Жуырда Қостанай қаласындағы Жастар сарайында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қайта жаңғырды. Бұған жыл бойы үзіліссіз жүргізілген «Сырғалым» жобасының қорытынды форумында көзіміз жетті. Оған 150-ге жуық бойжеткен қатысты.
Ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттап, қазақы дәстүрдің мәні мен мағынасының тереңдігінен нәр алу мақсатындағы жобаға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мұрындық болған. Халқымыз қашаннан қыз баланы – болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп бағалап, төрден орын беріп, тәрбиесіне салғырт қарамай, бар ыждаһатпен назар аудара білген. Әрине, қазір заман басқа. «Әйел адам бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербетеді» демекші, үйдегі жұмыстардан бөлек түздегі міндеттерін де атқарып үлгеріп жүрген батыл әйелдеріміз қаншама. Қанша дегенмен «Қызыңды тәрбиелегенің – бүтіндей бір ұлтыңды тәрбиелегенмен бірдей» дейтін халық даналығының өміршеңдігін ешкім жоққа шығармас.
Ассамблея жанынан құрылған «Асыл мұра аманаты» клубының ардақты әжелері форум қонақтарымен
Бұл күндері бір-бір отбасының түтінін түтетіп, берекесін сақтап отырған Аналар кеңесінің мүшелері алты ай ішінде сегіз қала мектебінде болып, 8-11 сынып аралығындағы бойжеткен қыздарымызға әрбір қыз баласы білуі тиіс деген дүниелерді, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған салт-дәстүрлерімізді насихаттап, шеберлік сабақтарын да өткізді.
– Тарихқа көз жүгіртер болсақ, сонау 2015 жылы жұмысын бастаған Аналар кеңесінің бүгінде облысымыздың түкпір-түкпірінде 23 филиалы бар. Кеңесте көпбалалы аналар, ардақты ұстаздар, сондай-ақ психолог мамандар мен заңгерлер белсенді жұмыс істеуде. Қостанай облысы аналары атынан бірталай тамаша жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Қостанай облысы Аналар кеңесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы «Сырғалым» жобасы. Негізгі мақсаты – бойжеткен қыздарымызды болашақ ана ретінде тәрбиелеу, салт-дәстүрімізді насихаттау және сол арқылы отбасы институтын нығайту. Жоба аясында қала мектептеріне барып, қыздарға шай құю әдебін, нан илеуді үйретіп, «Бесікке салу», «Шілдехана», «Сүндетке отырғызу» сынды салт-дәстүрлерді көрсетіп, оның ұмыт қалмауына өзіндік үлесімізді қостық, – дейді облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, көпбалалы ана Ақжан Алтыбаева.
Қазақ халқының қонақжайлығы мен дәстүрінің астарында үлкен мән әрі даналық жатыр. Қатысушылардың айтуынша, жобаның қызықты болғаны сонша, қазақ халқының қыздары ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің бойжеткендері де сүйсініп, салт-дәстүрлердің өнегесінен нәр алуда. Жыл бойы жалғасқан жобаның қорытынды форумына қала мектептерінен 150-ге жуық қыз бала қатысты. Ерекше форматтағы іс-шараға облысымыздың 14 өңірінен Аналар кеңесінің мүшелері ғана емес, өз кәсібін ұршықтай дөңгелетіп отырған белсенді қыз-келіншектер де атсалысты.
Қыздарға даналығымен бөлісіп жатқан Айтжан Амангелдіқызы
Қыз бала тәрбиесі ананың әлдиімен бастау алып, бой жеткенше өнегелі жолмен жалғасын тапқан. Форум басында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Азильханов барлық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдарының атынан форум қатысушыларына құттықтау сөзін жолдады:
– Ассамблеяның «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» жобасын іске асыру нәтижелері бүгінде жалпы республикалық маңызға ие. Оның халықтың әртүрлі топтарына әлеуметтік бағдарлануы қазақстандық патриотизмді, қоғамдық келісімді, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілету және өскелең ұрпақ арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша нақты нәтижелерді қамтамасыз етті. Осы жылдар ішінде Аналар кеңесінің жұмысы халықтың әлеуметтік белсенді бөлігі ретінде Қазақстан әйелдерінің зор әлеуетін көрсетті. Махаббат пен мейірімділікке толы ана жүректері ел дамуының сенімді тірегі, оның адамгершілігінің, руханилығы мен мәдениетінің мызғымас тірегі, табысты болашағымыздың кепілі болатынына сенімдімін.
Берік отбасылық қарым-қатынас арқылы ұрпақтан-ұрпаққа рухани-адамшершілік құндылықтар беріліп отыратыны рас. Тәрбиелік мәні зор «Сырғалым» жобасының қорытынды форумында 5 станция жұмыс істеді. «Сүйікті ісіңді тап», «Қыздың көркі – шаш, шаштың көркі – шашбау», «Дастархан ортақ – дәм тәтті», «Нан илеу шеберлігі», «Шебердің қолы алтын» атты станциялардың әрқайсысында 5 топқа бөлінген қатысушылар кезекпен тұрақтап, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық әшекей-бұйымдары мен киіміне, дастархан басында шайды дұрыс құю және ұсынуға, еттің нанын илеп, оқтаумен жазуға және қолөнер шеберлігіне қатысты білімдерін кеңейтті.
«Сырғалым» жобасының идеялық шабыттандырушысы, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана Айтжан Кішкентаева «Дастархан ортақ – дәм тәтті» станциясының спикері ретінде бойжеткендерге даналық сөздерін арнады.
– Адам үшін ең бірінші керегі – білім, екінші керек нәрсе – тәрбие. Екеуін бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Меніңше, әр әйел адамның өмірдегі басты миссиясы – өзінің артынан лайықты қыз баланы тәрбиелеп өсіру. Ер адам – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, әйел – үйдің берекесін сақтаушы, түтінін түтетіп, ұрпағын өрбітуші. Бүгінде алты баланың анасымын. Үлкен ұлдарым үйленді, екі келінім бар. Отыз жылдан артық келіндік тәжірибеммен бөлісіп, енді оларға да аналық ақыл-кеңесімді айтып отырамын, – дейді Айтжан Амангелдіқызы.
«Шебердің қолы алтын» станциясында қыз балаларға қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылып, кішігірім шеберлік сабағына қатысудың мүмкіндігі туды. Қазақ халқының ұлттық нақыштағы дүниелерін тігіп, осыдан 5 жыл бұрын «Syilyk» атты жеке кәсіпкерлігін бастаған Раушан Сеитова бүгінде құрбысы Гульжан Ильясовамен бірге ісін дөңгелетіп отыр.
– Гүлжан екеуміз бір сыныпта оқыдық. Сарыкөл ауданының Қараоба ауылының тумасымыз. Кішкентайымыздан аналарымыздың үлгісімен салт-дәстүрге қанығып, ұлттық кімдер мен әшекей-бұйымдарды көріп өскендіктен, бұның бәрі біздің жан дүниемізге жақын. Есейгеннен кейін қандай той-томалаққа барсам да қамзолымды киіп, дорба апарғым келіп тұрады.
Ең алдымен, өзіме тігіп бастадым, артынша қызығушылығым кәсібіме ұласып, қазіргі уақытта ауқымы кеңейіп келеді. Тақия, көйлек, қамзол, шапан, көрпе, қоржын, тойбастар тігеміз, – дейді Раушан Сейітқазықызы.
Жеке кәсіп бастап, ісін дөңгелетіп отырған Жібек Нұрсеитова форумға Науырзым ауданынан арнайы келген: – Науырзым ауданының табиғаты, өздеріңіз білесіздер, өте әсем. Шетелден туристер жиі келеді. Қонақтарға Науырзымнан естелік болсын деп кәдесыйлар жасауды қолға алдым. Тамыз айында ауданымызда үлкен іс-шара өтіп, Грузияның Тбилиси қаласынан келген қонақтарымыз Қазақстаннан естелік болсын деп, кәдесыйларымызды ала кетті. Бұл да жақсы тәжірибе болды, – дейді Жібек Мырзағалиқызы. – Жастарымыз телефонға телміріп отырмаса екен деймін. Сол үшін қызығушылық білдірген жандарға осы кәсіптің қыр-сырын үйретуге әркез әзірмін.
Форум жұмысын Ассамблея жанынан құрылған «Асыл мұра аманаты» клубының әжелері әсем әнімен көркемдеп, жас ұрпаққа ұршық иіру, жүн түтудің үлгісін көрсетті. Бұған дейін дәстүр жолында жүрген жандар бас қосқан ұйымға бүгінде 15 ардақты анамыз мүше. Форум аясында қатысушылар еттің нанын жазуға үйреніп қана қоймай, сұлу да сымбатты, алға қойған мақсатына жетуде табандылық танытатын Айдана Өміржаннан болашақ кәсіп таңдау бағытында шабыт алды.
Жиын соңында «Сырғалым» ұлттық жобасының форумына қосқан үлесі үшін спикерлер Ақжан Бақытжанқызы, Айтжан Амангелдіқызы, Раушан Сейітқазықызы, Жібек Мырзағалиқызы, Айдана Өміржанқызы, Айзат Бүркітбайқызы, Диана Бақытжанқызы, сондай-ақ қатысушылардың ішінде жобаға белсене атсалысқан №1 мектеп-гимназия шәкірттері Сабина Агайдарова мен Алена Бойко, №22 ЖББМ шәкірттері Людмила Елина, Асем Жамбулова, София Сивухова және №8 ЖББМ шәкірттері Диана Михейко, Анастасия Хузеева, Ангелина Шоплакова Алғыс хаттарға ие болды.
Бауыржан Момышұлы атамыз бір сөзінде: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін», – деген екен. Осынау ұлы міндетті арқалап жүрген батыр жандардың ісі берекелі болсын дейміз.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.