Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында республикамызға есімі белгілі жазушылар – павлодарлық Нұрбек Кеңесбай және алматылық Орал Арукеновамен жас оқырмандардың кездесуі ұйымдастырылды.
Дәл осы авторлардың таңдалуы кездейсоқтық емес. Олар – балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығарманы анықтауға бағытталған биылғы Ыбырай Алтынсарин атындағы ІІІ республикалық байқаудың жеңімпаздары. Оқырман жастар үшін жазушымен кездесу – ұмытылмас тәжірибе, жаңа кітаптар мен кейіпкерлермен танысу, шығармашылық мамандық туралы көбірек білу, сондай-ақ қызықты талқылауға қатысу мүмкіндігін беретіні хақ. Бұл жолы да солай болды.
Алыстан ат терлетіп келген қадірлі қонақтар жайлы айтпас бұрын, байқаудың жазушыларға қойған талаптарымен таныстырып өткен жөн. Ағартушы Ыбырай Алтынсариннің құрметіне қолға алынған байқаудың ұйымдастырылуына, осыдан екі жыл бұрын, Қазақстан Жазушылар Одағының Қостанай облыстық филиалы қолдап, облыстық мәдениет басқармасы мұрындық болған. Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармалар байқауының туындылары қазіргі өмірдің өзекті шындығын және психологиялық, адамгершілік, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін суреттейтін авторларды іздеу және таныстыру мақсатында өткізіледі.
– Байқау өскелең ұрпақты оқуға ынталандыру, отбасылық оқуды қалыптастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ баспагерлердің, кітап сатушы ұйымдардың, кітапхана қызметкерлерінің, оқырмандар мен ата-аналардың назарын қазақстандық авторлардың шығармаларына аудару мақсатын көздейді. Сондай-ақ, жылына бір рет өткізілетін байқаудың басты талабы бойынша, бұрын-соңды жарық көрмеген балалар мен жасөспірімдерге арналған көркем прозалық шығармалар қабылданады. Жанрлық формаларында шектеу жоқ. Ол – роман, повесть, пьеса, әңгімелер, ертегілер де болуы мүмкін, – дейді Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапхананың жоғары мектеп жасындағы және жасөспірімдер бөлімінің меңгерушісі Юлия Шевченко.
Биылғы байқаудың шорт-парағына республикамыздың түкпір-түкпірінен балалар мен жасөспірімдер авторлары – О.Арукенова, А.Берік, Ә.Жүсіп, О.Капитова, Н.Кеңесбай, Е.Клепикова, Н.Нұрбек, Б.Рысбеков, А.Суслова, А.Сыздыковтың шығармасы қабылданыпты. Айта кеткен жөн, әрбір жазушыдан бір шығармадан қабылданады. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының көңілінен шыққан Нұрбек Кеңесбай мен Орал Арукенованың шығармалары үздік деп танылып, жақында Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жас оқырмандармен кездесті.
Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхананың жас оқырмандары Нұрбек Кеңесбайдың «Ауыл баласының басынан кешкендері» хикаясын және Орал Арукенованың «Мост» повестін бірінші болып бағалай алды. Кездесу аясында балалар өздері ұнатқан шығармалардың авторларына көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарын қойды. «Бұл әңгімені жазуға сеп болған оқиға болды ма?», «Шығарма өзіңіздің өміріңізбен үндес пе?», «Басты кейіпкердің типажы өмірден алынған ба?», «Неліктен әңгіменің атауын осылайша қойдыңыз?» дегендей нақты шығармаға қатысты сұрақтардан бөлек жас оқырмандарды жазушылардың жеке өмірі, ең сүйікті кітабы қайсысы, оқығанды ұнататын кітаптары қызықтырды. Әрине, дарынды авторлардың болашаққа деген жоспарларына да қызығушылық танытты.
Жазушылардың аудиториясы бөлек болғаннан кейін, кітапханадағы кездесу екі бөлек залда өтті. Павлодар қаласынан келген Нұрбек Кеңесбай – балалар жазушысы. Шығармаларын қазақ тілінде жазады. Бұған дейін де, нақтылар болсақ, 2022 жылы республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Жылдың ең үздік балалар туындысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Ал, биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы ІІІ республикалық байқауда «Балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығарма» номинациясын иеленді. Жоғарыда айтып өткендей, байқауда жеңіс сыйлаған шығармасы – «Ауыл баласының басынан кешкендері» хикаясы. Автормен кездесуге Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интенатының 6-сынып оқушылары келіп, арнайы қатысты.
Хикая атауының өзі-ақ сөйлеп тұрғандай, ауылда өскен балаларға бұл тақырып тым жақын болды. Өмірлерінде болған сан түрлі оқиғаларын жарыса әңгімелеп, жазушының шығармасымен үндестігін байқап, оны белсенді талқылаған балаларға қарап, хикаяның жылы қабылданып, қаншалықты әсер қалдырғанын аңғару қиын болмады. Иә, ауылда қызық көп қой. Оқырман жастардың айтуынша, автордың жазу тілі жеңіл. Тап бір шығарманың ішіне кіріп кетіп, сол оқиғаның бел ортасында жүргендей күй кешесің. Автордың өзі: «Жазушы боламын деп ойлаған жоқпын. Тіл маманы боламын дегенмін. Бірақ, бәрібір жаныма жақыны – осы жазушылық болды», – дейді.
Кітапхананың ақпараттық библиография бөлімінің библиографы Зоя Кенжигарина өз сөзінде: «Бұл кісінің шығармасын оқып отырғанда, байқасаңыздар, ең бірінші өзінің өмірі, балалық шағы туралы баяндаған. Бірақ, соны тәтті тілмен, кез келген оқырманға түсінікті етіп жеткізе білу – үлкен өнер», – деп атап өтті. Артынша сөзін жалғап:
– Бүгін кітапханамызда үлкен мереке, қуаныш. Күз – қашаннан молшылықтың белгісі ғой. Сол сияқты, бұл іс-шараны – осы берекелі мезгілде қорытындысы шығарылған байқаудың бір жылдық жұмысының жемісі деп білемін, – дей келе, кітапхана қорындағы «Әлем халықтарының ертегілері» кітабымен қоса Қостанай қаласы жайлы энциклопедияны Нұрбек Кеңесбайға естелікке сыйға тартты. Өз кезегінде жазушы: «Сыйлардың ішінде ең асылы осы – кітап. Кітап жайлы айтсам, шабытым оянып кетеді. Шыны керек, қазір технология дамып кетті де, кітап шығарылмайтын деңгейге жеттік. Алайда кітаптың құны, кітаптың орыны қашан да жоғары», – деп, ризашылығын білдірді.
Алматылық Орал Арукенова – проза жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы әрі аудармашы. Бір емес, бірнеше тілді еркін меңгерген. 2018 жылы «Meloman Publishing» баспасынан жарық көрген «Правила Нефтянки» атты дебюттік кітабы «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауының «Жылдың әдеби дебюті» номинациясы бойынша сыйақыға ие болды. Ал, биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы ІІІ республикалық байқауда «Орыс тіліндегі үздік әдеби шығарма» номинациясымен қатар «Балалар қазылар алқасының таңдауы» арнайы сыйлығының иегері атанды. Кездесу барысында жазушының өзі айтқандай, оқырмандардан бұндай ілтипатқа ие болу – жазушы үшін үлкен жетістік.
Жасөспірімдердің сұрақтарына жауап беру барысында анасының әңгімеші (рассказчица) болғанын айтып өтті. «Менің анам бүкіл қазақ эпосын жатқа білетін еді. Барлық ертегілер мен аңыз-әңгімелерді мүдірместен баяндайтын. Өзім бала кезімде «Қобыланды батыр» мен «Алпамыс батыр» жырларын жатқа білетінмін», – дейді. Жастайынан кітапқа құмар болып өскен Орал Аукенованың тағдыры осы жазушылықпен байланысқан. Расымен, дәл осы сәтте адам бойындағы дарынды тұмшаламай, аша білудің қаншалықты маңызды екендігі жайлы ойланасың.
– Енді ғана жаза бастағанымда бізге өте танымал жазушы келді. Оның айтуынша, ең бастысы – оқырмандар сөздердің қандай әріптермен жазылғанын, нүкте мен үтір қай жерде қойылғанын байқамайтындай етіп жазу. Яғни, оқырман оқиға желісіне ілесіп кетуі қажет. Бұл үшін қолжетімді тілде жазып қана қоймай, мағынасын да сақтау маңызды. Сол сәтте: «Міне, бұл – менің міндетім болуы керек» деп ойладым. Оқырмандарым шығармам арқылы не айтқым келгенін түсіне алғанына қуаныштымын, – дейді жазушы Орал Арукенова.
Балалардың «Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?» деген сұрағына бірқатар авторларды, оның ішінде Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», Николай Носовтың шығармаларын оқуды ұсынды. Өзінің биыл үздік атанған «Мост» повестін жазуда Джек Лондонның «Ақ азу», Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» шығармаларымен шабыттаныпты. Бірақ, әрине, «Мост» повестінің оқиға желісі бөлек әрі басты кейіпкер Есеннің образы бірден оқырманды сол оқиғаға іліп әкетеді. Жазушы әсерімен бөлісу барысында: «Есен туралы жаза бастадым, артынша кейіпкерім өз бетінше өмір сүріп кеткендей болды. Ал, көпір – өте күшті символ. Қиял-ғажайып ертегілерде, байқасаңыздар, көпірлер бар. Бұл – бір әлемнен екінші әлемге ауысудың бір нышаны болса керек», – деп атап өтті.
Жыл сайын аталған байқау аяқталған соң, арнайы жинақ кітапша жарық көретінін айта кеткен жөн. Байқау алғаш ұйымдастырылған 2021 жылы еліміздің бірқатар өңірінен қатысқан Т.Әбдірайым, Ә.Байбол, Б.Ғұбайдуллин, Д.Жантемирова, Қ.Қайым, Е.Клепикова, К.Земскова, Л.Медведева, А.Суслова есімді финалист авторлардың шығармалары «Таза бұлақ» жинағына енгізілген. Ал, өткен жылы байқаудың шорт-парағына М.Жылқыбай, А.Маудан, Я.Абдеева, О.Дубиковская, А.Колупаев, Е.Пономаренко есімді жазушылардың шығармашылығы кірген. Сол жылы «Менің атым Қожа. Шуақ» әңгімелерімен Мейіржана Жылқыбай және «Опалённое детство» әңгімелер жинағымен Елена Пономаренко жеңіске жеткен болатын.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларды насихаттау ісінде өлшеусіз үлес қосып жүрген байқаудың ғұмыры ұзақ болсын дейміз. Жас оқырмандар, өз кезегінде, қолға алып оқыған әңгімелердің авторларымен кездесуден ұмытылмас әсер алғаны анық. Оны, тіпті, болашақта жазушы боламын деген оймен кеткен балалардың жалындаған жанарларынан айқын аңғаруға болады.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.