Бүгінгі кейіпкерлеріміз де осындай ойда. Олардың жасап жатқан өлшеусіз еңбегін бір ауыз сөзге сыйғызу мүмкін болмас, дегенмен бүгінгі әңгімеміз ұлттық қолөнерді жаңғырту ісіне атсалысып жүрген Ибагуль БАРСАКБАЕВА мен Айгуль НУГУМАНОВА жайлы болмақ.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының Өнер бойынша әдебиеттер бөлімінің ұйымдастыруымен көпшілік назарына ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Көрме киізден жасалған картиналар, ою-өрнектермен әспеттелген көрпе-жастықтар және басқа да бұйымдармен толықты.
– Кітапханамызда ай сайынғы көрмеде есімі көпшілікке танымал қолөнер шеберлері мен суретшілердің жұмыстарын ғана емес, жаңа есімдерді де ашуға тырысамыз. Осы айда көрме Наурыз мерекесіне орайластырылып, ұлттық нақыштағы дүниелерге ерекше мән берілді. Бұл жолы жергілікті алты қолөнерші жұмыстарын ұсынып отыр. Былтыр қаламыздағы ұлттық қолөнер шеберлерінің шығармашылығын үлгі етіп, қазақ қолданбалы қолөнерін насихаттап, жастарды оған баулу ісін Қостанай облысының «Qoloner» қолөнершілер қоғамдық қоры кітапханамыздың Өнер бойынша әдебиеттер бөлімімен бірлесе бастаған. Киіз басу бойынша алғашқы шеберлік сабақтары да біздің бөлімде өткізілді, – дейді бөлімнің меңгерушісі Ляззат Тулекова. Отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді бейнелейтін киізден жасалған картиналарын Ибагуль Барсакбаева ұсынды.
– «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ауыл әйелдерін киіз басуға үйрету мақсатында жоба бастау алғанын естідім. Бірден телефон номерін жазып алып, келісіп, курсқа келдім. Алғашқы сабақтардан соң, қызығушылығым бірден ояна қоймады. Тек берілген тапсырмаларды орындайтынбыз. Шығармашылық еркіндіктің болмауынан да шығар, бұл іспен шұғылдануға деген үлкен құлшынысым ашылмады. Содан былтырғы қала күнінде «Қазақ өнер» ұлттық қауымдастығының президенті Айгүл Жансериковамен кездесу бұйырды. Ол кісінің киіз басу өнеріне қалай келгені, қандай қиындықтардан өткені туралы әңгімесін тыңдап, шағын шеберлік сабағына қатысып, кәдімгідей шабыт алдым десем, артық айтпаған болар едім. Келесі күні өткізілген жәрмеңкеде сол кісінің қолөнер бұйымдарының бутигінен үстімдегі ақ кардиганды бір көргеннен ұнатып, сатып алдым. Және мұндай сұлулықты жасау үшін қой жүні, су және сабын ғана қажет екені мені қатты таңғалдырды, – дейді Ибагуль Барсакбаева.
Кездесуден соң Ибагуль Барсакбаеваның киіз басу өнеріне деген ықыласы оянып, былтыр қазан айынан бастап картина жасауды қолға алды. Осы бар-жоғы бес айдың ішінде белгілі бір мағына мен тарихи мәні бар 12 ерекше картина көрерменге жол тартты. Негізгі мамандығы – дәрігер, осы салада отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп, бүгінде құрметті демалысқа шыққан Ибагуль ханым жан рахатын осы істен тапқан. Қазақ тілінде еркін сөйлеу – алға қойған мақсаттарының бірі. «Қазақ тілін үйренуге деген талпынысыңызға осы өнердің әсері болды ма?» деген сұрағыма:
– Тіліміз бен тарихымызды біле түскен сайын, қазақтың ұлттық өнеріне жолым да кеңи түскендей. Тіпті, ойлау мәнерім де өзгере бастады. 2019 жылдан бері қаламыздағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрындағы қазақ тіліндегі қойылымдардың тұрақты көрерменімін. Толық түсіну үшін бір спектакльге бір емес, бірнеше мәрте барған жағдайлар да болды. «Тілдарын» орталығы, Достық үйі, Л.Н. Толстой кітапханасы ұйымдастыратын тіл үйрену курстарының да қатысушысымын. Ешқашан кеш емес деп есептеймін, ұлттық бірегейлігімнің осылайша оянғаны мені шынайы қуантады. Қаламыздағы сурет галереясында ұйымдастырылатын көрмелерге де тұрақты келіп тұрамын. Сонда байқағаным, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз, кең жазира даламыз бен мәдениетіміз суреттелген картиналардың ішінде Асель Нуркенова, Арлан Аңқауов, Ғани Баянов есімді жерлес қылқалам шеберлерінің еңбектерін көргенде іштей жан дүниеммен үндестік сезімі пайда болады, – дейді ол.
Келесі кейіпкеріміз Айгуль Нугуманова да осыдан шамамен 7 жыл бұрын киіз басу өнерімен айналысып, киізден берет, жилетка жасаған екен. Дегенмен соңғы бірнеше жылдағы әуестігі әрі кәсібі – пэчворк немесе квилт деген атауға ие. Қазіргі ақпараттық заманда әлеуметтік желілердің пайдасы мол екендігін айтады ол өз сөзінде. Себебі, сол әлеуметтік желіде кездескен жарнаманың арқасында ескі құрақ құрау техникасымен төсек-жапқыштар тігіп жүрген қолөнер шебері Гүлмира Уәлиханның пэчворк стилінде жасалған жұмыстарымен танысады. Бұл шетелден келген термин болғанымен, қазақша баламасы – мата қиындыларынан құрап тігу, яғни құрақ құрау өнері. Басты айырмашылығы – уақыт өте келе түр-түсі кетіп, созылып кетпейтіндей, сапасы жоғары маталардың қолданылуында. Осылайша 2020 жылғы 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне сыйлық ретінде кейіпкеріміз жолдасынан Гүлмира Уәлиханның курсын сұраған. Сол кезде бағасы 40 мың теңге тұрған курсты сатып алғанмен, қыз-келіншектердің көпшілігінде нәтиженің болмау себебін – пэчворкке қажетті дүниелердің қымбаттығынан деп түсіндіреді. Курсты алған соң, бірте-бірте жаттыға бастайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, матаның сапалы болғаны маңызды. Айгуль Нугуманова жұмыстарында индонезиялық батик матасын қолданады. Оның айтуынша, жоғары сапалы батик жуу кезінде бүлінбейді және өзінің бастапқы қалпын сақтап қалады.
– Ибагуль Барсакбаеваны Айгүл Жансерикованың өмір жолы шабыттандырған болса, маған құрақ құрау шебері Гүлмира Уәлиханның ықпалы мол болды. Жас болғанына қарамастан, осы іспен 17 жылдан бері айналысып келе жатқанына таңдана қарадым. Себебі, сол сәтке дейін құрақ құраумен үлкен апаларымыз ғана айналысады деген ойда болғаным рас. Гүлмира Уәлиханмен таныстығым осы таптаурынды жоққа шығарды. Және жастардың қолөнердің осы түріне қызығушылық танытып жатқаны қуантады, – дейді Айгуль Нугуманова.
Құрақ бұйымдар ғасырлардан бері өмір салтымызбен біте қайнасып, әлі күнге сұраныстан қалмай келе жатқаны белгілі. Осы пэчворк әдісімен көрпе-көрпешеден бөлек, жастықтар, көрпеқаптар, кәдесыйлар, сөмкелер, тіпті әйелдер әшекейлерін де жасауға болады екен. Ең бастысы, қиялыңыз жүйрік, қолыңыз шебер және төзіміңіз берік болуы тиіс. Төрт жылдан бері осы бағытта шыңдалып келе жатқан Айгуль Нугуманованың жұмыстары таңдандырмай қоймайды. Ұсақ-ұсақ қиындылардан қосылғанынан бөлек түстердің ерекше үйлесімділікпен орналасқаны –жұмыстың авторынан үлкен сабырлылық пен тиянақтылықты қажет ететіні белгілі.
Айгуль ханым Гүлмира Уәлиханның дизайны бойынша тігілетін қиын жұмыстардың бірі «Арғын» көрпесін де тігіп, оны тәмамдап шығуға бір жарым жылға жуық уақытын арнаған. Өзі ғана емес, пэчворкпен айналысатын жандар бұл жұмысты – кәсіби шыңдалу жолындағы белеске бағалайды. Бұл күнде Айгуль ханымның жеке студиясы бар. Қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге шеберлік сабақтарын да жүргізіп келеді. Бір қарағанда бағыттары бөлек болып көрінгенмен, екі кейіпкерімізді де байланыстыратын дүниелер көп. Соның бірі – халқымыздың ұлттық құндылықтары мен айналысып жатқан ісіне деген риясыз махаббат.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.