Шығармашылықтың шектеусіз әлемінде

Выпуск - №12(560)   :   03.04.2023
827

Ертеден келе жатқан дәстүріміздің жалғасы, ұлттық құндылықтың, мәдениеттің бірден-бір көрінісі қолөнер болса керек. Оны ұмыт қалдырмау, келер ұрпаққа насихаттау туралы айтылып та, жазылып та жүргені рас.

Қазақы қолөнерді дамыту ісіне үлес қосып жүрген Сәуле Қабидулова, Динара Кыпшакбаева және Мұханбетқали Рахалиев

Сол бір берік мақсатты ту етіп, қазақ мәдениетін қадір тұтатын, өңірімізде ұлттық қолөнер түрлерін дамытып, насихаттап келе жатқан жандар аз емес. Олардың асқан шеберлікпен жасалған ғажап туындыларына қарап отырып, шығармашылықтың әлемі қаншалықты шексіз екенін түсіне бастайсың. Қаламыздағы ұлттық қолөнер шеберлерінің шығармашылығын үлгі ете отырып, қазақ қолданбалы қолөнерін насихаттай отырып, жастарды оған баулу мақсатында Қостанай облысының «Qoloner» қолөнершілер қоғамдық қоры Л.Н. Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың өнер бөлімімен бірлесіп арнайы жоба бастаған.

Жоба шеңберінде наурыз айының 12-сінен ақпан айының орта шегіне дейін кітапхананың өнер бөлімінде жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларынан көрмелер ұйымдастырып, артынша қолөнер бұйымдарының авторларымен кездесулер өткізілмек. Неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің: «Человек талантливый, талантлив во всех областях», – деген тамаша бір сөзі бар. Расымен де, шеберлермен әңгімелесе келе олардың бір бағытты ғана ұстанбай, әмбебаптығы мен жан-жақтылығына тәнті болғанымды жасырмаймын. Көрменің, артынша шеберлік сыныптар мен кездесулердің жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалысып жүрген Қостанай облысының «Qoloner» қолөнершілер қоғамдық қорының басшысы Сәуле Кабидулова бізбен әңгімесінде жобаның жоспарларымен таныстырып өтті.

– Қаламыздағы Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапхананың өнер бөлімімен бірлесе отырып, қазақ қолданбалы қолөнерін дәріптеуге бағытталған осындай тамаша бір жобаны қолға алдық. Көрме екі-екі аптадан үш рет жалғасын таппақ. Бірінші екі апта бойы мүсінші, суретші, НЗМ қосымша білім беру педагогі Баян Баталованың керамика бойынша өзінің және шәкірттерінің жұмыстары қойылған еді. Екі апталық керамика көрмесінен кейін, енді киіз шеберлерінің жұмысы көрмені жалғастырмақ. Бұнда, киіз шеберлері Баян Баталованың, Динара Қыпшақбаеваның, Светлана Шалунова және Наталья Шарованың туындылары қойылады. Артынша келесі екі апталық көрме мүсінші, суретші, қолөнер шебері Мұханбетқали Рахалиевтің ағаштан жасалған бұйымдары, домбыраларымен жалғасын таппақ.

Қолөнерші Динара Қыпшақбаева киізден жасалған әшекей бұйымдарын көрсетуде

Көрмеден соң кітапхана оқырмандары, жалпы қазақ өнерінің қадірін білген халық қолөнер шеберлерінің өздерімен де жолығып, қызықтырған сұрақтарын қойып қана қоймай, шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігін алады. Қолөнер саласының қай түрі болса да, адамнан үлкен шыдамдылық пен асқан шеберлікті қажет ететіні бұлтартпас шындық. Сондықтан бұл салаға мойын бұрғандар – бойында қайтпас қайсарлық пен ерік-жігерді жиғандар. Бұл сөзіме жоғарыда есімдері аталған шеберлердің де шүбә келтірмесі хақ.

Тоқыма тоқу, киіз басу, ағаштан, қыштан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау – әрбір сала бір-бір кітапқа арқау болуға әбден лайық. Қыштан бұйымдар мен ыдыстар жасау – күрделі процесс. Жалпы қыш – адамзат тұрмысында алғашқы қолданыста болған материалдар қатарында. Балшықтан түрлі бұйым жасап, оның беріктігін арттыру үшін күйдіру ісі мезолит, неолит дәуірлерінде пайда болып, содан бері тоқтаусыз даму үстінде. Керамикалық дүниелерді жасау ісі – жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие деуге болады. Сазбен және жалпы табиғи материалдармен тактильді байланыс баланың өзін-өзі дамытуына жағымды әсер ететіндігін айтады Сәуле Қабидулова. Қаламызда тек Назарбаев Зияткерлік мектебінде керамика жабдықтары бар екендігі ішті қынжылтатыны рас.

Мұханбетқали Рахалиев домбыраны ерекше үлгіде де жасаған

Ал қазақ халқының көнеден келе жатқан киіз басу өнерін жалғап келе жатқан шеберлердің бәрі де киізбен жұмыс істесе де, әрқайсысының бағыты, жасау технологиясы әртүрлі. Дизайнер Наталья Шарова киізден киімдер топтамасын жасайды. Олардың қатырында: сыртқы киім, шарфтар, киізден жасалған жилеттер бар. Ал Светлана Шалунова сөмкелер, сонымен қатар киізден таңдай қақтырарлықтай суреттер жасап шығарады. Қаламызда киізден суреттер жасайтын басқа да шеберлердің туындылары сурет галереясында қойылған. Олардың әрқайсысы жұмыстың жасалу әдісімен ерекше.
Есімі көпшілікке жақсы таныс қолөнер шебері Баян Жолдыбаеваның да киізбен жұмыс істеуде өз бағыты, әдісі бар. Ол киізден аксессуарлар, әшекейлер, сондай-ақ қуыршақтарды істейді. Ол кісінің шәкірті, бүгінде әріптесі Динара Қыпшақбаева да аксессуарлар, пано жасап, сондай-ақ «Ши тоқумен» айналысады. Бұл технологияда көбінесе интерьер заттары жасалады. Әжелеріміздің көзіндей болған асыл мұраға бетбұрыс «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы енгізілгеннен кейін жасалыпты.

– Ахмет Байұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетін тәмамдадым. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнер мұғалімімін. Оқу орнында сабақ берген ұстазым Баян Жолдыбаевамен бүгінде әріптеспіз. Мектеп ашылған алғашқы күннен бастап осында жұмыс істеймін. Міне, сегіз жылдан асып барады. Республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі көрмелер мен байқауларға қатысып, жүлделі орындармен оралған шәкірттерім де бар. Мәселен, осы кітапхана төрінде ұйымдастырылып отырған көрмеде «Ши тоқу» технологиясы бойынша шәкіртім Назира Кенжебекованың жұмысын әкелдім. Біздің білім ордасында осы «Ши тоқу» бағытындағы үйірменің жетекшісімін. Сондай-ақ киіз басу технологиясымен айналысамын, – дейді Динара Қыпшақбаева. Бүгінде ол киізден әшекейлердің жаңа үлгілері мен алқаларды да жасап, қыз-келіншектерге заманауи бұйымдардың түр-түрін ұсынып отыр.

Ал өңірімізде көпшілік Мұханбетқали Рахалиевті мүсінші, домбыра шебері, қолөнерші ретінде жақсы таниды. Ағамыздың қолынан шыққан туындыларды өңіріміздің түкпір-түкпірінен көруге болады. Ол кісі тоқсаныншы жылдардан бастап қолөнермен айналысып келеді. Шебердің қолынан мүсіншілікпен айналысып бастаған екі мыңыншы жылдардан бері өңірімізге көрік берген 50-ге жуық мүсін шыққан. Танымал туындыларының қатарында Қостанайға кіреберісте қойылған «Қос Тана», «Қобыз» мүсіндерін атап өтуге болады. Қостанай қаласының атауының шығу тарихына қатысты аңыз бойынша эскизін салып, жасаған «Қос Тана» мүсіні – шебердің алғашы жұмысы. Одан бөлек туған жері Торғайдың Қызбелінде Міржақып Дулатұлының атындағы мектептің алдына Міржақып атамыздың бюсті қойылған.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қолөнер шебері әртүрлі бағытта шеберлігін арттырудан жалыққан емес. Суретшілікті де ұмыт қалдырмай, карикатура жанрында 30 жылға жуық уақыт істеп келеді. Ал домбыра жасау ісінде көпшілік Мұханбетқали ағаның жұмыстарын шеберлігі мен тиянақтылығы үшін жоғары бағалайды.

– Домбыра жасауды 1999 жылдан бастадым. Сол жылдары домбыра әр шаңырақта болмағандықтан сұраныс та жоғары болды. Қолымнан шыққан домбыраларымды 3000-ға дейін санап, артынша санауды доғардым. Домбыраны істеген соң, қобызды да істеп көрмек ниетпен қазақтың көненің көзіндей болған музыкалық аспабы қыл қобызды жасауды бастадым. Қобыздың 10-ға жуығы қолымнан шықты. Кейін қазақ мәдениетінің ажырамас бөлшегі сандық пен бесік жасауға кірістім, – дейді ағаштан түйін түйген шебер Мұханбетқали аға. Жалпы ағаштан тұрмысқа қажет бұйымдардан бөлек ыдыс-аяқ, күбі, тіпті қуыршаққа дейін жасағанын айтады.

Домбыра шебері Мұханбетқали ағаның жұмыс барысы

«Қос Тана» мүсіні. Идея авторы – М.Рахалиев

Шебердің кәсіби және өмірлік тәжірбиелері негізінде жазылған «Суретім менің – құдіретім» атты кітабы бар. Жастарға бағытталған кездесулерге де үнемі қатысып, қызықтырған сұрақтарына жауап беруден жалыққан емес. Мәселен, жақында Қостанай қаласындағы «Западный» кітапхана-филиалында «Халық мәдениетінің көркемдігі» жобасы аясында «Ағаштан түйін түйген шебер» тақырыбында Міржақып Дулатұлы атындағы КИнЭУ кәсіпкерлік колледж студенттерінің қатысуымен шеберлік сағат өткен болатын. Бұндағы мақсат, әрине, жастар арасында ұлттық өнерді насихаттау.

– Әрбір халықтың негізі – тілі мен мәдениеті болса керек. Сол себепті ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды ұмыт қалдырмау жолында үлес қосып келеміз. Бұл жолда жастарымыз балалардан мұра болып келе жатқан рухани құндылықтан ажырап қалмаса екен деген тілегіміз ғана бар, – дейді халқымыздың саф өнерін жалғап жүрген Мұханбетқали Рахалиев.

Қолөнершілер қоғамдық қорының басшысы Сәуле Қабидулова қазақ қолданбалы қолөнерінің ұмыт қалмауы үшін осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрудың маңызын алға тартты. Айтуынша, ықылым заманнан жеткен қолөнеріміз біздерге таңсық дүние сияқты болмауы керек. Оны жастар көріп, біліп өскені абзал. Бұл – ұлттық тұтастығымыздың, мәдениетіміздің белгісі. Бүгінде халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қолөнері қайта жанданып, кемел қалпына келе ме деген үміт бар. Себебі қызығушылардың қатары аз емес көрінеді. Ынтасы барлардың басын қосып, өнердің қыр-сырын үйретуге де даңғыл жол ашылып отыр.

– Сәуір айынан бастап киіз басуды, жалпы киізбен жұмыс істеуді үйренгісі келетіндерге арнап курс ашпақпыз. Дегенмен қатысушылар өнердің бұл түрімен шындап айналысып, тіпті болашағын байланыстырғысы келетін жандар болуы керек. Оларға жоғарыда есімдері аталған қолөнер шеберлері сабақ беретін болады. Курс барысында біз декорға арналған панноларды, сондай-ақ сөмкелер мен қызғалдақтарды киізден жасауды үйретеміз. Оқыту тегін, бірақ қазақ қолданбалы өнерінің бұл түрін меңгергісі келетіндер шығын материалдарын өздері алулары керек болады. Оқыту аяқталған соң олар «Qoloner» шеберлерімен бірлесіп жұмыс істеп, үйренген ісіне адал болуға міндеттеледі, – деп атап өтті Сәуле Кабидулова.
Облыстық қолөнершілер қоғамдық қорының басшысы өз сөзінде алдағы уақытта қаламызда «Қазақ өнері» атты қолөнершілер орталығын ашуға қатысты жоспарымен бөлісті. Бұл бастама облыс әкімінің қолдауына да ие болған. Ендігі кезекте ғимараттың бекітілуі күтілуде. Бұл орталық қолөнер шеберлерінің қолдауымен қазақ қолданбалы өнерін дәріптеу ісіне қосылған үлкен үлес болмақ.

Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.