Адамзат баласына жеңіс 1 пайыз талант пен 99 пайыз еңбектің арқасында келетінін ескерсек, еңбек – адам өміріндегі басты құндылық екені даусыз. Бәріне оңай және тез қол жеткізуді қолдайтын жастардың арасында еңбек құндылықтарын насихаттау маңызды.
ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленгені осы құндылықты дәріптеуге деген бетбұрыс. Аталмыш мереке шеңберінде, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде 1-2 курс студенттерімен «Менің жетістігім – менің нәтижем» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Іс-шараның мақсаты: колледжде көп жылдар бойы қызмет етіп, зейнет жасына шыққан қызметкерлердің кәсіби еңбек жолын насихаттау, кейінгі жастардың назарын еңбек адамдарының жүріп өткен жолына аудару.
Кеш қонақтары ретінде колледж қабырғасында жылдар бойы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан тұлғалар арнайы шақырылды. 7 жыл колледж директоры болған Алматова Сандуғаш Орекенқызы, музыка бөлімінің оқытушысы Елеупова Қуаныш Темирфайловна, дене шынықтыру пәні оқытушысы Таскаева Людмила Петровна, есепші Райымбекова Ботагоз Батырбековна, іс қағаз жүргізуші Айтмаганбетова Гулнара Каримовна, мұрағат қызметкері Бекмағанбетова Жанагул Әшімханқызы жастарға еңбектің қадір-қасиетін баяндап, тағылымды әңгіме барысында өздерінің қызмет жолдарына тоқталып өтті.
Бағдарламаның басты кейіпкері – колледжді 1997 жылдан бастап 15 жыл бойы басқарып, зейнеткерлікке шыққан, Қазақ ССР нің білім беру үздігі, ҚР білім беру беру үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Арқалық педагогика институтының доценті, 40 астам тіл дидактикасы және орыс тілі өзекті мәселелерін көтерген ғылыми еңбектердің авторы, Арқалық қаласының 2004 жылғы «Жыл адамы», ұлағатты ұстаз Қолдасбаева Зина Шакировна шақырылды.
Шара бағдарламасында қонақтардың өмір жолы баяндалған бейнематериал тамашаланды. Білім алушылармен еркін сұхбаттасу алаңы құрылып, студенттер кеш кейіпкерлерінің еңбектеріне ризашылығымен бөлісті. Қонақтарға арналған қызықты зияткерлік ойындар өткізіліп, колледж оқытушыларының ардагер ұстаздарға шығарған достық әзілді өлеңдері оқылды. Кеш барысында ең қызықты сұрақ және ең ұшқыр ойлы білім алушыларымыз басты кейіпкердің қолынан естелік сыйлықтар алды.
Бағдарламада қонақтардан «Конақ кәде» сұралып, қатысушы білім алушылармен бірге жанды дауыста әсем ән орындалды. Кеш соңында қонақтарға колледж кәсіподақ ұйымының атынан естелік сыйлықтар, Алғыс хат пен шоқ гүлдер ұсынылды. Кеш кейіпкерлерінің үлгілі өмір жолдары білім алушыларға керемет әсер берді. Олар пікір білдіру барысында болашақта өздерін кеш қонақтарындай биіктен көргісі келетіндерін жасырған жоқ. Аталмыш шараның кейінгі жастарға берер тағылымы зор. Кеш кейіпкерлерінің өмір дастаны жастарға – өмірлік өнеге.
Гулхашима ОРАЗОВА,
Н.Құлжанова атындағы
Торғай гуманитарлық
колледжінің әдіскер,
оқытушысы,
Арқалық қаласы