Облыстық кітапханадағы экологиялық түн

Выпуск - №17(514)   :   29.04.2022
836

Екі жыл үзілістен соң Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қала тұрғындары асыға күткен «Кітапхана түні-2022» әлеуметтік-мәдени акциясы өтті. Биылғы таңдалған тақырып: «Экология».

Кітапхана түніне белсенді ат салысқан Науырзым ауданының бір топ белсенділері

Пандемия кезіндегі шектеулерден соң қайта қолға алынған, оқырмандар үшін маңызды шараның жоғарғы деңгейде өтуіне кітапханашылар барынша ат салысты. Ән, экологиялық киімдер дефилесі, танымдық қабілетті арттыруға бағытталған викториналық ойындар, квест ойындары, қызықшы шоу бағдарламалары және тағысын тағы: осының бәрі кітапхана түнін ұмытылмастай өткізді. Ендеше, сол бір сәтке шолу жасап өтсек.

Мәдени жиынға келушілер, ең әуелі, кітапханаға көтерілер баспалдақтың алдында жиналып, мәдени кештің ашылу салтанатын тамашалады. Алғаш болып сөз алған Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана түні аясында бар әлемді толғандырған мәселелерге назар аударылатындығын атап өтті. Бірнеше шығармашылық нөмірлерді тамашалаған соң, қала тұрғындары кітапхана ішіне кірді.

Онда бағдарламаның жалғасы ретінде ұйымдастырлған эко-дефиле аясында жас модельдер тек мақта мен зығырдан жасалған киімдерді киіп, жиналғандарға сән үлгісін көрсетті. Артынша дефиле қатысушылары «Ассоль» әнін шырқады. Осылайша жалпы бағдарлама аяқталып, кітапхананың үш қабаты мен жертөлесіне жол ашылды. Олар экскурсияларға, қойылымдарға, квесттер мен түрлі қызықты сайыстарға, одан бөлек табиғатты сақтау керектігін насихаттаған қолөнер туындыларына толы болды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Үндістан елшілігінің Свами Вивекананды атындағы мәдени орталығының директоры Санжай Веди мырза және орталығының би оқытушысы Трипти Санвал ханым Қостанайға сапары аясында кітапхана түніне қонақ болып келді

Биылғы кітапхана түніне Науырзым ауданының бір топ белсенділері де келіп, ат салысты. Олардың қатарында аудандық кітапхана мамандары, Науырзым қорығының қызметкерлері де бар. Бәрінің көздегені бір: жастардың бойында экологиялық тәрбиені қалыптастыру және аудандық туризмді дамыту. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген Қостанай облысының аумағындағы Наурызым қорығы туралы бізбен әңгімесінде қорықтың келу орталығының меңгерушісі баяндап берді.

– Қарап отырсақ, жастардың көбісі табиғаты қаз-қалпы сақталған, адамның қолы тимеген Науырзым қорығының бар екенін біле білмейді. Қорық 1931 жылы құрылған. Фаунасы 355 аң-құстан тұрады. Оның ішінде аңның 45 түрі, құстың 294 түрі (оның 44-і Қызыл кітапқа кіреді), жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 және балықтардың 10 түрі кездеседі. Флорасына келсек, мұнда өсімдіктің 687 түрі кездеседі, ал оның 12 түрі Қызыл кітапқа енгізілсе, 30-дан астамының адам ағзасына пайдасы ғылыми тұрғыда дәлелденген, – дейді өз сөзінде Абай Молдахметов.

Қолы шебер Динара Шадрина

Кітапхана түні аясында аудандық кітапхана қызметкерлері қойнауы қазынаға, табиғаты керемет Науырзым өлкесінің жалбыз, бақбақ, итмұрын, қызылжидек, шырғанақ және басқа да көптеген емдік шөптер мен жидектерінен демделген шәй ұсынып, жиналғандар қалауы бойынша одан дәм татты. Ал өткен жылы қараша айында жеке шеберханасын ашып, тоқыма, тігін саласына қатысты ісін дөңгелетіп отырған Динара Шадринаның жұмыстары да экотүн аясында көрермендердің көзайымы болды. Ол қажетсіз болып қалған дүниелерді іске жаратып, оларға «екінші өмір» сыйлап жүр.

«Кітапхана түні» акциясы аясында облыстық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі қала тұрғындары мен қонақтарын «Эко стиліндегі өмір» алаңына шақырды. Оның аясында «Neco» ЭКО клубының негізін қалаушы және жетекшісі Наурызбек Бірмағамбетов экостилдегі өмір жайлы тренингін өткізді. Одан бөлек кеш қонақтары «Эко стиліндегі өмір» ақпараттық досьесі, «Эко бастамалардың Фандрайзингі» панорамасымен танысып, «Рауан» қоғамдық бірлестігінің өкілі Алена Дурманованың ағаш күйдіру бойынша шебер-сыныбына қатысты. «Органик маркет» ЭКО өнімдер көрмесінде Алоэ Вера негізіндегі денсаулыққа арналған өнімдерді тамашалады.

Кітапхана түнінде тірталай таланны жастардың жұмысына да куә болдық. Сурет салуды жаны сүйетін Ксения Асачия болса, карантин уақытында қолға алған ермегін кәсіпке айналдырған. Ол түрлі сападағы маталардан шопперлер тігіп, жаны сүйетін ісін табыс көзіне айналдырып отыр. Биыл Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай қаласындағы филиалының экономикалық факультетін тәмәмдамақ.

Электровелосипедтің авторы Александр Ерунов


Келушілердің назарын өзіне еріксіз аударған ерекше бір туынды – электровелосипед болды. Өнертабыстың авторы – Қостанай автомобиль көлігі колледжінің шебері Александр Ерунов. Кезінде картингпен әуестенген оны электр көлігі және экология тақырыбы қызықтырады. Бұған дейін электр көлігіне қатысты екінші идеясы – күн самокатын жасап шығарған. Оның негізгі көздегені – табиғаттан қуат алып, ешбір зиянды қалдық шығармайтын дүниелерді көптеп шығару. Алға қойған жоспарлары да жоқ емес.

Эко-белсенді Ольга Чечулина

Ал эко-белсенді Ольга Чечулина облыстық кітапхананың алдында Қостанайдағы мал сою цехтарының қалдықтарды дұрыс пайдаланбау төңірегіндегі мәселесін еске салу мақсатында арнайы акция өткізді. Жануардың рухының костюмін киген ол, отырған орындығының айналасына ет қалдықтары мен ақшаны қоршап қойған. Ал жанындағы картон қорапта: «Айқындықты талап етіңіз» деген қысқа жазба бар.

Ұйымдастырушылар кішкентай оқырмандарды да назардан тыс қалдырмады. Балалардың көңілін аулау мақсатында ерекше сайыстар, қолөнер бұрыштары жасақталып, арнайы шоу бағдарламалары да өткізілді. Осылайша ерекше сарында өткен кітапхана түні көпшіліктің есінде қалды. Қазіргі таңда ауаның, жалпы қоршаған табиғаттың ластану мәселесінің өзектілігі жоғары. Ал бұған бірден-бір септігін тигізетін өзіміз.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.