«Өнер сыры – өрнекте»

Выпуск - №47(644)   :   29.11.2024
349

Дәл осындай атаумен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде сәндік-қолданбалы өнер шебері, қолөнерші, ұстаз, өнертанушы, қоғам қайраткері Шөптібай Байділдиннің көрмесінің салтанатты тұсаукесері өтті.

IMG-5125

Тағылымы мол іс-шараға Шөптібай Байділдаұлының өнердегі және өмірдегі жақындары, мәдениет басқармасының өкілдері мен өнер жанашырлары қатысты. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қостанай облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Абдрахманов мәдени құндылықтарды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Шөптібай ағамызға адал да ерен еңбегі үшін алғысын айтып, дәстүрлі түрде иығына шапан жапты.

IMG-5058

Оюмен ойын жеткізе білген Шөптібай Байділдин бұл іспен қырық жылдан аса уақыттан бері айналысады. Шебер жаңа ою-өрнектердің 1500-дей түрлерін жасаған. Ою-өрнектері Қазақстанда, 1992 жылы Түркияда, 1996 жылы Америкада өткен Атланта Олимпиадасында қойылған. Еңбегіне сай құрметке ие болып, кейіпкеріміз 2009 жылы «Қазына» сыйлығының иегері атанды. Ою-өрнектері бірқатар республикалық басылымдарда жарияланды. Елордадағы Тұңғыш Президент музейінде, Астана, Алматы, Қостанай, Арқалық қалаларындағы мектептерде дербес көрмесі ұйымдастырылды. Ағамз бүгінде қазақтың ою-өрнектері мен олардың мән-мағынасы туралы жазылған «Қазақтың ою-өрнектері», «Ою ой, өрнек сал» кітаптарының авторы. Іс-шара барысында Шөптібай Байділдаұлы бір кітабын Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартты.

IMG-5075


IMG-5097

– Өнердің асыл мұрасы – ою-өрнектер. Бүгін көрмеге ұсынылған жұмыстарым 2020 жылы пандемия кезінде салынған. Ешқандай эскиз де, алдын ала дайындық та жоқ – бірен қағазды не матаны қолыма алып, қиып, ойып шығарамын. Сондықтан да, әр ою-өрнек – еш баламасы жоқ, қайталанбас туынды, – дейді шебердің өзі.
Музейдің бөлмесіне аяқ басқан сәтте, көз алдыңда бір-бірінен ерекшеленіп, әрқайсысының өзіндік мәні мен әсемдігі бар оюлар әлемі құдды бір таңғажайып ғаламға жол ашқандай әсер қалдырады. А4 форматындағы қағаздарға түсірілген бұл оюлар тек көркемдік тұрғысынан ғана емес, терең философиялық мағынаға ие. Оларға қарап, бәрінің өз тарихы бар екенін сезесің. Шабыттың қалың дариясынан суарылып, талғаммен ойылған бұл дүниелер бейнелі түрде әсем табиғаттың сұлулығын паш етеді. Әр оюдың өрнегі ерекше, түсі мен ойылуы жағынан ұқсастары жоқ. Тіпті, олардың әрқайсысын бір-біріне ұқсамайтын қар ұлпаларына теңесек те артық болмас. Сол қар ұлпалары сияқты, әрбір ою – бірегей, қайталанбас әрі табиғаттағы мәңгілік сұлулықтың бейнесі.

IMG-5080

– Шөптібай аға жан-жақты дарын иесі. Оюларының түрлі қырлары мен сырларының болуы мінез-құлқына байланысты болса керек. Ағамыз сондай мінезі бай жандардың бірі. Ойламаған жерден тығырықтан шығу жолдарын таба білетін жан. Өкпе-ренішін, жұмыс бабы бойынша кикілжіңдер бола қалса оны жадында сақтап жүрмейді, ұмытып, ол адаммен әрмен қарай түк болмағандай сөйлесе беретін қасиеті бар. Бұл қасиет екінің біріне бұйырмаған. Судың жерге сіңіп кететіні секілді, кез келген ортада адамдармен тіл табыса біледі, – дейді жерлесі Дінмұхаммед Қоғанбеков.
Сәндік-қолданбалы өнер шебері, қолөнерші Ш.Байділдиннің «Өнер сыры – өрнекте» атты көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.