Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Шығармашылықтың сырлы сәттері» атты экспозиция ұйымдастырылып, көрмеге А.И. Никифоров атындағы көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары қойылды.
Кескіндеме, графика және көлемді композициялардан құралған туындылар жас авторлардың өнерге деген өзіндік көзқарасын, ізденісі мен қабілетін көрсетті. Барлығы 93 шығармашылық жұмыс көрермен назарына ұсынылды, оның 72-сі – кескіндеме туындылары. Сонымен қатар ермексаз мен қағаздан жасалған жұмыстар да экспозициядан орын алған. Көрмеге қойылған еңбектердің басым бөлігі кенепке майлы бояумен салынған картиналар мен графикалық композициялардан тұрады.
Бір-біріне ұқсамайтын көркемдік шешімдер көрмеде керемет үйлесім тапқан. Классикалық жанрлармен қатар заманауи бағыттағы шығармалар да бар. Кейбір композициялар бірнеше қабаттан құрастырылып, кеңістіктік тереңдік әсерін тудырады. Ал графикалық туындыларда ұлттық нақыш пен халықтың дүниетанымы көркем бейнелер арқылы өрілген. Әсіресе қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын бейнелейтін жұмыстар ерекше назар аудартады. Домбыра, қымыз құятын тостаған секілді ұлттық бұйымдар арқылы жас суретшілер төл мәдениеттің ерекшелігін жеткізуге тырысқан. Мұндай туындылар өскелең ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығы мен құрметін де аңғартады.
Көрмеге қойылған жұмыстардың саны мен мазмұны туралы музей қызметкері Дина Өміржанова бөлісті. Айтуынша, экспозицияға әртүрлі техникада орындалған 93 жұмыс енгізілген. Олардың басым бөлігін кескіндеме туындылары құрайды. Қалған жұмыстар ермексаз бен қағаздан жасалған шығармашылық композициялардан тұрады. Әр жұмыстың артында автордың жеке ізденісі мен ұзақ еңбегі жатыр. Әсіресе дипломдық жобалар жас суретшілердің белгілі бір тақырыпты өз бетінше зерттеп, оны көркем тілде жеткізе алатынын көрсетеді. Бірнеше жылдық білім мен тәжірибенің нәтижесін көпшілік назарына ұсыну – жас авторлар үшін маңызды кезең.
Қонақтардың арасында өз жақындарының шығармашылығын тамашалаған жандар да болды. Солардың бірі – Төлеген Байболов. Ол немересінің туындысы музей экспозициясынан орын алғанын алдын ала білмегенін айтып, қуанышын жасырмады. «Бұл керемет картинаның авторы – менің немерем. Шынымды айтсам, дәл осы туындының көрмеге қойылатынын білмедік. Немеремнің еңбегін көріп, қуанышымда шек жоқ. Ол тоғыз жасынан бастап екі жыл бойы сурет салудың қыр-сырын үйреніп, кейін осы өнермен кәсіби түрде айналыса бастады. Күні бойы уақытын арнап, бар ынтасымен, табандылықпен еңбектенді», – дейді ол.
Баланың бойындағы қабілетті байқап, оны кәсіби деңгейде дамыту – көркемдік білім берудің негізгі міндеттерінің бірі. Көркемсурет мектебінде оқушылар тек сурет салу техникасын меңгеріп қана қоймай, композиция құруды, түстер үйлесімін табуды, бейнелердің мазмұнын ашуды және өзіндік көркемдік шешім қабылдауды үйренеді. Бұл жөнінде А.И. Никифоров атындағы көркемсурет мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Александр Рерих те пікір білдірді. Айтуынша, мектеп түлектерінің шығармашылық жұмыстары көп болғанымен, олардың барлығын бір экспозицияға орналастыру мүмкін емес. Сонымен қатар өнерге қызығушылық танытып, мектепке оқуға түсуге ниетті балалардың саны да аз емес.
Мектепте оқушылар 9 жастан 18 жасқа дейін қабылданады. Жыл сайын сурет өнерін меңгеруге жүзден астам бала қызығушылық танытады. Ал өткен жылы оқу орнын 98 оқушы тәмамдаған. Бұл көрсеткіш балалар мен жасөспірімдер арасында бейнелеу өнеріне деген сұраныстың бар екенін аңғартады. Маманның сөзінше, түлектердің дипломдық жұмыстары – бірнеше жыл бойы жинақталған білім мен тәжірибенің нәтижесі. Оқушылар өздері таңдаған тақырып бойынша ізденіп, оны белгілі бір көркемдік тәсіл арқылы жеткізеді. Сондықтан әр туындыдан автордың жеке қолтаңбасы мен шығармашылық ерекшелігін байқауға болады.
Жалпы, мұндай көрмелердің маңызы тек жас суретшілердің еңбегін көпшілікке таныстырумен шектелмейді. Олар балалардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ музей кеңістігі жас авторлар мен көрермен арасындағы рухани байланысты нығайтып, өңірдің мәдени өмірін жандандыруға ықпал етеді.
«Шығармашылықтың сырлы сәттері» көрмесі – жас буынның өнер әлеміне жасаған алғашқы маңызды қадамы. Әрбір туындының артында табандылық, ізденіс пен тынымсыз еңбек тұр. Ал бүгін көрермен назарына ұсынылған жұмыстар ертең кәсіби жолын таңдайтын жаңа есімдердің қалыптасуына негіз болуы әбден мүмкін.
Аружан ҚАМБАРОВА
Для меня счастливо сплелись преподавание русского языка и литературы в школе и возможность проявить себя в журналистике. Работая со словом, я на страницах газеты могу выразить свои мнения, размышления, впечатления, поделиться достижениями коллег, учеников. Освещаю активную профсоюзную деятельность в образовательной сфере города Рудного. С удовольствием пишу и о спортивных мероприятиях, потому что сам неравнодушен к спорту. И очень приятно, что мои творческие порывы находят признание и в редакции, и у читателей «Учительской плюс».
Как говорил Ахмет Байтурсынов, «изначально газета – глаза народа, его уши и язык. Как человеку необходимы глаза, уши и язык, так и народу нужна газета». В этом смысле считаю газету «Учительская плюс» одним из передовых изданий нашей области. Потому что здесь не только учителя, но и ученики, студенты, а также их родители могут найти самую необходимую информацию. А для учителей в особенности «Учительская плюс» является платформой для развития профессиональных навыков и обмена опытом.