Kostanay Music Fest 2026: Жастық жалын мен өнерге махаббат тоғысқан 5 жыл!

Выпуск - №30-31(726-727)   :   21.08.2026
38

Тобыл өңірінің мәдени тынысын кеңейтіп, жастардың сүйікті дәстүріне айналған Kostanay Music Fest өзінің тарихындағы бесінші, мерейтойлық маусымын атап өтті.

Биыл фестиваль жылдағыдай Қостанайдың Орталық стадионында емес, тамыздың 16-сы күні Тобыл қаласындағы «Затоболец» стадионында өтті. Дәл осы уақытта жергілікті «Тобыл» футбол клубы Орталық стадионда павлодарлық «Иртышпен» кездесіп, нәтижесінде жанкүйерлерін айқын жеңіспен қуантты.
Қаншалықты бұлт торлап, жаңбыр жауса да, өңірдің басты музыкалық мерекесінің шынайы жанкүйерлеріне кедергі болмады. Алаңның ашық аспаны астында әдеттегідей 17 мыңнан астам көрермен бас қосты. Заманауи қазақстандық эстраданың жарқын өкілдерін тоғыстыратын алаң өзінің тұрақты аудиториясы мен қайталанбас атмосферасын қалыптастырып үлгерді. Фестивальдің тұрақты көрермендері сөзімді жоққа шығармас: әрбір маусымның өзіндік ырғағы, энергиясы мен ерекше тынысы бар. Десе де, өзгермейтін бір дүние – сахна төрінде барын салып өнер көрсететін әртістер мен оларды үлкен махаббатпен, шынайы ықыласпен қарсы алатын қадірлі көрерменнің ыстық ықыласы.
Стадионға ағылған халықтың легі сағат 16:00-ден басталып, тіпті кешкі 19:00 шамасында да саябырсыған жоқ. Биыл қауіпсіздік талаптары да күшейген: полиция қызметкерлері кіреберісте әрбір қонақты аса мұқият тексеріп, аумаққа тыйым салынған заттардың кірмеуін жіті бақылады. Фестиваль қонақтарының басым бөлігі Қостанайдан болғандықтан, аудан әкімдігінің мұрындық болуымен арнайы тегін трансфер ұйымдастырылды. Екі қала арасында қатынаған алты автобус мыңдаған адамның жол азабын тартпай, діттеген жеріне жайлы жетуін едәуір жеңілдетіп берді.
Кіреберістегі ұзын-сонар кезекті артқа тастап, стадион аумағына кірген сәтте-ақ мүлде бөлек, ерекше атмосфераның құшағына енгендей күй кешесің. Көтеріңкі көңіл-күй, сүйікті әртістермен бірге шырқалған әндер, жылына бір рет болатын ауқымды мерекелік кештің бір бөлшегі болу және фестивальден кейін де ұзаққа дейін толастамайтын ерекше драйв... Дәл осы атмосфера үшін кез келген ыңғайсыздыққа көз жұмуға болатынын айтады көрермендер. Олардың әрқайсысы сүйікті әртістерін сахнадан көруге асықты.
Кеш жүргізушілері – стендап-комиктер Шыңғыс Ермек пен Аңсаған Садирханов жарасымды әзілдерімен жиналған жұртшылықты бір толқынға ұйыстыра білді. Алғаш болып өнер көрсеткен әртістердің қатарында Dosekesh сезімге толы әуендерімен тыңдарман жүрегін баураса, нәзік үнді Ayau көпшіліктің жүрегінен орын алып үлгерген «Сыбырлайын» туындысын көрермендермен бірге шырқады. Jaman T өзінің айрықша стилімен алаңды бірден баурап алды. Әсіресе, жүрекке жол тапқан хит әні «Пару минут» орындалғанда, бүкіл стадион ұйып тыңдады. Q-pop бағытында өнер көрсететін ALPHA тобы, әсіресе, зумерлер қауымының ыстық ықыласына бөленіп, жастар жағын ерекше желпінтіп өткені байқалды. Сахнада әрбір әртіс тыңдарманымен қауышты.

 Dosekesh


Ayau


 Jaman T


ALPHA тобы

Қостанайлықтар Айқын Төлепбергенді ерекше ықыласпен қарсы алды. Сахнада 100 пайызға ашылып, бар ықыласымен өнер көрсеткен ол көрерменге кеңінен таныс «Ерке қыз», «Асылым», «Сүйгенім» әндерін орындап, халықпен бір толқында болды. Көпшілік асыға күткен Ghetto Dogs тобы да кештің көркін аша түсті. Әндерін жарыса айтып өскен сүйікті өнерпаздарды жүзбе-жүз көріп, жанды дауыста тыңдау көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Олар «Ханка», «Восточная ночь», «Tateler» және «Чайки» хиттерін шырқады. Ал лирикалық әндерімен хит-парадтардың көшін бастап жүрген Sadraddin «Aiga qarap», «Taxi» және басқа да хит туындыларынан бөлек «Zeiin» атты су жаңа альбомынан әндер орындап, жанкүйерлерінің жүрегіне жеткізді.

 Айқын Төлепберген


 Ghetto Dogs


Sadraddin

Кештің драйвы мен заманауи ырғағының синониміне айналған қостанайлықтардың фавориті – «Ирина Кайратовна» тобы өңірге бірінші рет келмей тұрғанын бірден аңғартты. Қалың көрермен үшін әлдеқашан «өзіміздің жігіттерге» айналған «ИК» тобы сахнада еркін көсіліп, алаңда ерекше атмосфера қалыптастырды. Олар көптің аузында жүрген «5000», «Ne Áńgime?», «Adjare Gudju», «Айдахар», «Чина» және «Kõk tu» хиттерін шырқап, кейін Sadraddin-мен бірге дуэт болып «Mūñ» туындысын орындады. Осы тұста «ИК» тобымен бірге сахнада өнер көрсеткен гитарист Сұлтан Балабековтың жалынды энергиясы мен харизмасын атап өтпеске болмас. Кештің шымылдығын отандық хип-хоп сахнасының жарық жұлдызы V$XV PRiNCE жапты. Фестивальдің хэдлайнері «Пусто», «Мурашки», «Су», «Солнце», «Суета», «Дом 50», «Карусель» сынды хиттерін шетінен орындап, қайталанбас харизмасымен сахнаны жалындатып, стадионды дүр сілкіндірді. Музыка ырғағымен тербелген қалың көрермен әрбір әнді бірге шырқап, кештің ең соңғы минуттарына дейін ерекше энергетиканың құшағында тербелді.

«Ирина Кайратовна»


V$XV PRiNCE

– Кеш өте жоғары деңгейде өтті, алған эмоция мен әсерімде шек жоқ! Бесінші жыл қатарынан Kostanay Music Fest-тің шынайы жанкүйерімін, әр маусымы ұмытылмас сәттерге толы. Осындай керемет мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға мың да бір рақмет! Негізі музыканы көп тыңдай бермеймін, бірақ сүйікті әртістеріңді жанды дауыста естудің жөні бөлек. Маған барлық әртістер ұнады, әсіресе Jaman T, Aikyn, «Ирина Кайратовна» тобының өнері ерекше тәнті етті. Жүргізуші Аңсаған Садирханов та кешті шебер жүргізді. Барлығы өте жоғары деңгейде өтті. Енді қайтадан концертке барғым келіп жүр. Келесі жылғы Kostanay Music Fest-ті асыға күтемін, – деп әсерімен бөлісті фестиваль қонағы Әсел Хасен.

Ауқымды жобаның жоғары деңгейде өтуіне дәстүрлі түрде еліміздің жетекші кәсіпорындары мұрындық болды. Елдегі маңызды мәдени-әлеуметтік бастамаларға тұрақты түрде демеушілік танытып жүрген Allur қазақстандық автомобиль компаниясы мен Olzha Agro ірі агроөнеркәсіптік холдингі фестивальдің басты серіктестері ретінде өңірдегі жастар мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған Brave Talents медиа-компаниясына және ауа райының қолайсыздығына қарамастан өнер көрсеткен барлық әртістерге қостанайлық көрермендер атынан шексіз алғыс білдіреміз. Біз үшін Kostanay Music Fest – жастық жалын мен еркіндіктің, сапалы музыка мен ұмытылмас сәттер тоғысқан ерекше мекен болып қала бермек.

Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген:
Эрик МУРАТОВ

Реклама

Областная образовательная газета «Учительская плюс» – это настоящая педагогическая копилка. В одном номере можно увидеть работу самых разных учителей со всей области, разные направления, почерпнуть ценный опыт. Можно, конечно, что-то и в соцсетях прочитать, но там надо искать, заходить к каждому на страничку отдельно, а газету открываешь – и всё костанайское образование перед тобой, вся наша учительская жизнь. Я с удовольствием рассказываю о своей работе, о своих методах, об успехах моих воспитанников. Газета помогает мне делиться своими идеями и вдохновляться работами коллег.

Думаю, что безо всякой агитации каждый учитель, воспитатель, психолог должен иметь газету «Учительская плюс». Как без неё узнавать, как работают ваши коллеги, что нового в методике преподавания, поделиться своим опытом?
В своё время, будучи завучем средней школы, я обобщала лучший опыт учителей своей школы, знакомила их опытом работы других, и вообще не представляю педагога без настольной газеты «Учительская плюс» и своего предметного журнала, откуда черпаешь все новинки методической работы.
Поэтому совет вам, дорогие молодые коллеги: не опоздайте выписать, не останьтесь без профессиональной помощи газеты «Учительская плюс»!