Рудныйда республикалық «Міржақып оқулары»

Выпуск - №41(689)   :   24.10.2025
441

Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы, ақын, жазушы, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай QC READ жобасы аясында Рудный қаласында республикалық «Міржақып оқулары» өтті.

8-1-1

Байқаудың бас демеушісі және ұйымдастырушылары – Рудный қаласындағы М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп пен QC Holding құрылыс компаниясы екенін айта кеткен жөн. Екі күнге созылған тартысты додаға еліміздің Астана, Шымкент қалаларынан және Қостанай облысының аудандарынан келген 203 оқушы қатысып, екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде қатысушылар 60 минут ішінде 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындады, ал екінші кезеңге өткендер эссе жазу арқылы білімдері мен шығармашылық қабілеттерін танытып, тіл шұрайлылығын көрсету арқылы Міржақып мұрасына деген құрметін білдірді.
Мерейлі іс-шараның салтанатты марапаттау рәсіміне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, байқаудың бас демеушісі және ұйымдастырушыларының бірі – QC Holding құрылыс компаниясының басшысы Нұралхан Кульчиков, ұстаз, журналист, этнограф, ахметтанушы, А.Байтұрсынұлының туысы Ибраһим Ағытайұлы, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері, Рудный қаласындағы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын әрі қара сөз шебері Жаңбыршы Тілеуғабылов, Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Темурхан Бекбергенұлы және ұлағатты ұстаздар мен профессорлар қатысты.

8-1-2

Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының азаттығы жолында қаламын қару еткен, ұлттың намысы мен рухының символына айналған тұлға. Оған деген құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі ретінде 11-сынып оқушылары Айдана Нагметова, Исахан Балдырғанов, Аружан Ахметбекова, Ұлжана Нагметова, Мирхан Серикбаев кеште авторлық арнау өлеңдерін оқыды. Ал байқаудың ашылу салтанатында сөз алған М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Абзал Ағатай байқаудың мән-маңызына тоқталып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, кіл жүйріктер бас қосқан додада үздікті анықтау әсте оңай болған жоқ. Дегенмен, байқаудың әділ өтуіне өз саласының майталмандары: Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі басшысының орынбасары, ақын Салтанат Өтелбаева, ғалым, алаштанушы, PhD докторант Данияр Ихсан және белгілі журналист Назира Жәрімбетова атсалысты.

8-1-3

Нәтижесінде бас жүлдені Жангелдин ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы ЖББМ 11-сынып оқушысы Айару Бұхарбай (жетекшісі: Елугүл Бекетова) иеленді. Жүлделі ІІ орын Шымкент қаласындағы №147 ЖББМ 9-сынып оқушысы Даниал Серікке (жетекшісі: Шолпан Бегманова) бұйырды. Ал ІІІ орынды Арқалық қаласындағы №7 ЖББ мектептің 11-сынып оқушысы Айдана Болат (жетекшісі: Жұлдызай Кокышева), Рудный қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Маржан Серикбай (жетекшісі: Эльмира Қасқырбаева) және Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Мерей Нұрданбек (жетекшісі: Анар Ержигитова) теңдей бөлісті. Жүлделі бірінші орынға iPhone 16 Pro Max, жүлделі екінші және үшінші орын жеңімпаздарына Acer ноутбуктері табысталды.

11-i-Phone-16-Pro-Max

Бас жүлде иегері Жангелдин ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы ЖББМ 11-сынып оқушысы Айару Бұхарбайға iPhone 16 Pro Max табысталды

147-9

Жүлделі ІІ орын алған Шымкент қаласындағы №147 ЖББМ 9-сынып оқушысы Даниал Серік пен жетекшісі Шолпан Бегманова

10

Үшінші орынды иеленген Рудный қаласындағы М.Дулатұлы атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Маржан Серикбай мен жетекшісі Эльмира Қасқырбаеваны марапаттау сәті

Бірқатар қатысушы арнайы номинациялармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарды иеленді. «Тіл тазалығын сақтаған үздік оқушы» аталымына – Рудный қаласындағы Абай атындағы ЖББМ 9 «Ә» сынып оқушысы Айдана Каланбекова (жетекшісі: Гаухар Кушмухамедова), «Үздік эссе авторы» аталымына – Амангелді ауданындағы Ақан Нұрманов атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Асыл Болатбекқызы (жетекшісі: Гулбарам Каласова), «Мазмұнды оймен ерекшеленген қатысушы» аталымына – Әулиекөл ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Анеля Муканова (жетекшісі: Айдос Оспанов), ал «Көркем әдеби стиль шебері» аталымына – Астана қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Азамат Утебаев (жетекшісі: Лаура Сарсембекова) ие болды.
– Республикалық «Міржақып оқулары» – білім мен руханиятты ұштастыратын маңызды жоба. Байқауда жоғары нәтиже көрсеткен әрбір оқушының жетістігі – оны тәрбиелеген ұстаздың еңбегі мен мектеп ұжымының табысы. Дәл осы күні мектеп ұжымы мен оқушылар арасында Міржақып Дулатұлының өмірі мен мұрасы кеңінен насихатталды. Бұл – оқушылардың ұлттық сана-сезімін, тілге деген құрметін және патриоттық рухын арттырған үлкен рухани нәтиже. Ұлт руханиятының шамшырағы болған Міржақып Дулатұлының мұрасын насихаттау – баршамыздың ортақ  әрі абыройлы парызымыз. Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Қостанай облысы әкімдігіне, облыстық білім басқармасына, Рудный қаласы білім бөліміне, сондай-ақ QC Holding компаниясына, ұйымдастырушылар мен қонақтарға, қатысушыларға зор алғыс білдіреміз, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрымжан Милақатов.

8-1-4

Кеш жүргізушілері атап өткендей, қазақ халқының тарихында ұлттың азаттығы мен рухани жаңғыруы жолында өмірін арнаған ұлы тұлғалар жетерлік. Солардың алдыңғы қатарында – қазақ халқының «Бес арысы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев және Жүсіпбек Аймауытұлы тұр. Аталған тұлғалар қазақ халқының санасын оятқан, елдің ертеңі үшін күрескен, рухани тәуелсіздіктің іргетасын қалаған ұлт шамшырақтары еді. Олардың мұрасы – мәңгілік, есімі – ұрпақ жадында.

Жамал ШАУКЕН,
Суретті ұсынған:
ұйымдастырушылар

Реклама

Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.