымал болуға жол ашылады. Халықтық тәрбие мен әлемдік білім беру көшбасшылығын ұштастырып, бала тәрбиесінде өзіміз үлгі болуымыз қажет.
Хәкім Абайдың: «Адамға мінез-құлық үш түрлі адамнан жұғады деген. Бірінші – ата-анадан, екінші – ұстазынан, ал үшінші – құрбы-жолдастарынан. Қайсысын көбірек жақсы көрсе, сол кісіден көбірек алады», – деген сөзі біздің әрекеттеріміздің бала тәрбиесіне тікелей әсер ететінін еске салады. Сондықтан, тәрбиені өзімізді тәрбиелеуден бастайық.

Гүлхашима ОРАЗОВА,
Н.Құлжанова атындағы
Торғай гуманитарлық
колледжі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Арқалық қаласы

Реклама