«Лайықты тұлға»: жақсының аты өлмейді

Выпуск - №33(681)   :   04.09.2025
375

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде мемлекет және қоғам қайраткері Кенжебек Үкіұлы ҮКИНГЕ арналған «Лайықты тұлға» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті.

3-1-1

Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов, Кенжебек Үкіұлының жұбайы Сара Құсайынқызы, ұлы Сымбат Кенжебекұлы, сондай-ақ ағамыздың замандас әріптес достары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Тағылымды басқосуды жүргізген танымал журналист Заңғар Санай іс-шараны былай деп бастады:
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп хәкім Абай айтқандай, артында өлмес іс, өшпес із қалдырған тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері Кенжебек Үкіұлы жайлы жарық көрген «Лайықты тұлға» атты кітаптың тұсаукесеріне жиналып отырмыз. «Жақсының өзі кетсе де шуағы қалады» деген ғой. Шығыста, Күршімде туып, саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған, ең бір қиын уақыттарда Қостанай-Торғай облыстарының тұңғыш әкімі болған қайраткер жайлы айтылар естелік аз емес. Жайсаң азамат жарқын бейнесі біздің жүрегіміздің төрінде».
Расында да, айтылған ойға жиналғандардың бәрі бас изеп, толықтай келісіп отырды. Іс-шара барысында Кенжебек Үкіұлының ғалымдармен ғана емес, ақындармен де тығыз араласқанын білдік. Әдебиетке деген ықыласы да ерекше болыпты: «Абай жолын» сүйіп оқып, «Біржан мен Сара» айтысын жатқа білген. Тіпті ол жайлы мақала да жазған. Айта кетерлігі, кітапқа «Лайықты тұлға» деген атауды көпшілікке танымал ақын Ақылбек Шаяхметұлы ұсынған екен. Ал еңбектің құрастырылып, жарық көруіне ағамыздың жерлес інісі Дәуітхан Ақмышұлы Қайшантаев, ұлы Сымбат Кенжебекұлы Үкин және қаламгер Абылай Фазылханұлы Мауданов үлкен үлес қосты.

3-1-2

«Лайықты тұлға» кітабы жеті бөлімнен тұрады. Алғашқы – «Жарқын бейнең жадымызда» тарауында туыстары мен жақындарының ыстық ықыласқа толы естеліктері, «Таспаға жазылған тарих» атты келесі бөлімде елге еңбегі сіңген тұлға жайында басылым беттерінде жарық көрген мақалалар топтастырылған. Үшінші бөлімде Кенжебек Үкіұлының баспасөзге берген сұхбаттары жинақталса, келесі «Кейбір ойлар...» тарауында қоғам қайраткерінің терең толғаныстары мен публицистикалық мақалалары қамтылған. «Еңбек ардагері – ел құрметтісі» бөлімінде Кенжебек Үкіұлының Ардагерлер кеңесіндегі қызметі кезінде жүзеге асырылған бастамалары баяндалады. «Құттықтаулар» тарауы Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Кенжеғали Сағадиев сынды белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтой қарсаңында жолдаған жүрекжарды тілектеріне арналған. Ал соңғы бөлім әріптестері мен замандас достарының, шәкірттерінің естеліктерімен қорытындыланады.

3-1-3

Су жаңа кітаптың тұсауын Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов, қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев, ұлы Сымбат Үкін және Дәуітхан Қайшантаев кесті. Салтанатты рәсімнен кейін арнайы шақырылған аптал азаматтарға сөз беріліп, Кенжебек Үкіұлы туралы сан түрлі жүрекжарды естеліктер айтылды. Жиналғандар еріксіз көзіне жас алып, өмірде лайықты ізін қалдырған азаматты еске алды. Тағылымға толы іс-шара мұнымен шектелмеді. Жиын соңында Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкері Назгүл Шектыбаева ұйымдастырған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Онда Кенжебек Үкіұлының өмір жолынан сыр шертетін құнды деректер, сирек фотосуреттер, архивтік құжаттар мен қолжазбалар қойылды. Әр экспонаттан ағамыздың парасатты болмысы мен ұлтқа сіңірген еңбегі айқын сезіліп, көрме тұлғаның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізетін тағылымды тағзым алаңына айналғандай әсер қалдырды.

3-1-4
3-1-5
3-1-6

Жамал ШАУКЕН

Реклама

Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.