Жылдағы дәстүрге сай, осымен үшінші мәрте қостанайлықтар өңіріміздегі ең ауқымды музыкалық фестивальдің куәсі болды. Қазақстандық Brave Talents медиакомпаниясы ұйымдастырған «Kostanay Music Fest 2024» қыркүйектің 7-сі күні «Орталық» стадионда қазақстандық танымал әншілер мен 17 мыңнан астам тыңдарманның басын қосты.
Биыл билеттердің бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары болғанмен (фанзона – 12 мың, танцпол – 8 мың, трибуна – 6 және 8 мың) бұл фестивальдің шынайы жанкүйерлеріне кедергі болмады. Оған, жылдағыдай, стадионның екі кіреберісінің алдына ағылған адамдарды көріп, куә болдық. Тіпті, сағат 18.00-ден кейін де келушілердің қатары толастамады. Қауіпсіздік мақсатында және көлік кептелісінің алдын алу үшін алдын ала іс-шара өтетін алаңның жанындағы көшелер жабылды. Бұл сәтте үлкен сахнада дыбысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, әртістер сүйікті көремендерінің алдына шығуға дайындалып жатты. Иә, биыл сахнаның ерекше әдемі құрылғанын айта кеткен жөн, сондай-ақ ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін көтерілген көгалды зақымдап алу мәселесінің шешімін тауып, биыл арнайы қорғаныш төсеген.
– Kostanay Music Fest дарынды қазақстандық әртістерді бір сахнаға жинап, көрермендерге ұмытылмас эмоциялар сыйлауға дайын. Біз әрбір қонаққа көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін алғыс білдіреміз, өйткені сіздер бұл фестивальді осындай жарқын әрі жанды еттіңіздер! Kostanay Music Fest-тің сәтті өтуі ұлан-ғайыр еліміздің басқа өңірлері мен қалаларында осындай іс-шараларды өткізуге сеп болады деп үміттенеміз, – деп бөлісті ұйымдастырушы Brave Talents медиакомпаниясының басқарушы директоры Санжар Асылбек.
Brave Talents креатив саласында 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында компания Kostanay Music Fest, Pavlodar Music Fest, Қарағандыдағы қалалық концертті, басқа да ауқымды шараларды ұйымдастырды. Ерекше айтып өтерлігі, Ticketon нұсқасы бойынша Kostanay Music Fest 2023 жылдың үздік музыка фестивалі деп танылды. Ал, кештің жыл сайынғы мызғымас ресми демеушілері – Allur компаниясы мен Olzha Agro агроөнеркәсіптік холдингі, сондай-ақ биыл мобильді ойындар саласындағы әлемдік көшбасшы PUBG MOBILE іс-шараның серіктесі ретінде өзін көрсетті.
Дәстүрге сай, бір жыл бойы тағатсыздана күткен фестиваль басталмас бұрын, сахна төрінде диджейлер стадионға кіріп үлгерген көрермендерді қыздырды. Артынша, биылғы фестивальді бұған дейінгілерден ерекшелеген – Ne Prosto Orchestra симфониялық оркестрі бірнеше танымал композицияны орындап берді. Көрермендер фестивальден расында ләззат алды, неге десеңіз кеш бойы дәл осы оркестрдің сүйемелдеуімен сүйікті әртістерінің жанды дауыста шырқаған әндері ерекше әсер еткені хақ. Сағат тілі 18.00-ді көрсеткенде көпшілікке құпия болған фестиваль жүргізушілері – танымал әнші Дастан Оразбеков пен актриса Гүлнар Силбаева шықты, артынша шоумен Арнат Утепбергенов те қосылып, музыкалық кешті әзіл-қалжыңы аралас сценарийімен толықтырып отырды.
Бәз біреулер үшін биылғы line up әлсіз көрінгенмен, кеш барысында олай айту қиын болды. Ашық аспан астында орын алған атмосфера сол ойдың бәрін де жоққа шығарды. Қостанайлық жастар барынша көңіл көтеріп, әрбір әртісті ерекше қошеметпен қарсы алды. Алғашқылардың қатарында Dosekesh, Ayau, 6elluci, Taspay өнер көрсетіп, медиакеңістікті жаулап алған танымал әндерді шырқады. Кеш қыза бастады… Келесі болып ортаға шыққан Dequine «18», «Матча чай», «Выше» әндерін жанды дауыста орындап, жеңіл әрі нәзік атмосферасын таратты. Ол, әншілердің көбі сияқты, биыл Қостанайға алғаш рет келгенін айтып өтті. Биылғы line up осы бір критерий бойынша да таңдалған болуы керек.
Дегенмен, қаламызға жылына бірнеше мәрте келіп жүрген «Ирина Кайратовна» да, жылдағы дәстүрге сай, айтулы кештің шымылдығын жапты. Жанкүйерлердің әсеріне қарағанда, бұл топ қостанайлықтарды ешқашан жалықтырмайды. Олар биыл да көптің аузында жүрген хит әндерін шырқады. Ne Prosto Orchestra симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, шарықтау шегіне жеткенде дәл сол сәтте домбыраның кереметтей екпінімен көрермендерге жеткен «5000» әні ұмытылмастай болды. Жанды әуеннің нағыз күші осында сезілді!
«ИК» сахнаға шықпас бұрын Arshat, ARO, Sadraddin, Say Mo, Shiza сахнаны бір дүр сілкіндірді. Әншілердің энергетикасы көрермендерге жетті деп сеніммен айтуға болады. Мәселен, Arshat лирикалық әндерден бастап, «Балға мен шеге» атты рок жанрындағы әніне дейін орындады. Say Mo-ның орыс тіліндегі рэпі, жарқын бейнесі, бишілермен үндестігі және көрермендермен белсенді қарым-қатынасы жұртшылықты қуаттандырды. Shiza болса «Khabar» әнінен бастап, «Shym» және «Terbel» хиттерін жанкүйерлерімен бірге шырқады. Және биыл әртістердің образдары да ерекше таңдалғанын айта кеткен жөн.
Фестивальдің хедлайнерлері – атышулы ORDA тобы болды. Бұл – құрылғандарына биыл 24 жыл толған топтың қаламызға алғаш келуі. Оларды қостанайлықтар ерекше ықыласпен қарсы алды. Кеш жүргізушісі Дастан Оразбеков қосыла кетіп, Ерболат Беделхан, Есболат Беделхан, Нұрлан Әлімбековтер алғашқы «Белгісіз жан», «Жауап бер» әндерін биімен толықтырды. Жанкүйерлер болса әуеннің ырғағына тербелді. Бір сәтте көрермендердің бірі ORDA тобына жолдаған хат сахна төріне шығарылып, оны топ мүшесі Дастан Оразбеков оқып берді. Хатта топтың жанкүйері Сүлеймен сүйіктісіне сезімін білдірген. Артынша ол мыңдаған адамдардың алдында ғашығына үйленуге ұсыныс жасады, ал сүйіктісі оның батыл әрекетіне тәнті болып, ұсынысын қабыл алды. Осындай кермет оқиғадан соң ORDA тобы танымал «Ғашықсың ба?» әнімен кештің романтикалық атмосферасын жалғап әкетті.
Жыл сайын дүркіреп өтетін фестиваль биыл да ұмытылмастай өтті. Дәстүр бойынша, билет сатудан түскен қаржының бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалмақ. Сондықтан, Kostanay Music Fest – керемет атмосфера, ұмытылмас әуендер, танымал әртістер ғана емес, қайырымдылыққа қосылған тамшыдай үлес. Бұл дәстүр лайықты жалғасын табады деген сеніммен біз, барша қостанайлық замандастарымыз сияқты: «Келесі фестивальде кездескенше!», – дейміз.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген Эрик МУРАТОВ
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.