Дәуірдің жарық жұлдыздары

Выпуск - №39 (536)   :   07.10.2022
629

Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің кітапханасында Мұхтар Әуезов пен Сырбай Мәуленовке арналған «Ғасыр перзенттері» тақырыбындағы іс-шара өткізілді. Оған 1-курс білім алушылары қатысты.

Әр ұлттың өзінің пір тұтар тұлғалары болады. Олар қанша жыл өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналары хақ. Мысалы, ағылшындар үшін – Шекспир, орыстар үшін – Пушкин болса, қазақтар үшін – әрине, Абай.

«Абайды Абай еткен Мұхтар ғана.
Мұхтарды Мұхтар еткен Абай дана.
Қазақтың қос арысы, қос данасы,

Қалайша бас имессің оған сірә», – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін жалпақ жұртқа танытқан Мұхтар Әуезов болатын. Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Омарханұлы ұлт әдебиетінің алтын ғасырының бастауында тұр. Ол қазақ өркениетінің жаңа болмысын ашқан жазушы, ғалым, ұстаз, драматург, сыншы, аудармашы. Бір сөзбен түйіндеп айтсақ, энциклопедиялық ұшан-теңіз білім дариясының кемеңгері әрі ұлы қайраткері. Биыл Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына – 125 жыл болса, халқымыздың көрнекті ақыны, қазақ поэзиясында өзіндік үлесін қосып, сара жолын салып кеткен Сырбай Мәуленовтің туғанына – 100 жыл.

С.Мәуленов қыркүйек айының 17-сі күні қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Осылайша төрт жыл кескілескен ұрыс Сырбайды ақын ретінде де, адам ретінде де шыңдады. Соғыстан келген соң халықтың жәй-күйін «Қайтармыз Қазақстанға», «Майдан жолында», «Волхов», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Солдат туралы баллада» атты өлең-жырларымен көрсетіп, Отанына деген ыстық махаббатын ерекше бейнелеген. С.Мәуленов қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы, 58 кітап шығарып, өз шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады. Өлеңдері қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға елеулі үлес ретінде қосылды.

Колледжде өткізілген іс-шара барысында М.Әуезов пен С.Мәуленовтың өмір жолы мен жазушылық қызметінен, шығармашылықтарынан білім алушыларға жан-жақты мағлұмат берілді. Артынша «Сырбайдың сырлы әлемі» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, жырлары насихатталды. Оның сырлы лирикасын білім алушылардың жүрегіне ұялату, поэзияны сүю, бағалай білу маңыздылығы айтылды. Іс-шара барысында білім алушылар викториналық сұрақтарға белсенділік таныта жауап беріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Одан бөлек жырларынан үзінді оқып, өздерінің сөзге деген шеберліктерін таныта білді. Тағылымға толы, танымы мол шарадан тәлім алған студенттер өз ризашылықтарын білдірді.


Айнұр МҰХАМЕДЖАНОВА,
Екатерина ҚОЛДАСБАЕВА,
Н.Құлжанова атындағы
Торғай гуманитарлық
колледжінің кітапханашылары,
Арқалық қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.