Жақында Ақтау қаласында 8-11 сынып оқушылары арасында X Республикалық «Ақберен» өнер байқауы өткен-тін. Еліміздің барлық өңірлерінен 132 оқушы қатысқан дарындылар додасында біздің Қостанай облысының атынан барған үздіктер абыроймен өнер көрсетті.
Байқау алты номинация бойынша өткізілді: «Шешендік өнер, білгірлік сайысы» (қазақ тарихы, мәдениеті, фольклоры туралы сұрақтарға жауап беру, шешендік өнер тарихын білу, шешен сөйлеу); «Көркемсөз оқу» (поэзия, проза, драма); «Эссе жазу»; «Ұлттық аспапта өнер көрсету» (домбыра, қобыз, жетіген және т.б.); «Ақындар айтысы»; «Ақындар мүшәйрасы». Соның ішінде «Ақындар айтысы» номинациясында Арқалық қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Рагат Нұрислам, ал «Ақындар мүшәйрасы» номинациясында облысымыздың намысын республикалық деңгейде қорғаған Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Арман Амиров жүлделі бірінші орынды иеленді. Жас ақын Арман Жомартұлымен арадағы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Жеңісіңіз құтты болсын! «Ақберен» республикалық байқауына алғаш қатысуыңыз ба? Бұған дейін қандай өнер додаларында бақ сынадыңыз? Нәтиже қалай болды?
– Құттықтауыңызға рақмет. Иә, «Ақберен» республикалық байқауына алғаш қатысуым. Бұған дейін облыстық «Абай оқулары» байқауында жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Қарсыластарым осал болмады. Шешуші кезең нәтижесі бойынша «Көрермен көзайымы» көтермелеу грамотасына ие болдым.
– Аталмыш байқауда сіз «Ақындар мүшәйрасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атандыңыз. Қарсыластарыңыздың дайындық деңгейлері қандай болды? Жақсы тәжірибе жинадым деп айта аласыз ба?
– Әрине, республикалық деңгей болғандықтан, бұл сайыста ақындардың қаймағы жиналды деуге болады. Әрқайсысының дайындығы мықты, бәсекелестік жоғары болды. Сайыскерлердің бірнешеуімен Ақтауға дейін жолаушы болып бардық. Бұл да ерекше таныстық болды. Неге десеңіз, жол бойы бір-бірімізге өлеңдерімізді оқып, ақындық қабілеттерімізге қатысты ой-пікірімізді білдірдік. Расында кіл мықтылар бас қосқан сайыс болды деп бағалай аламын.
– Поэзия бағыты бойынша қатысушыларға қандай талаптар қойылды? Қай өлеңіңізді оқыдыңыз?
– Негізінен басты талап – өлең жазу техникасы ғой. Өлең тармақтарындағы аяққы сөздердің дыбыстас естілуі, яғни ырғағы мен ұйқасының қалыпқа түсуі, шумағы мен бунағының белгілі тәртіпке бағынуына қарай, жалпы тілмен айтар болсақ ақынның жазу стиліне қарай өлеңнің табиғаты бағаланды. Жас ақындардың көтеріп жүрген өзекті мәселелері де назарға алынды. Байқауда мен «Көреген» деген өлеңімді оқыдым.
«Алаңдаумен күткенде аппақ таңымды,
Үміт, сенім ақталмаса жанға ауыр
Тамырыңнан тамшылатқан қаныңды,
Ой – жүректі тілгілеген қандауыр
Өзегімді өртегенде өлең-от,
Арпалыссам арым үшін, алыстым,
Адамдардың әлемінен көрем деп
Тек ақ сәуле мөлдірлігін ғарыштың
Еш пендеге көрген жоқпын кектеніп,
Жамандығын елемеуге тырыстым
Сәттің бәрі сәулелі екен деп келіп,
Бал жұтамын деп жүргенде у іштім
Ақ тілеулі сезімімді аршып ап,
Көзімді аштым, бір шуаққа жылынып
Қайта тұрдым өз-өзімді қамшылап,
Қалғымайтын үміттерге ілініп
Жегі құрттай жеп өзіңді жүдеуге
болмайды, ол – санаға күш, сор арту,
Бір минуттық ашулану біреуге –
60 секунд бақытыңды жоғалту».
– Жалпы ақындық өнерге бейіміңіз қай жасыңызда байқала бастады? Жиі өлең жазып тұрасыз ба?
– Өлең жазуға деген құштарлығым алты жасымда оянды. Анам үйге пеш жағуға газет алып келетін. Бір күні газеттің бір бұрышында Мұқағали Мақатаевтың «Шыда» деген өлеңін көріп қалдым. «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, / Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге» деп келетін жолдары бар бұл өлең бір оқығаннан ұнап қалды. Газеттің сол бұрышын сақтап қойып, оны жаттап алдым. «Мен де жаза алатын шығармын» деген оймен өлең жазуға қызығушылығым оянды. Кейінірек, 12-13 жасыма қарай, жетекшіммен бірге өлең табиғатын түсініп, техникасын талдауды, дұрыс ұйқастыруды үйрендім. Өлеңді жазуға келер болсам, еркімнен тыс біреу маған тақырып беріп, «жаз» дегенде жаза алмайды екенмін. Басымнан белгілі бір оқиға өтсе не болмаса шабытым оянған кезде ғана жазамын. Бұл да шығармашылық еркіндік болса керек.
– Жетекшіңіз өңірімізге танымал айтыскер ақын Салтанат Амантайқызы екенін білеміз. Жас ақынға тәжірибелі тәлімгердің көп көмегі тиген болар?
– Әрине, жетекшім Өтелбаева Салтанат Амантайқызы мені бесінші сыныптан бастап шәкірті етіп алды. Ол кезде сол ақындық үйірмесіне қатысып жүрген балалардың арасында ерекшеленген болармын, бәлкім. Кейінірек Салтанат апай өлең жазу техникасын, табиғатын, ұйқас түрлерін де біртіндеп үйретті.
– Өзіңіздің үлгі тұтар ақын-жазушыларыңыз бар ма?
– Әрине, ең алдымен, дана ақын Абай Құнанбайұлы және өзім махаббат поэзиясына жақын болғандықтан Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы жақын. Ал орыс поэзиясынан Владимир Маяковский мен Сергей Есенинді оқимын. Осы алып тұлғалардың шығармашылығын қайта-қайта оқуға бармын.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында әлі сиясы кеппеген бір өлеңіңізді арнасаңыз.
– Жақында Ақтауға ұсынған бір өлеңім бар еді «Тәуелсіздігім» деген. Сол өлеңді қабыл алыңыздар.
«Жайдары жаздың күніндей қимаған күзге,
Талайлар кетті қыршыннан қиралаң ізбен.
Тәуелсіздіктің бастауы – Желтоқсан желі,
Екпініменен елдікті сыйлаған бізге!
Елім деп соққан жүректің жара шақтары,
Тарихта түгел жазылған қарасақ бәрі.
Езгіге ешбір тапталмай тапса екен жолын,
Егемен елдің ертеңі, болашақтары!
Рухты батырларымның есімі ерен,
Тәуелсіз елдің тербелем бесігінде мен.
Қырандай көкке қалықта қанатың талмай,
Қазақ деп әлем таныған есіміңменен!!!»
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Биіктерден көріне беріңіз!
Жамал ШАУКЕН
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.