«Не красота вызывает любовь, а любовь заставляет нас видеть красоту», – деген Лев Толстойдың сөзін білмейтін адам кемде-кем шығар. Соған ұқсатып, «махаббат» сөзінің орнына «талант» сөзін қолданар болсақ, бүгінгі кейіпкерімізге сай айтылған болар еді.
Иә, «талант сұлулықты көруге итермелейді». Олай деуіміз де тегін емес. Табиғаттың ең жақсы суретші екені рас. Ал, бір қарағанда қарапайым болып көрінген дүниеден сұлулықты байқауға бейім әрі қолынан іс келетін адамның ықпалы қосылғанда тамаша бір өнер туындысы дүниеге келуі әбден мүмкін. Қоршаған ортадан «сұлулықты» көру қабілеті екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Қостанай ауданына қарасты Тобыл кентінің тұрғыны Байбатыр Жакупов сондай жандардың қатарынан.
Көрнексіз дүниеден потенциал байқап, «екінші өмір» сыйлап жүрген шығармашыл ағамыздың үйі алыстан менмұндалап тұр. Қоршауының өзі қазақы киіз үйге икемделіп жасалған. Кез келген адам айтпай таниды: қызыл түсті кереге – қоршаудың негізі болса, оның үстіне орнатылған ақ шаңырақтан екі жаққа уықтар тарайды. Қарапайым дүниелерге мән беруді кейіпкеріміз өмірлік ұстанымына айналдырған. Қолынан шыққан туындыларының әрқайсысы белгілі бір мағынамен үндес. Фотосуретке зер салсаңыз, Байбатыр ағаның қолында ұстап тұрған қобдиша бірден көзге түседі. Бұл – шебердің жақында аяқтаған жұмысы. Идея авторы да өзі, еш жерде аналогы жоқ.
– Соғыс пен бейбітшілік тақырыбы – қашан да өзекті. Әлемде болып жатқан соңғы жағдайлар осы туындыны жасап шығаруға сеп болды. Байқасаңыз, қобдишаның ішінде үндістер қолданған жауынгерлік балта – томагавк пен «бейбітшілік түтігі» деген атқа ие үндістердің дәстүрлі темекі шегу түтігі орналасқан. Айта кету керек, томагавк көптеген үнді тайпаларының мәртебе мен әскери күшінің символы болды. Тарихта бұл жауынгерлік балта қарсылық пен әділеттілік үшін күрестің белгісіне айналды. Ал, «бейбітшілік түтігі» болса – қасиетті жәдігер, бейбітшілік пен келісімнің символы саналады, – дейді Байбатыр Мағауяұлы. – «Отан – отбасынан басталады» демей ме. Шағын мемлекет сол отбасы ішінен, барлық жерде бейбітшілік пен келісім орнасын деген ниетпен жасалған қобдишаны жақсылық тілейтін кез келген адамға сыйлыққа ұсынуға болады. Отбасының шаңырағы берік, мықты болса, мемлекеттің де іргетасы мығым.
Айналасына шығармашылықпен зер салып жүретін Байбатыр Жакупов басқалар қажетсіз деп санаған дүниелерден ерекшелік байқап, шеберханасына әкеліп, «екінші өмір» сыйлайтын әдеті бар. Солардың бірі – ұлы Ильястың 35 жас туған күніне арнап дайындаған сағат. Бастапқыда бұның жай ғана жерде жатқан ағаш қиындысы болғанына сену қиын.
– Көлденеңінен кесілген ағашты байқап қалдым, бір жақ шетінде өзіне тән жарылған тұсы бар екен. Оның осы ерекшелігін өзгеріссіз қалдырып, тек жаңаша сипат, мән сыйлауды жөн көрдім. Ұлым Кеңес Одағы тұсында, 1986 жылы дүниеге келіп, тәуелсіз Қазақстанда ер жетті. Сондықтан да тарихи мән беріп, ағаштың жарылған тұсында екі жақтан 19 және 91 деп Кеңес Одағының ыдыраған жылын белгілеп, КСРО-ның символикасын соның арғы жағына, ал бергі жағына Қазақстанның туын бейнеледім. Ал, туындының өзі уақытты көрсетіп тұр. Түсіне білген адамға бұның өзінде үлкен мағына бар, – дейді Байбатыр Мағауяұлы.
Сағаттың астындағы балтаны да ұлына сыйға тартқан. Бастан-аяқ шебердің қолынан шыққан. Металдан жасалған балтаның негізгі бөлігінде зер салып қарасақ, «ЭIС» логотипі бейнеленген. Авторы Байбатыр ағаның айтуынша, логотиптегі «Э» – үлкен немересі Эмир, «С» – екінші немересі Сұлтанның есіміндегі басқы әріптері. Екеуін таяқтың екі жағына қойғанда «Жакупов» тегін білдіретін «Ж» шығады. Оның жоғарғы жағындағы тiк екi сызықты (II) қатар жатқан екi пышақтың белгiсi – қыпшақтардың рулық таңбасы.
Бәрінен бұрын Байбатыр Мағауяұлы ағашпен жұмыс істегенді ұнатады. Орманда табылған бір қарағанда пішінсіз ағаштан ертегінің бейнесін көріп, оған толық сипат бере алады. Тіпті, жиһаз жасау да қолынан келеді. Ұлттық нақыштағы дүниелердің ішінде шебердің ерекше махаббаты – сандықтар. Мысалы, фанерадан қазақы ою-өрнек ойылған үлкен сандықты немересі Марияшқа арнап жасаған, ал әшекей-бұйымдар салуға арналған көлемі кішірек қобдиша – келініне сыйлық. Шебердің қолынан шыққан тағы бір ерекше мәнді дүние – өткен мен бүгінгіні жалғайды. Оны немересі Сұлтанға арнап ағаштан жасаған.
– Бұл жұмыста бәрі бар. Алтын адам, домбыра және бәйтерек – тәуелсіз еліміздің символдары. Ал, шаңырақтан биік ештеңе жоқ болғандықтан, оны жоғарғы жағында орналастырдым. Оң жақ қырында немерем біліп жүрсін деген ниетпен «жеті атасын» қашап жаздым. Бұнда да жоғарыда айтқан балтадағыдай, «ЭIС» логотипі бейнеленген. Осы шағын ғана кәдесыйда үлкен ақпарат жатыр. Артқы жағында «бір бөлмелі үңгір тапсырылды» деген жазуы бар, бұл да тарихымызға сілтеме. Бұның бәрі немеремнің өткеніміз бен бүгінімізді ұмыт қалдырмай, біліп жүрсін деген оймен жасалған, – дейді Байбатыр Жакупов.
Бүгінде қолөнерге қызығушылық танытқан жастарды да бағыттап, осы іске баулып жүр. Қыс бойы аптаның әр сенбісінде аутизмі бар 14 жасар баланы анасы әкеліп тұрған. Баланың бойында ағаш оюға деген қызығушылықты байқап, оның дамуына ықпал еткен. Нәтижесінде шебердің тікелей бас-көз болуымен ол өз қолымен орындық жасап, оны әжесі мен атасына сыйлаған. Бұл – үлкен жетістік. Ал, соңғы екі жылдан бергі сенімді серігі әрі шәкірті – Қостанай ауданындағы №1 Затобол мектебінің 9 «А» сынып оқушысы Влад Беленьков. Байбатыр аға оның қолөнерге деген икемі мен қабілетін жоғары бағалайды.
– Қыста досым екеуміз қарт кісілерге үйінің ауласын қардан тазалауға көмектескен едік. Сонда Бәке ағаның қар тазалап жүргенін көріп, қолғабыс еттік. Сол кезде таныстық. Көмегімізге алғыс ретінде маған ұялы телефонға подставка, ал досыма етік сыйға тартты. Бәке ағаның ісіне қызыққаным соншалық, келесі күні-ақ қолөнер бұйымдарын жасауды үйренуге келдім. Бастапқыда орындық жасап шығарсақ, ендігі кезекте жұмысымыз күрделене түсуде – балық аулауға арналған пышақ жасамақшымыз. Осы уақытқа дейін біраз нәрсені біліп үлгердім, әлі де үйренерім көп, – дейді Влад.
Шебердің шығармашылығына табиғат шабыт сыйласа, оны іске асыратын жері – шеберханасы. Құрал-саймандары қабырғада асқан тиянақтылықпен, қаз-қатар тізілген. Әрқайсысының өз орны бар. Қалаған уақытында тарсылдатамын десе де, дарылдатамын десе де өз еркі. Осыдан 7 жыл бұрын үш бөлмелі пәтерін туған апасына беріп, осы жер үйге көшіп келуінің себебі де осы: шығармашылық еркіндікке деген ұмтылыс.
– Бұл үйдің кірпішін әкем өз қолымен қалаған. Сондықтан, туған жеріме қайта оралдым десем болады. Махатма Ганди айтқан ғой: «Ғалам сіздің табалдырығыңыздан басталады», – деп. Әкемнен қалған осы шаңырақтың мен үшін маңызы зор, – дейді Байбатыр Мағауяұлы. – Әкем майдангер болған адам, үш соғысты өтті. Төрт жыл бұрын әкемнің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатпақ ниетпен облыстық әкімдікке хат жаздым. Бастапқыда рұқсат берілмеді. Кейін әкімнің қабылдауына жазылып, мән-жайды түсіндірдім. Ақыры ресми түрде рұқсат алып, ескерткіш тақта ілінді. Әкемнің портреті, марапаттары мен қолданған заттары, сыйлыққа алған сағаттары сақтаулы. Соларға бір бұрыш арнау ойда бар.
Байбатыр ағаның үйіндегі сөрелер Пушкин, Достоевский, Шолохов, Чехов, Булгаков, Бельгер сынды бір топ қаламгерлердің көркем шығармаларына толы. Бос уақытында кітап оқиды, анасының көзіндей болып қалған «Подольск» қол машинасымен тігін де тігеді.
– Шамамен, 5-сыныптан бастап көлөнерге қызығушылығым ояна бастады. Сол кезде тігуді үйрендім. Тарих сабағын оқи бастағанда, қалың қабырғаларды оңай қиратуға қауқарлы тасатқыш (камнемёт) туралы естіп, дәл осы үйдің ауласында алғашқы тасатқышымды жасап едім. Сол кезде бір қызығы – қолымнан іс келетінін ешкімге айтпай, жасырын түрде істейтінмін. Онда қазіргідей балаларды дамытатын үйірмелер болмады. Бойдағы қабілетті тұмшаламау қажет. Сондықтан, қолөнерге қызығушылық танытқан жастарды көргенде бойда бір үміт сәулесі пайда болады, – дейді қолөнер шебері. Өз кезегінде, Байбатыр аға ынтасы бар жастарды үйіріп алып, өнердің қыр-сырын үйретуге әркез әзір.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.