«Бозторғай» телехикаясы: Алматыдан Қостанайға дейін

Выпуск - №29-30 (577-578)   :   20.08.2023
409

«Жарық! Камера! Мотор!». Көпшіліктің сұранысы бойынша, «Хабар» агенттігінің қолдауымен, жақында «Бозторғай» телехикаясының екінші маусымы көрерменге жол тартпақ. Оқиға жерлестеріміз Садықовтар әулетінің тағдырынан сыр шертеді.

Шығармашыл түсірілім тобы

Драма жанрындағы туындының алғашқы маусымы Алматы облысының Текелі қаласында түсіріліп, үстіміздегі жылдың басында 15 сериялы телехикая қалың көрерменге ұсынылған. Айта кету керек, телехикаяның негізіне Қанат Естектің әпкесі мен жездесі жайлы жазған «Бақытты отбасы» кітабы арқау болған. Тоқсаныншы жылдары он бала асырап алған Қарлыға мен Нұрлан Садықовтардың тағдыры қазақстандықтардың жүрегіне жол тауып, YouTube-тің өзінде қаралымы миллионнан асып жығылады. Көптің дауыс беруі арқылы оқиғаның жалғасын түсіру жайлы шешім қабылданған. Алайда бұл жолы бәрі әлдеқайда шынайы, себебі «Бозторғайдың» екінші маусымы басты кейіпкерлердің тарихи мекені – Қостанай өңірінде түсірілуде.

Бір ай бұрын сонау Алматы қаласынан Қостанайға ат терлетіп келген шығармашыл ұжымның қайнап жатқан жұмысына өз көзімізбен куә болып қайтудың мүмкіндігі туды. Күні кеше Заречный кентінде болып жатқан түсірілім алаңына арнайы барып, жобаның маңызы жайлы сұрап-білдік. Басты кейіпкер, отағасы Нұрлан – полиция сержанты. Бірбеткей, әділ, әзілдескенді ұнатпайтын, бірсөзді жігіт. Ал жан-жары Қарлыға да – еңбекқор, өзгенің ала жібін аттамайтын жан. Екеуінің бір-біріне деген махаббаты адал, тек арада баланың болмауы, көпшіліктің бұл жағдайды нұқып айта беретіндігі біраз қиындық тудырады. Қарлығаның балаға деген сүйіспеншілігі кітапханадағы жұмысын тастап, балалар үйіне өз еркімен тәрбиеші болуына апарады. Телехикаяның алғашқы маусымында Балалар үйіндегі түрлі тағдыр, қиыншылық пен шынайы махаббат көрініс табады.

Екінші маусымда Кеңестік дәуір құлаған шақта өздері қиын жағдайда бола тұра, жетімдер үйінен 10 бала асырап алған Нұрлан мен Қарлығаның бастан кешкен оқиғалары ашыла түседі. Режиссер Жасұлан Пошанов жұмысының нәтижесін көрмей тұрып, әзірге пікір білдіруден тартынды. Сол себепті жұмыс тобынан, басты рөлдерді сомдайтын актёрлермен тілдестік. Көпшілік қазір жарыса көріп жүрген «Октагон» сериалындағы Бауырдың рөлімен жақсы таныс белгілі актёр Шерхан Пирназаров Нұрланның рөлін сомдайды. Айтуынша, басты кейіпкерлердің бұралаңға толы тағдыры, жанқиярлық ерлігі көпке үлгі боларлықтай.

– Оқиғаның желісі Арқалық қаласынан басталады. Содан басты кейіпкерлер 12 баламен Қостанай өңіріне қоныс аударады. Тоқсаныншы жылдар – өздеріңіз білесіздер – қиын-қыстау кезең, өмір сүру қиын. Соған қарамастан үлкен ерлік жасаған Нұрлан – менің ойымша – қазіргі заманның батыры. Аллаға шүкір, бұл күндері сол дәуірдегідей таршылық көріп жүрмесек те, дәл осындай қадамға барып жатқан адамдар сирек. Тұйық мінезді Нұрлан жұбайы Қарлығамен бірге тек бала-шағасының қамымен жүріп, бүгінгіні ғана емес, ертеңін де ойлап, жоқтан бар жасап жүреді. Екінші маусым балалар жайлы болмақ. Қарлыға мен Нұрланның балаларға деген қарым-қатынасы, жанұяның өміріндегі мәселелері ашыла түседі, – дейді Шерхан Ауезханұлы.

– Бірінші маусымды өздеріңіз білесіздер, енді екінші маусымда жаңадан рөлдер қосылды. Басымдық, әрине, балаларға берілді. Себебі, олардың қабілет-қарымы мен сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берілді. Іздестіріп, тапқан балаларды режиссеріміз Жасұлан Пошановқа жібердік. Ол кісі ұсынылған үміткерлердің арасынан іріктеп, лайықтыларын рөлдерге бекітті. Енді түсірілім барысында таңдалған актёрлердің бәрі де өзінің кейіпкерлерін жақсы алып шығып жатыр деген ойдамын, – дейді кастингтің жауапты маманы Сабина Мажит.

«Бозторғай» телесериалының екінші маусымы Ертас Жақыпбайдың сценарийі бойынша түсірілуде. Нұрлан мен Қарлығаның он екі баласының бірін 11 жасар Гүлім Серік ойнайды. Бұл – Гүлімнің алғашқы жобасы емес. Кішкентайында шығармашылық қабілетін байқаған анасы қолынан жетелеп, өнерге баулыған. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жас өрен актёрлік қырларын шыңдаудан бөлек ән айтқанды, би билегенді жаны сүйеді.

– «Бозторғайда» мен балалардың бірі Заринаның рөлін ойнаймын. Өмірі қиындыққа толы кейіпкерлердің тағдырынан көзіңе еріксіз жас келеді... Бұл телехикаяның көрерменге берер тәрбиелік мәні зор. Ата-ананың қадірін түсініп, олардың біз үшін жасап жатқан жақсылықтарын бағалауға үйретеді, – дейді Гүлім Нұрсұлтанқызы.

Ал балалардың кішкентайын 5 жасар Абылайхан Айнабеков ойнайды. Талабы таудай жастың өзінің рөлін де барынша шынайы жеткізуге тырысады. Бізбен әңгімесінде түсірілім барысындағы сезімдерімен, естеліктерімен әсерлене бөлісті. Ал түсірілімге қалай дайындық жасайтыны жайлы білмек үшін анасы Фариза Аубакированы сөзге тарттық.

– «Талапты жас талпынған құстай» деген сөз бар ғой, сол сияқты баламның кішкентайынан зерек, алғыр екендігін байқап, қолымнан келгенше қолдау көрсетіп келемін. Екі жарым жасынан бері осы салада. Енді, міне, баламмен бірге Алматыдан Қостанайға еріп келдім. Телехикаяның алғашқы маусымында мылқау рөлінде болды. Шынайы өмірде белсенді болғандықтан, бұл оған аздаған ыңайсыздық тудырғаны рас. Алайда екінші маусымда өзінің образы толық ашылуы тиіс, – дейді Фариза Аубакирова.

Шынайы оқиғаларға негізделген отбасылық драма болғандықтан, тарихи телехикая барлық нәрседе шынайылықты талап етеді: реквизиттер, киім, шаш үлгісі, тіпті сөйлеу мәнері де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл іске жауапты қоюшы суретші Нұрхат Сабыр әңгімелеп берді.

– Тоқсаныншы жылдардың атмосферасын толық жеткізу үшін тырысып бақтық. Кейіпкерлер өздері қолданатын басты реквизиттерді Алматыдан іздеп таптық, ал интерьерді толықтырушы картина, теледидар сияқты басқа да қосымша реквизиттерді Қостанай қаласының музейі ұсынды, – дейді Нұрхат Сабыр. – Бірінші маусымда отбасындағы мәселелерге көбірек көңіл бөлінсе, екінші маусым сол заманның қиындықтары мен күрмеулі сұрақтарын аша түседі. Екінші маусымның ең ерекше тұсы – оқиғаның дәл осы тарихи болған жерінде түсіріліп жатқандығы. Яғни, көрермен шынайы көріністерге куә болады.

Ал «Бозторғайдың» екі маусымында да редакторлық етіп жүрген Алтынай Абдимадидің сақ құлағынан актёрлердің әр сөзі сүзгілеуден өтеді. «Себебі сөз – кейіпкердің мінез-құлқы мен образын толық көрсетуге ықпал етеді», – дейді ол. Шығармашыл ұжымның түсірілімі артынша Арқалық қаласында жалғаспақ. Отбасының маңыздылығы, дәстүрлері, еңбек, шыдамдылық, махаббат туралы маңызды сұрақтарды көтеретін тарихи драманың екінші маусымы да көптің көңілінен шығады деп сенеміз.


Жамал ШАУКЕН,
түсірілім алаңынан
суреттерді ұсынған
Ернар ЕЛДОСҰЛЫ

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.