Республикалық айтыс Қостанай төрінде

Выпуск - №43 (490)   :   05.11.2021
312

Ы.Алтынсарин жерінде «Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың!» деген ұранмен өткен айтыс ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ұлт ұстазының 180 жылдық мерейтойына арналған. Екі күн бойы қостанайлықтар қара қылды қақ жарған айтыскерлердің өнерін тамашалап, рухани дем алды.

Аламан дода «Nur Otan» партиясының қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен қаламыздағы «Жастар сарайында» өтті. Айтыста көрермен күткен келелі сөз бен кестелі ойды өлеңмен өрген 14 айтыскер бақ сынап, Тобыл төрін жырға бөледі. Олар: қостанайлық ақындар Тоба Өтепбай, Салтанат Өтелбаева және Айбар Рағатов, қызылордалық Нұрмат Мансұров және Мейірбек Сұлтанхан, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, петропавлдық Жарқын Жұпархан, қарағандылық Тілеген Әділов, арқалықтық Батырлан Сағынтаев, түркістандық Қалижан Білдәшев, алматылық Шұғайып Сезімхан. Сонымен қатар астықты өлке төсіндегі айтысқа «Алтын домбыра» иегерлері павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, оралдық Жансая Мусина, алматылық Рүстем Қайыртай сынды от ауызды, орақ тілді ақтаңгерлер де қатысып, төл өнердің абыройын асқақтатты.

Дүбірлі сөз додасын аламан айтыстың жүргізушісі ретінде халық жадында сақталған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист және тележүргізуші Жүрсін Ерман жүргізді. Ал суырыпсалма шешен сөз шеберлерінің өнеріне Әсия Беркенова, Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Алмас Алматов, Бауыржан Халиолла сынды халыққа аты мәлім тұлғалар қазылық етті. Айтыстың алғашқы күні ақындар арасында өткізілген жеребеге сәйкес жеті жұп жыр кестелеп, үш жұп финалға жолдама алды.

«Айтыс» десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Осынау халық өнерін насихаттап жүрген айтыскерлердің көпшілік алдында әсем сөзбен кестелеп, айтар ойды жеткізуі де халыққа ұнамды болса керек. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин жайлы сөз қозғалғанда ақындар жырына қазақтың білім саласын да, бүгіні мен келешегін де қосты. Қара қылды қақ жарған сөз шеберлері жиналған халықтың көкейінде жүрген өткір мәселелерді де қозғап, риза етті.
Әзілі мен шыны аралас айтыс барысында сөз шеберлері шындықты бүгіп қалмады. «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлы өз жырында өмірде әр адамның шәкірт екенін айта келе, бөліп қарастыруға келмейтін білім саласы мен Ыбырай бабамыздың өнегесін жырына қосып, көпшілікке үлгі етті.


«Бұл айтыста айтпасақ білім жайлы,
Біздерді кешіреді қай бабамыз!?
Балаға білім берсең аш қасқырдай
Шабам депті Ыбырай қайран абыз.
Білімге емес, бюджетке аш қасқырдай
Шабатындар көп бүгін сайлап ауыз.
Осының бәрін көріп өскеннен соң
«Елім!» деп еңірейді қай балаңыз.
Мәңгілік ел болудың басын ашсақ
Білімнен озып қана бәйге аламыз.
Пара алуды партадан алыстатпай
Мәңгі емес, мәңгүрт елге айналамыз», – дей келе, білім мен ғылымды дамытудың маңызына тоқталып, Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деген аталы сөзін тілге тиек етті. Қатысушылардың арасында музей қызметкерлерімен қатар ұстаздықпен өмірін өрнектеген айтыскерлер де болды. Соның бірі – Амангелді ауданының тумасы Тоба Өтепбай. Бұл күндері елордадағы №49 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мәдениет саласындағы қызметінен ауысып келген жас маман айтыс өнері өзінің тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал еткенін айтады.

– Бұл өнерге мектеп жасынан бері әуеспін. Түгелбай деген ағам бар. Кезінде оқушылар арасында, кейін студенттер арасында жақсы айтысқан. Екеуміз үйде айтыса беретінбіз. Кейін студент болғанда өңірге аты мәлім Айбек Қалиев ағамыз Арқалыққа келіп, үлкен додаларға салып, шыңдай бастады. Содан бері үлкенді-кішілі айтыстарда бой көрсетіп жүрмін. Айтысқа деген қызығушылығым еш басылған емес. Ел танып, айтыскер ақын деп сыйлап жатады. Сондықтан бұл өнерге деген алғысым да, құрметім де ерекше, – дейді өз сөзінде.

Тоба Өтепбай осымен үшінші мәрте республикалық додада бақ сынауда. Бұл жолғы қарсыласы – Қызылорданың тумасы, Алаштың айтулы ақыны Нұрмат Мансұр болды. Бізбен әңгімесінде: «Азаматтығы биік, өте мықты ақын. Сондықтан ол кісімен сахнада айтысудың өзі мен үшін үлкен тәжірибе. Осындай айтыстың ұйымдастырылуы жергілікті ақындарға жақсы мүмкіндік», – дей келе, облыстық деңгейдегі айтыстар жиі өткізіліп тұрса екен деген ниетін білдірді. Айтуынша, айтысқа шықпай жүріп, бірден республикалық деңгейде бақ сынаудың жүгі ауыр.

– Карл Маркс айтыпты ғой: «Кез келген жиналыс аяқталады», – деп. Бүгінгі айтыс та өз мәресіне жетті. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, еліміздің әр өңірінен келген ақындар үлкен өнер көрсетті. Ыбырай ұстаздың бүкіл өмір жолы, өнегесі, тағылымы осы айтыстың үстінде келелі әңгіменің өзегіне айналды. Ақындар осы Қостанай жерінен шыққан алып тұлғалар, Алаш арыстары, қайраткерлердің барлығына лайықты сөздерін арнады, – деді көп жылдан бері төл өнерімізді барынша дамытып жүрген Жүрсін Молдашұлы.

Қара сөздің қадірін білген қостанайлықтардың көңілінен шыққан ақындар айтысы да мәресіне жетіп, қазылар алқасы әділ бағасын шығару үшін, залдан шығып кеткен уақытта дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген өңірлік өнерпаздар әннен шашу шашып, жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды. Сөйтіп екі күнге жалғасқан аламан айтыстың нәтижесінде әділ қазылардың шешімімен Бас жүлдеге Шұғайып Сезімхан ие болды. Жеңімпаз жергілікті зауытта құрастырылған Chevrolet Nexia көлігін тақымына басты.

Бірінші орынға орамды сөзімен көпшіліктің көңілінен шыға білген Рүстем Қайыртайұлы лайық деп танылып, тігілген 2 млн теңгеге ие болды. Екінші орынды екі ақын Мейірбек Сұлтанхан мен Батырлан Сағынтаев теңдей бөлісіп, әрқайсысына 1 млн теңгенің сертификаты табысталды. Жүлделі үшінші орынға да қос ақын жерлесіміз Салтанат Өтелбаева мен қызылордалық Нұрмат Мансұров тұрақтады. Оларға 500 мың теңгеден ақшалай сыйақы берілді. Одан бөлек халық қошеметіне бөленген Тоба Өтепбай, Аспанбек Шұғатаев, Тілеген Әділов, Жансая Мусина, Айбар Рағатовқа атаулы жүлде табысталды. Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының Ғани Бейсембаев арнайы тағайындаған жүлдесіне Қалижан Білдәшев ие болды. Аталмыш жүлдені Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының Орта білім институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Махсат Алпысбесұлы табыстады.

Бірінші орын иегері Рүстем Қайыртайдың марапатталу сәті

Республикалық айтыстың Бас жүлде иегері Шұғайып Сезімханға су жаңа автокөліктің кілті табысталды

Еліміздегі қарантиндік шектеулерге байланысты көптен бері халыққа жол таба алмай жүрген аламан айтыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, асыл сөздің мәйегін түсіне білген көрерменге ой салғаны хақ. Оны халықтың қошеметінен аңғарсақ ләзім.


Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.