Музей түнінде қордағы құндылықтар толықты

Выпуск - №20(617)   :   24.05.2024
565

image

Театр әртісі Мейрам Жаппаров Ыбырай Алтынсариннің бейнесінде іс-шараның шымылдығын ашты

image

Жергілікті ақын, жазушылар қолдағы түпнұсқа қолжазбаларды ағартушы музейіне тарту етті

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай «Қордағы құндылықтар» тақырыбында «Музей түні» акциясы өтіп, тағылым ордасы келемін деушілерге есігін айқара ашты.

Бұл жылы Музей түні ерекше форматта бастау алды. Ортаға Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі Мейрам Жаппаров Ыбырай Алтынсариннің бейнесінде келіп, көпшілікке қараңғы түнде жарық болған, халықты білім алуға шақырған «Кел, балалар, оқылық» шығармасын мәнерлеп оқып берді. Кейін қолындағы қоңырауын сыңғырлатып, жиналғандарды мемориалды сыныпқа шақырды. Ағартушының өмір жолын бейнелеген шағын көріністен бастау алған кеш Қостанай қаласының №1 музыка мектебінің, «Айсұлтан» студиясының шәкірттері, облысымызға танымал өнерпаздар ұжымының концерттік бағдарламасы мен зиялы қауым өкілдерінің құттықтау сөздерімен жалғасын тапты.
Іс-шара бағдарламасы аясында музейдің ауласында садақ ату, екінші қабатында тоғызқұмалақ, бас асық, шахмат ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, келушілер викториналық сұрақтар мен шеберлік сағаттарына да қатысты.
– Біздің мектепте «Бес асық» үйірмесі жұмыс істейді. Оған әр түрлі жастағы білім алушылар мүше. Мінекей, Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған іс-шара аясында Ыбырай Алтынсариннің музейіне келіп, бес асық ойынын ойнап отырған жайымыз бар. Асық ойнауды үйренемін деушілер болса, білгенімізді үйретуге де әзірміз. Екі жылдан бері бұл үйрмеге мүшемін, сондағы түсінгенім: асық ойыны адамның ой-өрісін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа баулиды, – дейді Бауыржан Момышұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Виолетта Мельниченко.

image

Келушілерге музей қорының құндылықтарына шолу жасалды

IMG-1986


Қонақтар тағылым ордасының кіреберісінде «Қымыз – сусын төресі» атты көрме-жәрмеңкесі аясында қымыздан дәм татып, дәмді бауырсақтардан ауыз тиді. Музей қабырғаларына сән берген танымал суретшілерінің Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолы хақында сыр шерткен картиналары көпшілікті тәнті етті. Тіпті, келушілер жерлес қылқалам шеберлеріне өз портреттерін салдыру мүмкіндігіне де ие болды.
– Музей түнінде келушілерге қылқалам шебері Надежда Гук пен көпшілікке домбыра шебері, мүсінші, суретші ретінде танымал Мұханбетқали Рахалиевтің қолынан жеке портретін салдыртып алу мүмкіндігі туды. Қалағандар қаз-қатар кезекке тұрып, естелікке өзінің кескінін алуға асықты. Мен де бұл мүмкіндікті қалт жібермедім. Небәрі 20 минуттың ішінде портретім дайын болды. Суретшінің шеберлігіне тәнті болғанымды жасырмаймын. Бұл осы мерекелік шарадан жақсы бір естелік болып қалары анық, – дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 3-курс студенті Асылжан Самуратова.

image

Қылқалам шебері Надежда Гук іс-шараның қонағы Асылжан Самуратоваға портретін салып берді

image

Музей қызметкері Шынар Дусмагамбетова Шеген Мұсаұлы киген шапанның астарын көпшілікке таныстырды


Іс-шара барысында көпшілік назарына музейдің жабық қорындағы асыл жауһарынан көрме ұсынылды. Тарихи тұлғалардың шапандары, сағаттары мен ұлттық аспаптары, ыдыс-аяқтары, ұлттық әшекейлері, көненің көзіндей болған қыш-құмыралар топтамасы мен қордағы қолжазба хаттар Музей түнін тамашалай келген талғамы биік көрермендердің танымын арттырды. Музей қорында сақталған атақты тұлғалар киген шапандардың бірқатары кештің салтанатты бөлігінде көпшіліктің назарына ұсынылды.
– Музейдегі сондай киелі жәдігерлердің бірі – Ыбырайдың нағашы атасы Шеген би Мұсаұлы киген шапанның астары сақталған. Шеген Мұсаұлы 1875 жылы туған. Оның шапанын Шегеннің ұлы Бектеміс әкесінің және өзінің қарамағында молда болған Мұхамедназар Молдажанұлына сыйға берген. Мұхамедназардан Атолла және Әбілхасен есімді екі ұл туады. Музейге осы шапанның астарын Әбілхасеннен тараған Сағи табыстаған. Ол бүгінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, – деп атап өтті Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің қызметкері Шынар Дусмагамбетова.

IMG-2024

IMG-2074


Артынша А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ студенттері жұртшылықтың алдына жерлес ақын-жазушылар, мәдениет саласының майталмандары, кино және театр әртістерінің шапандарын киіп, ортаға шықты. Белгілі болғандай, музейдің қорында Ыбырай Алтынсариннің немересі Нағима Ыбыраеваның, халық ақыны Мәриям Хәкімжанованың, айтыскер ақын Әсия Беркенованың, театр және кино әртісі Серәлі (Серке) Қожамқұлов пен Елубай Өмірзақовтың, ақын әрі жазушы Ғафу Қайырбековтың, Қуанышбай Құрманғалиевтің, Сәбит Досановтың, сондай-ақ ғалым Темірбай Дарханбаевтың және Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Қабитан Ысмағұловтың шапандары сақталған.

5

IMG-2014


Музей түнінде қордағы құндылықтар толығып, жиналғандар тарихи сәттің куәсі болды. Жерлес ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхмет, Қазақстан Жазушылар Одағының Қостанай облысы филиалының директоры Жанұзақ Аязбекұлы қолдағы түпнұсқа қолжазбаларды ағартушы музейіне тарту етіп, Халықаралық музей күніне орайластырылған іс-шараның маңыздылығын арттырды. Жылдағы дәстүрге айналған шара рухани құндылықтарды елге насихаттау мақсатында ғана емес, тарихпен тілдесіп, көне құндылықтардан қуат алып, танымды кеңейтуді көздейтіндерге әсте қажет.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.