Әбдібек Божақовтың жүрек әуені

Выпуск - №46(643)   :   22.11.2024
306

Жақында Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет үйінде Мәдениет саласының ардагері, ҚР «Мәдениет қайраткері» Божақов Әбдібек Баяхметұлының 70 жылдығына арналған «Жүрек әуені» атты шығармашылық кеш өтті.
Залда ине шаншыр орын болмады. Бұл жерде мерейтой иесінің замандастары, әріптестері, туған-туысқандары ғана емес, сонымен қатар оның өнерін сүйіп тыңдайтын көрермендер де жиналды. Концертте Қостанай облысының танымал әртістері, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің әртісі Зарина Божақова өнер көрсетті. Мерейтойлық кеш Әбдібек Баяхметұлы мен қызы Заринаның орындауында биыл өмірден өткен жерлес әнші-композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің «Қостанай» әнімен басталды.

image

 Әке жолын қуған Зарина Божақова мен Әбдібек Баяхметұлы

– Отыз алты жылдан бері мәдениет саласында қызмет етіп келемін. Оның отыз жылы – мемлекеттік қызметте өтті. Қостанай қаласындағы облыстық мәдениет басқармасында қызмет істедім, ал Қостанай қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде 26 жыл бойы еңбек еттім. Сол жылдарды еске алсам, қызметтес болған әріптестеріммен өзара сыйластығымыз бен сеніміміз берік болатын. Қаламыздағы көптеген мәдени іс-шараларды бірлесе ұйымдастырып, өткіздік. «Төрт аяқты ат та сүрінеді» дейді ғой, мен де қателіктер болды. Алайда, өнер жолында жүріп, абыроймен еңбек еткенім үшін тағдырыма ризамын», – деді мерейтойлық кеште көпшілікке көрсетілген деректі фильм аясында өмір жолынан сыр шерткен Әбдібек Божақов.
Ол кісінің мәдениет саласына сіңірген еңбегін қостанайлықтар жақсы біледі, бағалайды. Шығармашылық кешке жиналған көрермендердің қарасы қалың болғаны да соның бір айғағы.

image

 Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов мерейтой иесіне ілтипатпен құрмет көрсетті

– Асыл ағамыздың 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешке жиналып отырмыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар, бірге жұмыс істеген кісілер, дос-жарандары келіп отыр. Бұл – керемет оқиға. Мерейтойыңыз құтты болсын!, – деп атап өткен Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов еңбек адамына деген ілтипатпен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, қала әкімі Марат Жүндібаевтың атынан Әбдібек Баяхметұлына көп жылғы еңбегі, облыстың мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрлі түрде иығына шапан жапты.

image

 «Карнавал» би ансамблінің ару қыздары кештің көрігін кіргізді
 

IMG-4859

Фахрутдинов Шамиль Алексеевичтің есімі елімізде ғана емес, бірқатар шет елдерде танылып жүрген «Карнавал» би ансамблімен қатар аталады. Олардың қатысуынсыз қаламызда бірде-бір ауқымды мерекелік іс-шара өтпейді. Зарина Бажакова 2006 жылы алғаш рет дәл осы «Карнавал» өнер ұжымымен Венгрияда өнер көрсетіп, дауысымен көпті таңдай қақтырған екен. Мерейтойлық кеш барысында «Карнавалдың» ару қыздары Әбдібек Божақовтың құрметіне өнер көрсетті. Б.Майлин ауданындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Құлжанова да сөз орайы келгенде мерейтой иесіне мәдениет кәсіподақтарының облыстық комитеті атынан Алғыс хат табыстап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

image
Б.Майлин ауданындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Құлжанова Әбдібек Баяхметұлына ризашылығын білдірді

– Өмір жолымда тек жақсы адамдармен жолығып, олардың қолдауын сезініп жүрмін. Бұл жағынан жолым болды деп айта аламын. Сондай жандардың бірі – Әбдібек Баяхметұлы Божақов. Кезінде сіздің қол астыңызда жұмыс істеген едім. Сонда сізді қажет жерінде қолдау көрсетіп, демеп жіберетін, құлақ салып тыңдай білетін, жауапкершілігі мол әрі әділ басшы ретінде таныдым. Сөзіме сеніңіздер, бұндай қасиеттер екінің бірінің бойынан табыла бермейді. Мінекей, қызыңыз Зарина да өнер жолында өзіңіздің жолыңызды жалғап келеді. Өміріңіздің, өнеріңіздің жалғасы. Әрдайым мерейлеріңіз үстем болып, осылай халықтың сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер, – деді ол.

image
Татьяна Ким көрермендердің арасынан балаларды ортаға шақырып, сахнаны жандандырды

Кеш барысында Зарина Божақова Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені» әнін орындады. Сондай-ақ, елордадан келген Әлібек Әлмәдиев, Татьяна Ким, Мәди Сыздықов, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония солисті Гүлбану Абдуллина, жерлесімізАрыстан Құрманов өнер көрсетті. Мерейтой иесі мен қызының орындауындағы Әбдібек аға сүйіп тыңдайтын Арно Бабаджанянның «Верни мне музыку» әні көпшілікке ұмытылмастай әсер қалдырды. Ерекше тосынсый дайындаған досы Александр Мельников бұл концерт – Әбдібек Баяхметұлының мерейтойының ғана емес, бар ғұмырын арнаған шығармашылығының мерекесі екеніне тоқталып, құттықтауын әнмен жеткізді. «Халықтың ыстық ықыласынан асқан марапат жоқ. Бүгін зал лық толы. Қаншама ізгі тілектер айтылды. Сөзсіз, соның бәріне лайықтысың», – деді замандасы.
Жерлес ақын, жазушы Ақылбек Шаяхмет болса, жүрекжарды лебізімен мерейтой иесін жырға қосты: «Әбдібек бауырым мәдениет саласында қызмет істеп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Қостанай өңіріне ерекше еңбек сіңірді, оны атап айтуымыз керек. Расул Ғамзатов былай деген екен: «Мен сендерге жыр арнаймын достарым. / Жырдан басқа не болушы еді ақында. / Сол ғой менің бойымдағы бес қару. / Сол ғой менің шапаным да, атым да». Бала дейтін бала емес. Шал дейтін шал емес. Жетпістегі жас жігіт. Біздің Әбеке молодец!». Кеш соңында Әбдібек Баяхметұлы ұйымдастырушылар мен кеш қонақтарына алғысын білдірді.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.