Кітапхана төрінде – танымдық квест

Выпуск - №11 (559)   :   18.03.2023
1232

Қостанай қаласындағы Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері үшін «Наурыз – бейбітшілік пен жақсылық мерекесі» атты танымдық квест ұйымдастырылды.

Бірінші орынға ие болған «Зерек» колледжінің қыздарынан құралған «Бәйшешек» тобы

Іс-шара басында шашу шашылып, қатысушылар баурысақтан дәм татты


Көктем мен жаңару мерекесінің қолданысқа енгеніне бес мың жылдан астам уақыт болды. Осы мерекемен байланысты көптеген дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар дүниеге келді. Елімізде мерекені бір апта бұрын тойлап бастау дәстүрге айналған. Кітапхана қызметкерлері де солай, наурыздың 13-інен бастап бір апта көлемінде мәдени-танымдық, ақпараттық бағыттағы жұмыстарын бастап кетті. Күні кеше, міне, арнайы квест өткізіп, ұлттық мерекенің жастар арасында насихатталуына өзіндік үлесін қосып отыр.

– Айтқандай, наурыздың 13-інен бастап апта бойы кітапханамызда мерекелік іс-шаралар өтуде. Тақырыбы бір бағытта болғанмен, форматы әртүрлі. Мәселен, танымдық квестті осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз. Қаламыздағы колледж бен институттың студенттерімен қатар өзіміздің әріптестеріміз де қатысты. Квесттің сұрақтары Наурыз мерекесіне байланысты. Жалпы тақырыбы да мерекенің мәні мен маңызын ашатындай, табиғаттың жаңаруы, оянуы бағытында. Тапсырмалар да соған сай ойластырылған. Жастар ұлкен белсенділікпен атсалысып жатқаны қуантады, – дейді Кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Дина Шакарова.

Меркеге орай арнайы көрме де ұйымдастырылды

Жалпы «квест» сөзі «іздеу» дегенді білдіреді. Осылайша меркенің мәні-мен сәнін көріп, қызықты шараға бес-бестен алты топқа бөлінген командалар өзара бақ сынасып, квесттің шарттары бойынша берілген маршруттық парақтарында көрсетілген пунктерге барып, түрлі тапсырмаларды орындады. Сөйтіп қатарластарынан оза шауып, мәреге бірінші болып жетуге барынша ұмтылды. Командалар, квест оларды бір мақсатқа жұмылдырып, салт-дәстүрлермен таныстырып, білімдерін тереңдетуге біршама септігін тигізгендігін айтады.

– Маршруттық парақта көрсетілген пункттың бірі – «Наурыз жұмбақ». Шарты қарапайым: қатысушылар жақындап, қорапта не нәрсенің жасырылғанын табулары керек болды. Ол үшін әрине, бағыттаушы сұрақтар да қойылды. Жастардың өте алғыр, белсенді әрі ақылды екенін атап өткім келеді. Қораптың ішінде мерекенің негізгі атрибуты саналатын киіз үйді жасырып қойған едік. Олар жұмбақтың шешімін тез арада тауып, өзге де пункттерге жүгіре жөнелді, – дейді кітапхана қызметкері Роза Мұхамеджанова.

Квестке қатысушы 6 команданың арасында оза шауып, бірінші орынға «Зерек» колледжінің белсенді бірінші курс студенттерінен құралған «Бәйшешек» тобы ие болды. Орай келгенде топ басшысы болып сайланған жасты сөзге тартқан едік.

– Ұйымдастырылған квестті жеңіл болды деп айта алмаймын. Дегенмен топ болып бәріміз жұмылып, берілген барлық тапсырмалардың шешімін табуға тырыстық. Бұл, әрине, бәрімізді бір мақсатқа біріктіре түсті. Бізге тез арада шешім қабылдай білу қасиеті мен жылдамдық қажет болды. Соның арқасында бірінші болып келдік. Өте қуаныштымыз. Мерекеге орай осындай іс-шаралардың ұйымдастырылғаны да бізді қуантпай қоймады. Олардың арқасында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тани түсетініміз рас, – дейді «Зерек» колледжінің 1-курс студенті Гульфиназ Галямшина.

– «Өткенін білмеген адамның болашағы бұлыңғыр» деген халқымызда жақсы бір тәмсіл бар ғой. Наурыз меркесіне орай осындай танымдық квест ұйымдастырылғаны, менің ойымша, өте керемет. Себебі соның арқасында біз мәдениетімізді, тарихымызды кеңінен тани түсеміз. Күн мен түн теңелетін мерекені шығыс елдері жаңа жылдың бастауы деп бағалайды. Сондықтан да бұл мерекенің маңызы зор, – дейді бізбен әңгімесінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 4-курс студенті Айым Болат. Бір бойында көптеген мәдениеттерге деген қызығушылықты біріктірген терең ойлы жас қазіргі уақытта ағылшын, корей тілдерін меңгеруде. – Қазақстан атты үлкен шаңырақтың астында көптеген ұлттар мен ұлыстар береке мен бірлікте ғұмыр кешуде. Мысалы, жақында болған Масленница мерекесін де бәріміз көңілді атап өттік. Енді, міне, бірлесе Наурызды тойлағалы жатырмыз. Бұл деген бірлігіміздің берік нышаны болса керек. Ал бірлік – біз ұмтылатын негізгі дүние және қай уақытта да солай болып қала бермек.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.