Ирина Новицкая: «Жүрегім «қазақ» деуге хақым бардай!»

Выпуск - №19(715)   :   15.05.2026
1184

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Астана қаласының әкімдігі және Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы алғаш рет «Алтын шаңырақ» республикалық этносаралық ақындар айтысын ұйымдастырды. Аталған сайыста жерлесіміз Ирина НОВИЦКАЯ Бас жүлдені қанжығалады. Орайы келіп, қазақтың сары қызын әңгімеге тарттық.

фото Ирина (1)

– Ирина, елорда төрінде өткен «Алтын шаңырақ» ұлттық айтыс байқауында Бас жүлдені жеңіп алдыңыз. Құттықтаймыз. Біздің оқырманға өзіңіз туралы айтып берсеңіз?
– Көп рақмет. Мен Қостанай облысы, Амангелді ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге келдім. Отбасында алты баламыз, бәріміз де қазақ тілінде еркін сөйлейміз. Алтын ұям – Жасбуын жалпы білім беретін мектебінде 11 жыл білім алдым. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «Түйме қыз», «Қыз сыны» сияқты байқауларға, пәндік олимпиадалармен қатар «Абай оқулары», «Жарқын болашақ» додаларына белсене қатысып, шыңдалдым. Өнерге деген құштарлығым бала күнімнен оянды. Төртінші сыныптан домбыра үйірмесінде қасиетті аспаптың құлағында ойнауды үйрендім. Мектепті аяқтаған соң, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша білім алдым. Бүл күнде Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында аудармашы, сонымен қатар Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-де қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және этномәдени бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысымын. Отбасылымын, жолдасым – қазақ азаматы. Шаңырағымызда өзара қазақ тілінде сөйлесеміз.

– Айтысқа қатысу туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз? Дайындыққа қанша уақыт арнадыңыздар? Жетекшіңіз Жібек Шахмарданқызымен бірге елді елең еткізерлік айтыс өткіздіңіздер десек жарасымды.
– Бұл ұсыныс маған ақпан айының басында түсті. «Amanat» партиясының этносаралық дода ұйымдастыратынын естігенде, бастапқыда біраз жүрексінгенім рас. Айтыс деген оңай емес қой. Бұған дейін мұндай ірі додаға түсіп көрмегендіктен, «қалай болар екен?» деген күдікпен тіпті бас тартқым да келді. Сол сәтте жолдасым маған демеу болып: «Қатысып көрсеңші. Домбыра тарту қолыңнан келеді, даусың бар, неден қорқасың?», – деп жігер берді. Осы сөзінен кейін қатысамын деп шештім. Дайындық наурыздың соңына қарай басталды. Жетекшім Жібек Шахмарданқызы екеуміз күн сайын байланысып, айтыстың мақамын, қозғалатын тақырыптарды – бәрін ақылдасып отырдық. Меніңше, осы Бас жүлде – ең алдымен жетекшімнің қажырлы еңбегінің жемісі. Ол кісі Қызылорданың тумасы, бүгінде Торғайдың келіні. Екеуміздің ойымыз да, көзқарасымыз да көп жағдайда бір жерден шығып отырды. Бір айға жуық уақыт тынбай дайындалдық. Айтыс басталардан ертерек барып, Жібек ұстазымның үйінде қонақ болдым. Күнде дайындалдық. Сол шешімім өте дұрыс болған екен: алғаш жүздессек те, бір-бірімізге жақын адамдай болып кеттік.

фото Ирина (2)

– Сөз додасындағы барлық жұптар ұл мен қыз болып өнер көрсетті. Ал сахнаға Торғай даласының, соның ішінде Батпаққараның қос аруы шыққанда көрермен сілтідей тына қалды. Бұл тартыстың жөні де, жүгі де бөлек болған сияқты...
– Расымен де, алғашқы жоспар бойынша маған қарсылас ретінде ер бала бекітілуі тиіс еді. Алайда, кейбір жағдайлармен ол азамат қатыса алмайтын болып, маған Алла Платонова қарсылас атанды. Алланы бұған дейін Президент алдында сөз сөйлеген Тасты ауылының дарынды қызы ретінде сырттай білгенмен, жеке танымайтынмын. Дайындық барысында бейнебайланыс арқылы тілдесіп, бір-бірімізді тани бастадық. Астанаға барған кезде ең алғашқы дайындық Айтыскерлер одағында өтті. Сол жерде Алламен алғаш рет жүздестік. Мені жерлесі ретінде құшақ жая қарсы алып: «Қош келдің!», – деп ерекше ілтипат көрсетті. Суық Астананың қақаған желінде жаны да, жүзі де жылы адамды жолықтырғаныма шексіз қуандым. Іштей «қалай болар екен?» деген уайым ғана болды. Айтыс кезінде әр шумақтың салмағы бар ғой. Десе де, халықтың ерекше ықыласын тудырып, делебесін қоздырған мына бір шумақ менің де жүрегімде қалды:


«Тобыл мен Торғай деген атым қандай,
Қазақтың өр рухы жатырғандай.
Осындай жерде туып-өскеннен соң,
Жүрегім «қазақ» деуге хақым бардай!».


Бұл шумақ маған ерекше рух береді. Қазақстанда дүниеге келіп, өсіп-өніп, білім алып, бүгінде тұлға болып қалыптастым және бұны мақтан тұтамын. Әрине, кез келген адам сияқты, жеңімпаз атанғанда менің де бойымды қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеді. Осы сайыс арқылы айтыстың қазақ мәдениетіндегі орны қандай екенін, оның тәртібін, суырыпсалмалық өнердің ерекшелігін өз көзіммен көріп, құлағыммен естіп, айтысқа деген ерекше махаббатым оянды. «Бас жүлде – Ирина Новицкая мен Жібек Шахмарданқызы!» деп хабарлаған сәтте алғашында сенбей қалдым. Алайда өңіріміздің намысын қорғап, сенімді ақтай алғанымды түсініп, бойымды үлкен жауапкершілікпен қатар ерекше жеңілдік сезімі биледі.

фото Ирина (3)

– Қазақ тілінде еркін сөйлейсіз. Тіл үйренудегі құпияңыз неде? Жалпы, қазақ тілінде айтысу қиын болмады ма?
– Шынымды айтсам, қазақ тілін арнайы барып үйрендім деп айта алмаймын. Мен осы тілдің ортасында дүниеге келіп, қазақы үнмен есейдім. Әкем орыс ұлтынан болса, анам – қазақтың қызы. Біздің үйде көбіне қазақша сөйлеп, қазақы тәрбиеге жақын өстім. Сол себепті қазақ тілі мен үшін жай ғана қарым-қатынас құралы емес, бала кезден бойыма сіңген, жүрегіме жақын тілге айналды. Өзге этнос өкілі бола тұра, қазақ тілінде айтысқа түсу – ең алдымен қазақ халқына, оның тілі мен мәдениетіне деген құрметімнің белгісі. Айтыс – жай сөз сайысы емес, ол ұлттың рухы, тарихы мен дүниетанымы көрінетін қасиетті өнер. Сондықтан әрбір айтқан сөзіме мән беруге тырысамын. Тілді дұрыс қолдану, ойды терең жеткізу, қазақы болмысты сезіну – мұның бәрі де үлкен дайындық пен жауапкершілікті талап етеді.

– Сахнада Алла Платоноваға тұмар сыйлаған сәтіңіз қазақы салт-дәстүрге қанық екеніңізді байқатты...
– Аллаға тұмар табыстау – аяқасты туған ерекше идея болды. Бұл ұсынысты маған жетекшім Жібек Шахмарданқызы мен оның жұбайы, белгілі айтыскер ақын Тоба Өтепбай ағамыз айтқан еді. Негізі, Алланың жетекшісі Мейірбек Сұлтанхан алғаш болып Мұхтар Шахановтың кітабын сыйға тарту туралы ниет білдірген екен. Біз де бұл ізетке құр қол бармауды жөн санап, мағынасы терең, мәні зор сый іздедік. Сөйтіп, ішіне киелі Тобыл мен Торғай өңірінің топырағы салынған тұмарды сыйладық. Бұл – жай ғана кәдесый емес, туған жердің рухы мен ықыласын аңғартатын белгі болды деп ойлаймын.

– Емен-жарқын әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:
Гүлім БАТЫР,
Әділет НҰРАБАЕВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
ҚӨУ журналистика мамандығының
4-курс студенттері

ГЛАВНЫЕ НОВОСТИ

Путь, заданный великим учителем

Вчера в 14:44

Патриотическое воспитание

Роль профсоюза в сохранении культурно-исторического наследия

Вчера в 14:40

Профессиональное содружество

Эффективное взаимодействие педагогов и родителей

Вчера в 14:36

ДОШКОЛЬНОЕ ВОСПИТАНИЕ

История первого детского сада Лисаковска

Вчера в 14:33

ДОШКОЛЬНОЕ ВОСПИТАНИЕ

Ғасырға қадам басқан білім ордасы

Неделю назад в 15:09

Бүгінгі мектеп

Жасыл болашаққа тамыр тартқан жоба

Неделю назад в 15:07

Бүгінгі мектеп

Актуально

Реклама

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.

Благодаря профессионализму коллектива редакции и пониманию важности наших тем мы, педагоги, можем представить широкой аудитории региона самые актуальные материалы о своей работе, о достижениях коллег и успехах учащихся. Я считаю, что газета «Учительская плюс» играет ключевую роль в поддержке профессионального сообщества, в развитии образования Костанайской области. И горжусь тем, что могу внести свой вклад в это дело вместе с газетой.