Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің қабырғасында алғашқы кәсіби журналист Мұхаметжан Сералиннің 150 жылдығы мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті.
«Заманауи журналистика және PR-дың өзекті мәселелері» тақырыбындағы ІV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға еліміздің, сондай-ақ шет елдердің жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, тәжірибелі журналистер, мемлекеттік ұйым өкілдерімен қатар мектеп оқушылары және ұстаздары қатысты. Конференцияны Ахаң атындағы қара шаңырақтың журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Амангелді Шурентаев жүргізіп отырды.
– Бұл конференция білім ордамызда дәстүрлі түрде Журналистер күніне орай өткізіледі. Және жыл сайын мерейлі даталарға орайластырылады. Биылғы конференцияға жалпы саны 60-қа жуық баяндама келіп түсті, соның ішінде 9 баяндама іріктеліп алынып, пленарлық бөлімде тыңдалды. Конференция онлайн және офлайн форматты біріктіргенін де айта кету керек. Zoom бағдарламасы шетелдік әріптестерімізбен байланысып, пікір алмасуға жол ашты. Сондай-ақ алқалы жиынға қатысамын деушілер университеттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жүргізілген тікелей эфирге қосылып, сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды, – деп атап өтті Амангелді Мирамұлы.
Конференция жұмысы басталысымен алғашқы сөз университет проректоры Нұрлан Мамиевке берілді. Сөзінде биылғы жылдың мерейлі даталарға толы екенін атап өткен Нұрлан Бекентайұлы конференция қатысушыларына сәттілік тіледі. Жалпы тағылымды жиынға жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхмет, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, «Зеленое яблоко» газетінің редакторы Сергей Харченко, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің профессоры Қалқаман Жақып, Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының Ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Кенесбаева, сондай-ақ өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында қазақ және орыс тілдерінде оқылған баяндамаларға келер болсақ, Жанұзақ Аязбеков «Қостанай таңы»: кеше, бүгін және ертең», Ақылбек Шаяхмет «Айқап» журналы және Мұхаметжан Сералин», Тәжікстандағы академик Бободжон Гафуров атындағы Худжанд мемлекеттік университеті кітапханасының директоры Дилбар Самадова «Факторы модификации информационных жанров в региональной прессе», Қостанай қаласындағы №3 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Бимағамбетова «Балаларға арналған өңірлік басылым», А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының 1-курс магистранты Дина Нугманова «Освещение ситуации с пандемией коронавируса в районной печатной прессе Казахстана», ал университеттің журналистика мамандығының 3-курс студенті Жанар Ержанова «Мұхаметжан Сералин – Қарабалық жерінің шамшырағы» тақырыптарында баяндама жасады.
Ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тасқаирқызы берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қостанай облысының аумағында 118 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Қостанай өңірлік университетінің «Білім жарысы» газеті кезінде «Қазақ» газетінің қосымшасы ретінде шығып тұрды. Кейінгі жылдары «Қостанайские новости» газетінің қосымшасы ретінде де жарық көрген. Елдегі ахуалға байланысты жұмысын екі жылға тоқтатуға мәжбүр болған басылымды ендігі кезекте «Қостанай таңы» газетінің қосымшасы ретінде шығару жоспарлануда. Журналистика кафедрасының меңгерушісі жаңа оқу жылынан бастап, білім ордасының басылымы облыстық газеттің қосымшасы ретінде шығып, оқырмандарға жол тартатынына сенім білдірді.
Алқалы жиын аясында Қалқаман Хасенұлы өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының тарихына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналған музей ғимаратын ашу жөнінде, сондай-ақ болашақ журналистерді дайындау барысында саяси сауаттылыққа мән берудің қажеттілігіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Конференция қатысушылары да бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, оның жүзеге асуына қолдарынан келгенше ықпал ететіндерін жеткізді.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.